«Әзірет Сұлтан» мешітінде Қадір түнінде Құран хатым батасы жасалды (ФОТО+ВИДЕО)

12 маусым 2018 10817 0
Оқу режимі

Бүгін еліміздің мұсылман жамағаты қасиетті Рамазан айының 27-жұлдызына дөп келген Қадір түнін қарсы алып, құлшылықпен түн өткізді. Бұл түні еліміздің Бас мешітіне жиылған қалың жамағат Қадір түнін ерекше ықыласпен өткеріп, жамағатпен бірге Құран хатым батасына қатысты.

Бас мешіттегі берекелі кешке ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бен  Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев қатысып, жамағатты қасиетті Қадір түнімен құттықтады. Құптан намазынан соң қалың жамағатқа түндердің төресі болған қасиетті Қадір түні турасында уағыз айтып, мүбәрак түнді құлшылықпен өткізуге үндеді. Еліміз бен жеріміздің амандығын тілеп, қасиетті түнде қазақ елі үшін дұға жасауға шақырды.

Қадірлі кеште еліміздің Бас мешітіндегі тарауих намаздарына имамдық еткен қариларымыз қасиетті Құран Кәрімді тәмамдап, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы хатым дұғасын жасады. Сондай-ақ, Бас мешіт жамағатын Рамазан айы бойы Құран әуезімен тербетіп, тарауих намаздарында имамдық еткен қариларға құрмет көрсетіп, мешіт атынан шапан жауып, «Алғыс хат» табыстады.

Бұдан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы Қадір түнінің қадір-қасиеті жайында көркем уағыз жүргізіп, көпшілікті құлшылыққа талпындыра түсті. Қадір түніндегі абзал амалдар жайлы ақпарат беріп, Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінен өнеге келтірген наиб мүфти уағызының қалың жамағаты үшін пайдасы орасан болғандай. Бұдан кейін мешіт мінберіне көтерілген Ғазиз Ахмет, қанат қыдырмин секілді «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамдарының да уағызы да жамағатқа терең ой салып, иман ләззатын сезіне түсуге септіктерін тигізді.

Арасында еркін құлшылыққа уақыт беріліп, мешіт имамдарының түрлі тақырыптағы уағыздарымен әрлене түскен Қадір түнінің барлық бағдарламасы биылғы жылы құлшылық ордасының сыртына орнатылған үш LED экран арқылы жамағатқа жеткізіліп, іштегі уағыз қаз-қалпында сырттағы жамағатқа тікелей көрсетіліп отырды.

Бас мешіттегі Қадір түнінде биылғы жылы тағы бір ерекше бастама орын алды. Бас имам ұсынысымен биылғы жылы Қадір түнінің құрметіне орай 4 500 адамға тегін сәресі таратылып, сауаптар еселене түсетін қадірлі түнде сауапты шара атқарылды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Пікірлер Кіру