Астанада мешіт шәкірттері семинарға қатысты

31 қаңтар 2023 2533 0
Оқу режимі

Астана қаласының «Көктал» мешітінде елорда мешіттерінің белсенді шәкірттеріне арналған «Белсенді жас – әділетті қоғам ұйытқысы» тақырыбында семинар өтті.

Қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталған шараға «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Әділхан Иманәліұлы және «Діндерді зерттеу орталығының» бөлім меңгерушісі Алмас Әзімханұлы жылы лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ семинарда ЕҰУ дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты, ҚМДБ сарапшылар кеңесінің мүшесі Кеңшілік Тышханұлы мен Сәкен Сейфуллин атындағы Агро-техникалық университеті Жастар Ісі департаменті қызметкері, теолог-маман Ерғали Зайтханұлы арнайы дәріс оқып, жастардың сұрақтарына жауап берді. Білім-ғылым, өнер, адамгершілік, отансүйгіштік жайлы ой қозғаған спикерлер Қазақстанның дамып-өркендеуіне әрбір жастың үлес қосуына мүмкіндіктің мол екенін атап өтті.

Шара барысында интернеттің пайдасы мен зияны, жаһандану, экологиялық проблемалар сынды өзекті тақырыптар бейне-ролик арқылы көрсетіліп, мәселені тереңірек талдауға мүмкіндік жасалды. Интернетке, телефонға байланған жастарды кітап оқуға дағдыландыру керек екенін айтқан ұстаздардың сөзіне орай мешіт шәкірттерін ынталандыру мақсатымен «Көктал» мешітінен әліппе үйреніп, Құранға түскен 13 шәкіртке сертификат табысталып, Құран Кәрім сыйға берілді.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру