Жақсылықтар жаңбырдай жауатын түн
Рамазан айы, оның ішінде Қадір түні – Алланың құлдарына жариялаған «жақсылықтар маусымы». Бұл маусымда әр мұсылман жақсылыққа ұмтылып, Аллаға жақындауды көздейді. Себебі бұл маусымда жақсылық есіктері барынша ашық.
Егер кімде-кім осы қасиетті айды, осы қасиетті Қадір түнінде жақсылыққа кенеле алмаса, осынша игілікке қай кезде кенеледі?! Аллаға жақындайтын да, туралыққа бастайтын да уақыт осы емес пе?!
Ендеше әр иісі мұсылман адамға Қадір түні қарсаңында былай дейміз:
«Уа, мұсылман бауырларым! Рамазан бітпей тұрып, Қадір түні кетпей тұрып өздеріңді құрдым мен азаптан құтқарыңдар! Салиқалы істе жарысыңдар, Аллаға бет бұрып күнәларың үшін тәубені жаңартыңдар! Амалдар соңымен өлшенерін ескеріп, Рамазанның соңын, Қадір түнін игілікпен толтырыңдар! Алла әмірін ақсатпаңдар! Тыйымдарына жуымаңдар! Алланың мейірімінен, жомарттығынан, кеңшілігінен үміт үзбестен, жамандықтан сақтанып, жақсылық пен берекені еш талмастан сұраңдар! Себебі, Алла Құранда:
وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُوا لِي وَلْيُؤْمِنُوا بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ
«(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді»[1], – деген».
Бұл түн – берекелі түн. Бұл түнде бір жыл бойына істелетін амалдар өлшенеді:
إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُّبَارَكَةٍ ۚ إِنَّا كُنَّا مُنذِرِينَ
فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ
«Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында, Біз ескертушіміз. Ол кеште барлық хикметті істер айрылады»[2]; бұл түнде жер беті періштелерге толады:
تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ
«Періштелер және Жебрейіл (ғ.с.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі»[3]; бұл түнде көңілдер тыныштық табады:
سَلَامٌ هِيَ حَتَّىٰ مَطْلَعِ الْفَجْرِ
«Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады»[4]; және ең маңыздысы:
لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ
«Қадыр түні мың айдан қайырлы»[5].
Бұл түнде Құран түскен, бұл түн – Құран түні. Ендеше бұл түнде Құран оқуды көбейту керек. Рамазан бойы оқылған Құранның хатымын жасау керек. Құранда мейірім аяты келсе, Алладан мейірім тілеңіз, азап аяты келсе, одан аман болуды сұраңыз. Намазға тұрыңыз, намаз оқыңыз. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с) бір хадисінде:
مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ
«Кім Қадір түнін иман еткен, Алладан сауап күткен күйі намазбен өткізсе, оның осыған дейін жасаған күнәлары кешіріледі»[6], – десе, тағы бір хадисінде:
أَقْرَبُ ما يَكونُ العَبْدُ مِن رَبِّهِ، وهو ساجِدٌ
«Құлдың Раббысына ең жақын болатын сәті – сәждеде»[7], – деген.
Қадыр түнін Құран оқумен, намазбен т.б. игіліктермен әсемдеп, мол сауаппен өткізуге ниеттенейік. Қадыр түнінде Алла Тағала барша дұғаларымызды қабылдап, күнәларымызды кешіріп, дәрежемізді өсірсін. Әмин!
Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,
Наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының өкілі,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы
Дереккөз: muslim.kz