«ӘС-СӘЛАМ» МЕШІТІНДЕ МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)

13 қыркүйек 2024 301 0
Оқу режимі

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Әс-Сәлам» мешітінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) туған айына орай Мәуліт кеші өткізілді. Рухани отырысқа «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Садырханов, мешіт имамы Дастан Зияшұлы және құлшылық үйінің жамағаты қатысты.

Шарада Құран Кәрімнің қасиетті аяттары оқылып, жиылған жамағатқа ас берілді. Кеш қонағы Жұманазар қари Өсерханұлы көпшілік қауымға уағыз-насихат айтып, Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмірбаянынан, өнегеге толы ғұмырынан сыр шертті. Кеш соңына қарай ұлт тарихынан сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып, сыйлыққа кітаптар таратылды.

Айта кетсек, қазір мұсылмандық күнтізбе (хижри жыл санауы) бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ) өмірге келген қасиетті Мәуліт (Рабиғул әууәл) айындамыз. Бұл айда Алла Елшісіне (ﷺ) көп салауаттар айтылып, мешіттерде рухани кештер өтеді, мәуліт жыры оқылып, екі дүние сардарына сәлемдер жолданады. Алланың берекесі дарыған игі шаралардан сіз де қапы қалмаңыз!

Пікірлер Кіру