БАС ИМАМ: «ДІНДІ КӨРКЕМ ЖЕТКІЗУ – ЖАМАҒАТТЫҢ ЫҚЫЛАСЫН АРТТЫРАДЫ»
Бүгін қасиетті жұма күні Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы жұмыс сапарымен Сарыарқа ауданына барды. Аудандағы төрт мешіттің бірі «Рақымқызы Раиса ана» мешітінің тынысымен танысып, жамағатпен жүздесті. Мешіт имамы Қалижан қажы Заңқоев құлшылық үйінің жалпы тыныс-тіршілігін баяндап өтті.
Кейін аудан имамдарына арналған жиында Бас имам негізінен Алла разылығына апаратын амалдар төңірегінде ой қозғап, дін қызметкерлерінің қазіргі қоғамдағы жұмысын жетілдіретін бағыттар жайында айтып өтті.
«(Уа, Мұхаммед!) Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ (Алла жолында) күресу (немесе сөз таластыру) керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда», – делінген Құранда («Нахыл» сүресі, 125-аят).
Дінді жеткізуде біліммен қатар, сөздің жұмсақтығы мен адамның әдептілігі де маңызды. Насихаттың мақсаты – жеңу емес, жүректі ояту. Біз біреудің қателігін көрдік пе, оны айыптамайық. Керісінше, Аллаға жақындатайық.
Пайғамбардың насихат әдісі қалай еді? Жұмсақтықпен, көркем мінезбен әрекет етті. Насихат айтқанда әр адамға сол адамның деңгейінде айту керек.
Жастарға – түсінікті тіл, сенім. Ақсақалдарға – құрмет. Зиялы қауымға – дәлел. Діннен алыстаған адамға – сабыр мен жанашырлық.
Кейін әлеуметтік желідегі насихат мәдениетіне көңіл бөлейік. Мақсатымыз танымал болу емес, пайдалы болу. Шынайы ықылас, жауапкершілік және көркем әдеппен іс қылатын болсақ, онда жетістікке жетеміз», – деді бас имам.
Кездесу барысында аудандағы мешіттердің жұмысын жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. Қала бас имамы мұндай кездесулердің пайдалы әрі маңызды екенін айтып, аудан имамдарының жұмысына сәттілік тіледі. Еске салайық бүгінгі кездесуге Сарыарқа ауданындағы төрт мешіттің имамдары қатысты.








Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі