«ӘЛ-ФАРАБИ»: ҚҰРБАН АЙТТА АҚСАҚАЛДАРҒА АҚ ДАСТАРХАН ЖАЙЫЛДЫ (ФОТО)
Дін мен дәстүрді ұштастыра білген мешіт ұжымы қазақы киіз үйде ұлттық тағамдардан ақ дастархан жайып, әсем ән мен тәтті күйден шашу шашып, мерекелік шараның сәнін келтіріп, халықтың қуанышын бөлісті.
Өнер адамдары мешітімізге айттап, қонаққа келген қарт кісілер мен зиялы қауымның көңілдерін көтеріп, қазақы ән мен ұлттық күйлерді нақышына келтіре орындады. Ата-әжелеріміз бешбармақтан дәм татып, қымыз ішіп, ұлттық өнерді тамашалап, нағыз Құрбан айттың қалай тойланатынына куә болды. Мешіттің бас имамы Нұрлан Рамазанов ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға Құрбан айт мейрамының қадір-қасиеті, діндегі орны жайлы жылы насихат айтты.
Осылайша күллі мұсылман қауымы тойлайтын ұлық мерекеде мешіт ұжымы жамағатқа қуаныш сыйлап, мейірімділік пен қайырымдылықтың үлгісін көрсетті.