ЖЕТІМ КӨРСЕҢ ЖЕБЕЙ ЖҮР!

20 желтоқсан 2024 1071 0
Оқу режимі

Дін мәселесі тек арам-адалдан, сыртқы киімнен ғана тұрмайды. Неізінде имандылық, адамгершілік тұрғысынан көптеген талаптары мен қоғамға қажет қағидаттарды қамтиды. Ал ол қыры қазір көп талқыланбай көлеңкеде қалып қоя береді. Мәселен, дінде жетім-жесірлерге қатысты нақты талаптар бар. Құранда: «Жетімдердің ақысын беріңдер. Адалды арамға ауыстырмаңдар. Олардың мал-мүлкін өздеріңдікіне қосып жемеңдер. Өйткені бұл үлкен күнә» (Ниса сүресі, 2).

«Жетімнің ақысын нақақтан жегендер өздерінің асқазандарын толтырып от жегені, олар онсыз да қызған отқа кіреді» (Ниса, 10) сияқты ондаған аяттар мен «Мұсылмандардың ішіндегі ең жақсы үй, ішінде жетімдерге жақсы қараған үйлер. Ең жаман үй де жетімдерге жақсы қарамаған үйлер» (Ибн Мажә, Әдеп, 6 , «Дастарханында жетім отырғызғандардың дастарханына шайтан ешқашан жақындай алмайды» (Әбу Муса, Табарани), сияқты ондаған хадистер діндегі жетімдерге жасалған қамқорлықтың қаншалықты сауапты екендігін көрсетеді. Халқымыз: «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елміз» дейді ғой. Міне бұл аса маңызды мәселе.

Қазіргі қоғамның көптеген келеңсіздікдерінің бірі қоғамдағы жетім-жесірлер мәселесі. Тіпті кейбір діннің атын жамылған топ өкілдері некені ойыншыққа айналдырып, әйелін жесір, баласын жетім қылуға қысылмайды.

Отбасындағы әкенің жауапкершілігін өз мүддесі мен нәпсісіне келген кезде аяққа таптай салатын кейбіреулер осылайша діндарлықтың сиқын кетіріп жүргендігін өздері түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа дегендей осындай топтар мен әсірешілдер үшін имандылығымыздан жеруге болмайды. Бұдан да қиын кезде жетім мен жесірге пана болған халықпыз.

Қазіргідей кезде өзіміздің ішіміздегі әртүрлі тағдырды басынан кешіріп жатқан жандарға жылылық сыйлау сауаптың ең үлкені. Пайғамбарымыздың: «Егер жүрегіңнің жұмсарғанын қаласаң пақырды тойдыр, жетімнің басынан сипа!» (Ибн Ханбал, ІІ, 263) дегені бар. Қай кезде де қоғам жүрегі жүмсақ, пейілі ақ адамдарға мұқтаж. Негативке көп кіріп жүрегіміз қатайып кетпесе игі! Бар болыңыздар!

 

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру