ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ VII СЪЕЗІ АЯҚТАЛДЫ (ФОТО)

15 қыркүйек 2022 2549 0
Оқу режимі

Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің жабылу рәсімі өтті. Айтулы шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы екі күнге созылған съезд жұмысын қорытындылап, қазақ жерін мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналдырған дүниежүзінің беделді дінбасыларына алғыс айтты.

«Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Біздің бастамамызға қолдау көрсетіп, Съезге арнайы келген діни көшбасшыларға, саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс айтамын. Сондай-ақ форумды өткізуге белсене атсалысқан дипломаттарға, волонтерлерге, журналистер мен басқа да азаматтарға ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Съездің жабылу рәсімінде Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим папасы Франциск, әл-Азһар шейхы, Жоғары мәртебелі имам Ахмет Тайып, Мәскеу Патриархаты Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Волоколамск митрополиті Антоний, Сауд Арабиясы корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат жөніндегі министрі шейх Абдуллатиф бен Абдулазиз аш-Шейх, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лау, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы – Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйледі.

Алқалы жиында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің қорытынды декларациясы қабылданды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру