«AQ MESHIT» МЕШІТІНДЕ МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА ЕТ ТАРАТЫЛДЫ (ФОТО)
Астана қаласындағы «AQ MESHIT» мешітінің жамағаты қасиетті Ережеп пен Шағбан айларының құрметіне орай қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Ізгі бастама аясында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) атынан екі ірі қара мал шалынды.
Сауапты іске «AQ MESHIT» мешітінің бас имамы Дәурен Муслимов мұрындық болып, жамағатты игі іске жұмылдырды. Сойылған мал еттері әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және мұқтаж 56 отбасыға таратылды.
Ислам дінінде қайырымдылық жасау мен мұқтаж жандарға қол ұшын беру – үлкен сауапты амалдардың бірі. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең қайырлысы – адамдарға пайдасы тигені», – деп өсиет еткен.
Айта кетейік, «AQ MESHIT» мешіті бұған дейін де әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, рухани-танымдық және қайырымдылық бағытындағы іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.





