АСТАНА ИМАМДАРЫНА «ПӘТУАЛАР ЖИНАҒЫНЫҢ» ТӨРТІНШІ КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ (ФОТО)
«Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Muftyat» баспасынан жарыққа шыққан «Пәтуалар жинағы» кітабының төртінші томдығы Астана имамдарына таныстырылды.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Темірлан Дарханұлы аталмыш еңбектің мазмұнын таныстырып, ішіндегі бірқатар пәтуаларды имамдарға егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Жиын соңында кітап имам, ұстаздарға үлестірілді.
Айта кетсек, кітапта қоғамдағы мұсылмандық ұстанымға қатысты туындап отырған көкейкесті діни мәселелер жан-жақты талқыланып, шариғат негіздеріне сүйене отырып, шешімі жинақталған. Еңбек дін қызметіндегі имамдарға, имандылық жолында тәлім алушы шәкірттерге, сондай-ақ жалпы мұсылман қауымға арналған.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті Дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілген және ҚМДБ Сараптау комиссиясы мақұлдаған пәтулар жинағы жамағат сұрағына тұщымды жауап беретіні сөзсіз.