АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ МЕШІТІ ЖАНЫНАН ДІНИ САУАТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

14 тамыз 2024 609 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Абай облысының орталығы Семейде мүфтияттың діни сауат орталығы ашылды. Ең алғаш сөз алған Бас мүфти қайырымдылық ордасының ашылуымен құттықтап, сауабы мол игі іс жайында айтып өтті.

​«Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жер – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» дейді қазақ. Бұл сөз тегін айтылмаса керек. Біздің де мақсатымыз сол артымызға өнегелі жол қалдыру, қиналғанға қамқор, қысылғанға қол ұшын созу. Былтыр жыл басында Бағдарлық баяндамамда ҚМДБ жанынан студенттер үйін ашуды тапсырып, бірқатар өңірде бұл бастама өз жемісін берген болатын. Дегенмен жақсылықтың ерте кеші жоқ. Бабаларымыз «Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді» деген. Сондықтан осы ғимаратты пайдаланып, кәдесіне жаратқан әрбірінің сауабы үлес қосушыға жазылары анық. Қазақ «қайыр қылсаң, бүтін қыл» дейді. Бүгін міне қайырымды азаматтар қол ұшын беріп ілімге ден қойған жандар осында қиналмай оқысын, соларға пайдалы болсын деп осындай тамаша ғимаратты ашып отырмыз.

Білесіздер Діни басқарма бірнеше бағытта жұмыс істейді. Соның бірі де бірегейі оқу-ағарту ал тағы бірі қайырымдылық. Бүгін екі бірдей сауапқа кенеліп отырмыз. Шәкірттеріміз біріншіден осында жатып білімін арттырса, екіншіден оларға жасалған қамқорлық. Енді аз күннен соң жаңа оқу жылы басталады. Осы тұста аз қамтылған отбасыдан шыққан, әлеуметтік осал топқа жататын жандар осы жерден өзіне керегін ала алса біздің қуанышымыз сол. Өздеріңізді құттықтай отырып, атсалысқан баршаңызға Алла разы болсын деп түйіндеді сөзін Бас мүфти.

Ресми ашылуынан соң қонақтар жаңа ғимаратты аралап көрді.

Айта кетейік «Дін мен дәстүр» орталығының жалпы көлемі 2 273 шаршы метрді құрайды. Жанашыр азаматтардың демеуімен салынған ғимарат 2 бөліктен тұрады. Бірінші жартысы 4 қабаттан тұратын «Діни сауат ашу» орталығы. Ол 100 студентке арналған. Барлық заманауи талаптарға сай оқу орнында жатын бөлмелелері, оқу сыныптары, кітапхана, асхана, тазалық бөлмесі, медициналық бөлмеге дейін толықтай қамтылған. Жоғарғы 2-3 қабаттарында студентерге арналған жатын бөлмелері, тазалық бөлмесі, медициналық бөлме, қонақтар бөлмесі орналасқан. 1-қабатта Дін мен дәстүр сыныбы, Абай сыныбы, Шәкәрім сыныбы және ұстаздар бөлмесі бар. Төменгі қабатта асханасы орналасқан.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру