Алматыда 5 қайырымдылық мекемесі ашылды (ФОТО)

22 қыркүйек 2019 6086 0
Оқу режимі

Кеше Алматы қаласының Медеу, Алатау, Наурызбай, Түрксіб аудандарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 5 бірдей қайырымдылық мекемесі ашылды.

Алдымен, Медеу ауданы Аманқұл ата мешіті жанынан «Көк-Төбе», Алатау ауданы Бекет ата мешіті жанынан «Шаңырақ», «Қарағайлы», «Арафат», «Ынтымақ», «Қайрат» мешіттерінің қайырымдылық мекемелерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға ҚМДБ-ның бірінші төраға орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Уақып және қайырымдылық бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев, Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек Шоқай, Медеу, Алатау аудандарының діни қызметкерлері және жергілікті билік өкілдері қатысты.

Шарада сөз алған Наурызбай қажы Тағанұлы ең алдымен, қайырымдылық мекемесін ашудағы мақсат – өскелең ұрпақты имандылық пен адамгершілікке, ғылым мен өнерге баулу, шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық салт-дәстүрге сай тәрбиелеу, діни-ағарту жұмыстарын жүргізіп, ислам негіздерін үйрету, діни оқу орындарына талапкер дайындау, баланың өмірге және өзіне деген сенімін арттыру, елімізде отбасылық құндылықтарын насихаттау, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік-рухани көмек көрсету, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, Діни басқарманың сан-салалы қызметі аясында негізгі төрт бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін, соның бірі – қайырымдылық екенін де тілге тиек етті.   

Одан кейін Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев пен Шаңырақ ықшам ауданының әкімі Халел Баядилов қаламызда ашылған қайырымдылық мекемелері – қоғам дамуы мен баянды болашақтың іргетасын қалайтын ордалардың бірі екенін жеткізді.

Жиын соңында Медеу және Алатау аудандарының жамағаты алғыс ретінде наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының иығына шапан жапты. 

Қайырымдылық мекемелердің лентасы қиылып, шараға қатысушылар жаңа мекемелердің шәкірттерге арналға жатын бөлмесін, кітапхана, дәрісхана және ұстаздар кабинетін аралап көрді.  

Мекеме өз қызметінде ҚР Конститутуциясын, Азматтық Кодексін, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Баланың құқығы туралы», «Білім туралы», «Діни қызмет және бірлестіктер туралы» Заңдарын, сонымен қатар аталған мекеме туралы Діни басқарманың шешімімен қабылданған Жарғыны басшылыққа алады.

Айта кетсек, бұған дейін дәл осындай мекеме Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау, Алматы облыстарында ашылған болатын.   



Дереккөз: azan.kz

Пікірлер Кіру