«Әзірет Сұлтан» мешітінде әйел шәкірттерге арналған интерактивті тақта уақып етілді

12 наурыз 2026 15 0
Оқу режимі

«Әзірет Сұлтан» мешітінде әйел шәкірттерге арналған дәріс залына заманауи интерактивті тақта уақып етілді. Бұл игі іс мешіттегі қыз-келіншек шәкірттердің білім сапасын арттырып, сабақ үдерісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Жаңа құрал дәріс барысында көрнекілікті күшейтіп, шәкірттердің тақырыпты терең әрі жеңіл меңгеруіне мүмкіндік береді. Интерактивті тақта арқылы ұстаздар діни ілімдерді түсіндіруде бейнематериалдар мен сызбаларды кеңінен қолдана алады.

Бұл өз кезегінде білім алушылардың қызығушылығын арттырып, сабаққа деген ынтасын күшейтеді. Мешіт ұжымы аталған игі іске үлес қосқан азаматқа ризашылығын айтып, әйел шәкірттердің білім алуына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді. Уақып – ислам дәстүрінде игілікке бағытталған қайырымдылықтың бір түрі. Яғни, адам өз мүлкін немесе қаржысын қоғам игілігі үшін тұрақты түрде пайдалануға арнайды. Уақыпқа берілген дүние сатылмайды, мұраға қалдырылмайды, ол тек халықтың игілігіне қызмет етіп, үздіксіз сауапқа кенелтеді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру