«ӘР-РАХМАН» МЕШІТІНДЕ МӘУЛІТ КЕШІ БОЛЫП ӨТТІ (ФОТО)

12 қыркүйек 2024 372 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Әр-Рахман» мешітінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туылған Рабиғул әууәл айының құрметіне орай Мәуліт кеші ұйымдастырылды.

Мешіт имамы Жандос Атамбаевтың ұйымдастыруымен өткен рухани шараға «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Омар Сәлімбеков, Республикалық Бас мешіттің ұстазы Мұртаза қари Балахмет және мешіт жамағаты қатысты.

Берекелі жиында Пайғамбарымызға (с.ғ.с) деген сүйіспеншілік жайлы уағыз айтылып, ұстаздар екі дүние сардарын шынайы жақсы көрудің қаншалықты маңызды екендігін жеткізді.  

Айтулы мерекеге айрықша дайындалған мешіт қызметкерлері де жамағатқа ерекше сый-құрмет көрсетіп, ақ дастархан басында өнегеге толық сұхбаттар жүрді.

Бұдан кейін Бәрзәнжи мәулітін оқып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) сәлем-салауаттар жолданды.

Кеш соңында арнайы Мәуліт кешінің құрметіне жайылған дастархан басында  Құран оқылып, еліміздің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасалды.

Пікірлер Кіру