АСТАНА ИМАМДАРЫНА «ДИПФЕЙК» ҮКІМІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

20 сәуір 2026 29 0
Оқу режимі

«Әзірет Сұлтан» мешітінде Астана қаласының имамдарына «Дипфейк (Deepfake)» үкімі таныстырылды. Жиынды Шариғат және пәтуа бөлімінің Астана қаласы бойынша өкілдігіне жауапты маман Тамирлан Дарханұлы өткізді.

Жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты қоғамда өзекті болып отырған мәселелердің бірі – дипфейк технологиясын қолданудың шариғи тұрғыдағы үкімі түсіндірілді.

Семинар барысында дипфейк арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе жасамаған іс-әрекеттерін жасағандай етіп көрсету, жалған ақпарат тарату және адамдарды алдау әрекеттерінің шариғатта тыйым салынғаны айтылды.

Сондай-ақ мұндай технологияны теріс мақсатта пайдалану қоғам тыныштығына зиян келтіріп, адамдар арасында түсініспеушілік пен іріткі туғызуы мүмкін екені атап өтілді. Ислам діні ғылым мен технологияның дамуына тыйым салмайды. Алайда кез келген технология адамзат игілігіне қызмет етіп, әділеттілік пен адамгершілік қағидаларына және шариғат талаптарына қайшы келмеуі тиіс.

Семинар барысында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кім бізді алдаса – ол бізден емес» деген хадисі негізінде алдаудың барлық түрінен сақтану қажеттігі түсіндірілді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру