АЛМАТЫДА ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІ ӨТУДЕ

24 қазан 2024 141 0
Оқу режимі

Алматы қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің 43-мәжілісі басталды.

Кеңес жұмысын ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңізге белгілі, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Жыл аясында «Ислам энциклопедиясы» еңбегі мен «Дін мен дәстүр ІІІ» кітабын шығардық. Расында бұл кітаптардың қоғам үшін пайдасы мол. Аталған кітаптардың жарыққа шығуына сіздер де көп үлес қостыңыздар. Игі іске атсалысқан баршаңызға Алла разы болсын.

Сонымен қатар биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Мүфтилер алқасына жетекшілік етті. Осыған орай, жуырда ғана Астана қаласында дін лидерлерінің үлкен жиыны болып өтті. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Бас мүфтилері мен дін қайраткерлері келді. Басқосу аясында «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұралары» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өткіздік. Жиында бірнеше ғалымдар баяндама жасады. Сіздердің белсенді еңбектеріңіздің нәтижесінде бұл жиынды да жоғары деңгейде өткізіп алдық», – деді.

Айта кетсек, мәжілісте «Ұлтабар (мәйек) ферментінің үкімі», «Теріден жасалған желатин үкімі», «Плазмолифтинг әдісінің шариғаттағы үкімі», «Теріден өндірілген протеинді жемге қолданудың үкімі», «Қалыңмалдың шариғаттағы үкімі», «Энергетикалық сусындардың үкімі» тақырыбында әзірленген пәтуалардың мазмұны талқылануда. Қабылданған пәтуалардың мәтіні мүфтияттың ресми ақпарат құралдарында жарияланады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру