БАС ИМАМ «РАХЫМҚЫЗЫ РАИСА АНА» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ӨТКІЗДІ

26 маусым 2026 118 0
Оқу режимі

Бүгін қасиетті жұма күні Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы Сарыарқа ауданындағы «Рақымқызы Раиса ана» мешітінде жұма намазын өткізіп, жамағатқа «Неке – салауатты өмірдің берік негізі» тақырыбында уағыз айтты.

Уағыз барысында бас имам отбасы институтының қоғамдағы маңызына тоқталып, неке – тек екі адамның арасындағы келісім емес, Алланың алдында алынған жауапты аманат екенін жеткізді. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар арасындағы өзара құрмет, мейірім, сабыр мен жауапкершілік берекелі отбасының басты тірегі екенін атап өтті.

«Неке – мұсылман өміріндегі ең қасиетті құндылықтардың бірі. Берік отбасы өзара құрметтен, жауапкершіліктен және Алла разылығы үшін жасалған ізгі қарым-қатынастан басталады. Отбасын сақтау – әрбір мұсылманның маңызды міндеті», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Сонымен қатар бас имам жастарды неке мәселесіне жеңіл қарамауға, ата-ананың ақ батасын алып, отбасы өмірін ислам құндылықтары негізінде құруға шақырды. Сондай-ақ бала тәрбиесінде ата-ананың өнегесі мен көркем мінезінің шешуші рөл атқаратынын айтып, қоғамдағы береке мен тұрақтылықтың бастауы – берік отбасы екенін жеткізді.

Жұма намазы соңында елдің амандығы мен бірлігіне, отбасының тыныштығы мен берекесіне дұға жасалды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру