АТЫРАУДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ (ФОТО)

14 қазан 2022 2575 0
Оқу режимі

Осыдан бір жарым жыл бұрын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз қолымен іргетасын қалаған Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылының мешіті бүгін пайдалануға берілді.

850 орындық мешітке Қайтпай Сұлтан есімі берілсе, ашылу салтанатына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев және облыс бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысты.

Ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындардың басын қосқан салтанатты жиында наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы жұртшылыққа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының  құттықтауын жеткізді.

«Халқымызда «Азаны бар ауыл азбайды» деген керемет тәмсіл бар. Мешіт – құлшылықтың, тәрбиенің ордасы. Бұл жерде иманды ұрпақ тәрбиеленіп шығады, ағартушылық бағытта ауқымды жұмыстар атқарылады деп сенемін.

Мешіт мейірімділік пен ізгіліктің, қайырымдылық пен білім беретін рухани орта. Мешіттің ішін көркейтетін жамағат. Сондықтан, Еркінқала ауылының тұрғындарын сәулеті жарасқан Алла үйінің ашылуымен тағыда құттықтаймын», – деді наиб мүфти Ершат Оңғаров.

Өз кезегінде Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мешіт құрылысына атсалысқан жомарт жандар – Бұланбай Аққұлов пен Дархан Сәрсеновке Бас мүфтидің алғыс хатын табыс етіп, жұртшылыққа мешіттің имамын таныстырды.

Жаңа мешітке бас имам болып бұған дейін Жылыой аудандық орталық мешітінде наиб имам қызметін атқарған Ажок Саясатұлы Сарсекеев тағайындалды. 

 



Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру