АСТАНАДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ (ФОТО)

10 ақпан 2023 2927 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні елордасы Астана қаласында жаңадан салынған мешіттің ашылу салтанаты өтті. Игі іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Алла Тағаланың 99 көркем есімінің бірі «әл-Фаттах» атауы берілген құлшылық ордасының ашылу рәсімінде Бас мүфти: «Аллаға шүкір, елімізде, осы астанамызда мешіттеріміздің қатары көбейіп келеді. Мешіт – мейірімділік мекені, руханияттың ортасы. Қоғамды ізгілікке шақырып, ибалы болуға үйрететін мектеп. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жер бетінде мешіт бастаса, Алла Тағала ол пендесіне жәннаттан сарай тұрғызады»деген. Осы мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған арда азаматтарға Алла разы болсын! Кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық тілеймін» деді.

Өз кезегінде ҚМДБ Төрағасы мешіт бастап, оны халықтың игілігіне берген азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ жаңа мешіттің ашылу салтанатында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақсақалдар сөз сөйлеп, бата берді.

Мешітке Бас мүфти бұйрығымен елорда жамағатына жақсы таныс дін қызметкері Бағдат Абдулкаримов тағайындалды. Бұған дейін «әл-Ғани» мешітінде қызмет еткен имамды жұма намазына жиналған жамағатқа ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы таныстырып, еңбегіне береке тіледі.

Айта кетейік, Астана төрінде ел игілігіне берілген он бесінші мешітте 500 адам еркін ғибадатын өтей алады. «Әл-Фаттах» мешіті намаз залынан бөлек, дәрісхана, имамдар бөлмесі мен Құран оқу бөлмесі, ерлер және әйелдер дәретханасымен қамтылған.

 

Пікірлер Кіру