700-ден астам жамбылдық радикалды көзқарастан бас тартқан

18 қазан 2019 4784 0
Оқу режимі

Жамбыл облысында 2015 жылдан бері 709 азамат радикалды діни көзқарастарынан бас тартты.

Облыста деструктивті діни ағымдардың мүшелері саналатын радикалды діни көзқарасты жақтаушылардың саны жыл санап азайып келеді. Мысалы, 2016 жылы – 1380 болса, 2019 жылдың бүгінгі күніне – 911-ге азайып отыр.

Жалпы, 2015 жылдан бері жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде, 709 азамат радикалды діни көзқарастарынан бас тартқаны белгілі болған. Бұл туралы облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша басқарма деструктивті діни идеологияның алдын алу жұмыстарына ерекше мән беріп отыр.

Аталған жұмыстар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті тарапынан ұсынылған оңалту критерийлеріне сәйкес жүргізілуде екен.

«Басқарма деструктивті діни идеологияға қарсы тұру бағытында мешіт имамдарының біліктілігін арттыру жұмыстарын жүргізді. Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» медресесінде деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында облыстағы 130-ға жуық мешіт имамдарының біліктілігін арттыру курстары өтті. Оны Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген ғылыми дәрежелі оқытушылар құрамы жүргізген болатын. Облыс көлемінде, шетелдік діни оқу орындарында оқитын 21 азамат бар. 21 азаматтың 12-і күмәнді, 9-ы сенімді діни оқу орындарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жолдамасымен білім алуда»,-дейді Жангелді Омаров.

Сондай-ақ, өңірде интернет кеңістігінде діни экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттардың таралуының алдын алу бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Биылғы жылдың есепті мерзімі ішінде, 1500-ге жуық күдікті сілтеме анықталып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетіне арнайы дінтану сараптамасына жолданылыпты. Бұдан бөлек, облыста 40-қа жуық дінтанушылар мен теологтар және мешіт имамдары блогерлік жұмыстарға тартылып, қарсы насихат жұмыстары ұйымдастырылған.

«Есепті мерзім ішінде интернет кеңістігінде 2500-ден астам қарсы насихаттық ақпарат жарияланып, көпшіліктің оң бағасын алды. Халықтың діни сауатын көтеру мәселесіне де көп мән берілуде. Басқарма жастар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізуге ерекше назар аударған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары орта, техникалық, кәсіби және жоғары білім беру ұйымдарында тұрақты түрде өткізілуде. Мысалы, жыл басынан бері облыс көлемінде жастар мен жасөспімідерге білікті дінтанушының қатысуымен 450-ге жуық іс-шара өткізіліп, 20 мыңнан астам адам қамтылды»,- дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, облыста барлығы 347 мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестік пен филиал бар. Оның ішіндегі 301 мешітте 403 діни қызметкер еңбек етеді. 301 мешіттің барлығына бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Дереккөз: kazislam.kz

Пікірлер Кіру