Ақтөбе: 308-ші баспана табысталды (ФОТО)

30 қазан 2020 3625 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауыл-аудандарда қызмет етіп жүрген жас діни мамандарға әрдайым әлеуметтік қолдау көрсетіп отыруды жергілікті өкілдіктерге жүктеген-ді. Осыған орай, имамдардың тұрақты қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе облысында 6 имамға қызметтік үй ретінде кейбіріне жеке баспана ретінде 6 пәтер табысталды.

ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай, Ақтөбеде тағы да бір имам жеке баспаналы болып отыр. Ол – Хромтау ауданының бас имамы Ерік Сұлтанов. Оның аталмыш ауданға ауысып келгеніне көп бола қойған жоқ. Десе де, «ағайын тату болса, ас көп» демекші, Хромтауда тұратын Гүлназ Қонақбайқызы мен Марат Елубайұлы есімді туыстарының демеушілігімен Ерік имамға 2 бөлмелі пәтер сыйға тарту етілді.

Салтанатты шараға облыстың бас имамы Төлеби қажы Оспан, «Зекет» қорының Ақтөбе облысындағы жауапты өкілі Алмат Әли, Хромтау ауданы, Қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Ашабаев, Хромтау аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Біржанов және қала тұрғындары қатысты. Қонақтар жүрек жарды лебіздерін жеткізіп, баспаналы болған имамның ауданда абыроймен еңбек етуіне тілек білдірді.

«Бүгін ағайын-туыстың жәрдемімен «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында Ерік имам баспаналы болуда. Баршамыз үшін үлкен қуаныш. Бұл – мешіт қызметінде халыққа аянбай еңбек етуге жол ашады деп санаймыз. Пайғамбар хадисінде ер азаматтың үш бақыты бар деген. Соның бірі – жайлы баспана. Алла Тағала шаңырағыңды шаттыққа толы етіп, жайлы баспана болуын нәсіп еткей», - деген тілегін жеткізді бас имам Төлеби Оспан.

Естеріңізге сала кетейік, ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі пәтерге» акциясы аз уақыт ішінде 308 отбасын қуанышқа бөлеп үлгерді. Жоба аясында Ақтөбе өкілдігінің ұйытқы болуымен облыста 13 баспана берілді.

Пікірлер Кіру