29 ҚАЗАН – ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АЗА ТҰТУ КҮНІ

29 қазан 2023 2120 0
Оқу режимі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін  Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр», – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүкіл еліміз бойынша 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.

«Бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету – кезек күттірмейтін міндет. – Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз.  Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын, – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатқанын айтты.

Дереккөз: Kazislam.kz

Пікірлер Кіру