БАӘ елшісі Астананың тұрмысы төмен отбасыларына 100 тігін машинасын сыйлады (ФОТО)

16 тамыз 2018 8559 0
Оқу режимі

Сондай-ақ, машиналар тігін мен пішуді үйренгісі келетіндерге де сыйланды.

Астана қаласы әкімдігі мен Біріккен Араб әмірлігі елшілігі халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға 100 тігін машинасын сыйға тарту етті, деп хабарлайды BNews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Астана әкімдігі Біріккен Араб әмірлігі елшілігімен бірлесіп, бірқатар шараларды іске асыруда. Соның бірі "Өндірісті отбасы" қайырымдылық жобасы. Халықтың әлеуметтік осал тобының адамдарын қолдау үшін Біріккен Араб әмірлігінің Төтенше және өкілетті елшісі доктор Мұхаммед Ахмед Әл-Жабир мұқтаждарға 100 тігін машинасын сыйға тартты. Ұйымдастырушылар сыйға берілген машиналар үлкен пайда әкеледі деп үміттенеді. 

"Астана әкімдігі көмекке мұқтаж санаттағы адамдарды анықтады. Әрбір мекеме тізімді жасақтады. Заманауи тігін машиналары мешітке, Дін мәселелерін зерттеу орталығына, дағдарыс орталығына жүгінетін қыз-келіншектерге берілді. Сондай-ақ, машиналар тігін мен пішуді үйренгісі келетіндерге де сыйланды. Болашақта бұл олардың өз ісін ашып, жағдайларын жақсартуға септігін тигізуі де мүмкін", - дейді қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин. 

Алмахан Қабдыраштың тігінмен айналысқанына 5 жыл болды. Оның айтуынша, енді алатын тапсырысының саны мен сапасы көбейіп, табысы да арта түспек. 

"Біз көрпе-төсек, жайма жамылғыларын тігеміз. Жаңа машина сатып алуға ақша болмағандықтан көп мөлшерде тапсырыс қабылдамайтынбыз. Қолмен көп нәрсе тындыра алмайсың ғой, оның үстіне көп уақыт алады. Ал енді тапсырысым көбейе түседі деп үміттенем. Қуанышымда шек жоқ. Меценаттарға пайдалы сыйлық жасағаны үшін алғысымды білдіремін", - деді Алмахан Қабдыраш. 

Айт кетейік, жастар мен әйелдерді ары қарай өз ісін дамыту үшін Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Халықты жұмыспен қамту орталығы тігін мен киім пішуді үйрететін тренингтер мен мастер-кластар ұйымдастыратын болады. 

Астанада 2018 жылдың басынан бері Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шеңберінде Халықты жұмыспен қамту орталығы 700 адамды қысқа мерзімді кәсіби оқытудан өткізді, оның ішінде жұмысқа тұрмаған жастар да бар. Қазіргі таңда 333 адам оқытудан өтіп жатыр (аспаз – 24, шаштараз – 48, тігін – 44, ерлер тігіншісі – 41, наубайшы – 22, касса бақылаушысы – 17, тәрбиеші – 17, администратор – 3, маникюр шебері – 25, кондитер – 25, сауда менеджері – 8). 

Оқыту кезінде ай сайын 16 759 теңге көлемінде стипендия төленеді. Оқуды сәтті аяқтаған соң куәлік пен біліктілік беріледі, жұмысқа тұруға және жаңа кәсіп меңгеруге көмек көрсетіледі. 

29 жасқа дейінгі кез келген жұмысқа орналаспаған азамат кәсіби оқыту бойынша тегін курсты келіп оқып, өзі қызығатын саланы таңдап, өзін өзі дамыта алады.

Сонымен қатар, кешкі уақытта да жастарды кәсіби оқытудан төмендегідей сұранысқа ие мамандықтармен оқыту жоспарланып отыр: мобильді қосымша әзірлеуші, киберқауіпсіздік саласындағы маман, анимация және видеографика, автоэлектрик, әлсіз токты жүйелер монтажнигі (домофон жүйесіне қызмет көрсету), КИПиА слесарі (бақылау-өлшеуіш құралы және автоматизация), лифтер, Д санатының жүргізушісі (В, С, Д1 санаты құқығы бар жүргізушілігі болуы міндетті), массажист (медициналық білімі болуы міндетті). 

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен толығырақ prz.enbek.gov.kz сайтынан танысуға болады. 

Пікірлер Кіру