«Әзірет Сұлтан» мешітіндегі жазғы сауат ашу курсы басталды (ФОТО)

28 мамыр 2018 10526 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады. 7 мен 15 жас аралығындағы 300 оқушы енді үш апта бойы еліміздің Бас мешітінде діни сауат жетілдіріп, жазғы демалыстарын пайдалы өткізетін болады. Осы орайда мешіт ұстаздарының мәжілісінде бекітілген оқу жоспарына сәйкес өткізілетін Құран әліппесі мен Имандылық әліппесі, Әдеп және Дұға сабақтары бүлдіршіндердің діни білім алып қана қоймай, тәрбие мен әдептілікті бойына сіңіріп шығуына септігін тигізетін болмақ.

«Имани жаз» деп аталатын бұл игі шараның басталуына орай бүгін арнайы ашылу салтанаты болып өтті. Шара аясында «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев құттықтау лебізін білдіріп, бүлдіршіндерге сәттілік тіледі. Ал, Бас мешіттегі оқу-ағарту жұмыстарына жауапты наиб имам Қанат Қыдырмин ата-аналар мен оқушыларға биылғы жазғы сауат ашу курсының ерекшеліктері жайлы түсіндіріп өтті. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имам Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биылғы жылы жазғы лагерьге қабылданатын балалар саны көбейіп, сондай-ақ арнайы оқу ережесі мен бағдарламасы бекітіліп отыр. Бұған қоса, жастар үшін жадынама жасалып, білім беру жүйесінің жаңа деңгейін қалыптастыруға күш салынуда.

Үш аптаға созылатын «Имани жаз» аясында оқушылар арасында түрлі білім жарыстары мен сурет сайыстарын ұйымдастыру да жоспарланып отыр. Оқушылардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, таным көкжиегін кеңейте түсу мақсатында Елордамыздағы мәдени орындарға арнайы саяхат жасау да жоспарға енгізілген. Балаларды ынталандыру үшін оқу бағдарламасы бойы арнайы жұлдызшалар тараталып, соңында көп жұлдызша жинаған үздіктерге жүлделі сыйлықтар табысталатын болмақ. Бір сөзбен айтқанда, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде қасиетті Рамазан айына дөп келген «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсын бүлдіршіндеріміз үшін барынша пайдалы өткізуге жан-жақты жағдай жасалып отыр.

Пікірлер Кіру