Әл-Фараби мешітіндегі жастармен жүздесу

28 сәуір 2023 2492 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Уағыз-насихат бөліміне қарасты Жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Рахымұлы Астана қаласындағы Әбу Насыр әл-Фараби мешітінің жастарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Әділет Рахымұлы жастарға қазіргі қоғам жастарының бейнесін сипаттай келе, Ихсан тақырыбын басқа қырынан ашып берді.

Елімізде жас ұрпақты жастайынан мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік секілді құнды қасиеттерді бойына сіңіре білу, сондай-ақ салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу, рухани бай адам баласын қалыптастыру қажет екенін айта келе сектор меңгерушісі:

«Егер біз тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болсын десек, «өркениеттер қақтығысында» жұтылып кетпей, өзіндік бірегейлігімізді сақтап қаламыз десек, балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет.

Осы мақсатта баланы жас кезінен ұлттық құндылықтарға сәйкес, болашақ тұлға ретінде тәрбиелеу үшін қолда бар құралдар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған дұрыс. Атап айтқанда, балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, ғаламтор желісіндегі өзге зиянды ақпараттардан назарын бұру мақсатында олардың қызығушылығын туғызатын пайдалы бейнероликтер, танымдық ойындар мен бағдарламаларды ұсынатын интернет-ресурстарын жасақтау қажет.

Себебі бүгінде ғалам­тор желісіндегі күмәнді ресурстар балалар мен жас­өспірімдердің санасына кері әсерін тигізуде. Алдына қойған айқын мақсаты жоқ, өмір сүруге құлықсыз, ештеңеге қызықпайтын кейбір жастар өкілдерінің арасында түрлі қылмыс жасау мен өз-өзіне қол салу фактілерінің жиі кездесетіні рас» деп жастар тәрбиесінің маңызды тұстарын атап өтті.

Кездесу соңында мешіт жастары көкейіндегі сұрақтарын қойып, пікірлерін бөлісті.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру