АЛМАТЫДАҒЫ ЗІЛЗАЛАДАН СОҢ МЕШІТТЕРДЕ ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛЫНДЫ

23 қаңтар 2024 1697 0
Оқу режимі

Бүгін Алматы Орталық мешітінен бастап, қаладағы аудандық мешіттерде жер сілкінісіне байланысты құрбандық шалынды.

Атап айтқанда Медеу, Әуезов, Түрксіб аудандары мен Наурызбай, Бостандық, Жетісу, Алатау, Алмалы аудандарындағы орталық мешіттерінде құрбандық малы шалынып, мешітке жиналған жамағатпен бірге зілзала мен табиғи апаттардан сақтану үшін дұғалар оқылып жатыр. Сондай-ақ, кеше түндегі жер сілкінісінен үрейленіп, үйлерін тастап көшеге шыққан қала тұрғындарына қаладағы барлық мешіттер есіктерін ашып, жұртшылықты паналатты. 

Кеше Алматы қаласында қуатты жер сілкінісі орын алды. Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті адам шығыны мен қираған ғимараттар жайлы ақпарат түспегенін мәлімдеді.

«Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды. Энергетикалық санаты – 15.1. MPV тербелісі – 6.7. Тереңдігі – 65 км. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде (MSK-64 шкаласы бойынша) сезілді», - делінген ақпарат көздерінде. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру