ЖӘННАТҚА ЖЕТКІЗЕТІН ЖАҚСЫ ҚАСИЕТ

17 мамыр 2022 7115 0
Оқу режимі

Кішіпейілділік пен қарапайымдылық – адам бойындағы асыл қасиет. Бұл ізгі қасиеттер пайғамбарлардан қалған мұра іспетті. Қарапайымдылық адамның барлық іс-әрекетінен, қимыл-қозғалысынан, өзін ұстауынан, мінез-құлқынан, тәртібінен, сөзінен, киген киімінен де аңғарылып тұрады.

Қарапайымдылық – өзін басқалардан бір саты жоғары немесе төмен көрмеу деген сөз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Қарапайым болғанға сүйінші болсын», – деген. Мұндай адам мал-мүлкін халалдан тауып, көп сыйлық береді. Кедейлерге қол ұшын созып, жәрдем көрсетеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайлы: «Қарапайым адам – табысын халалдан табатын, мінезі жақсы, адамдармен жұмсақ мәміледе болатын және ешкімге жамандық жасамайтын, өте жақсы адам»,  деген. Тағы бір хадисте Алла Тағала қарапайым адамның абыройын арттырып, беделін көтеретіндігі жайлы баяндалған.

Алла Тағала адам баласына тәкәппарлыққа бой алдырмауға ескерту жасап, «Исра» сүресінің 37-аятында былай дейді: «Жер жүзінде дандайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың, бой жағынан да тауларға жете алмайсың».

Шын мәнінде, өзін әлсіз жаратылыс екенін сезінген әрбір адам биік-биік таулар мен аяғының астына төселген ұшы қиыры жоқ жерге қарап, қарапайымдылықты үйренуі керек.

Қарапайымдылық пен көркем мінезде пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асқан жан болмаған. Сүйікті пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол тақыр жерге отыра салатын. Құлдармен, пақырлармен, кедей-кепшікпен тең дәрежеде әңгімелесетін. Үй жұмыстарында әйелдеріне көмектесетін. Сахабаларына да жәрдем беретін. Оның әзіз болмысы одан басқа да сансыз бекзат ерекшеліктерге, ізгі қасиеттерге толы болатын.

Қоғаммен қатынастағы қарапайымдылық

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоғаммен қарым-қатынаста өте қарапайым болған. Және де кейінгі үмметтеріне қарапайым болуды әмір еткен. Алла елшісін үлгі еткен әр мұсылман пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) игі сипаттарын бойына сіңіруі керек.

Хазіреті пайғамбар: «Саған биік орын жасайық. Сол жерде тұрып адамдарға насихат етіңіз», – дегендерге: «Ұлы Алла мені жоғарылатып немесе өз жағына қайтарып алғанға дейін өкшемнің айналасында жиналатын түрде араларыңда болуымды жалғастырамын», – деп мынаны өсиет еткен: «Мені өз дәрежемнен артық ұлықтамаңдар. Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жаратты».

Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аурулардың жағдайын сұрап, жаназаларға қатысатын болған. Үлкен-кіші, бай-кедейлердің әрқайсысының шақырғанын қабыл еткен. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбардың бойында қатал патшаларда болмайтын үш ерекшелік бар. Есекке мінеді. Кім шақырса соған барады. Жерге түскен құрманы сүртіп алып жейді».

Алла елшісі қасында отырған адамның ыңғайсыздықтан дірілдегенін байқап: «Өзіңді еркін ұста, мен патша емеспін. Мен күнге кептірілген етті жеген кұрайыштық әйелдің ұлымын», – деген. Міне, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кез-келген адаммен қарым-қатынасы осындай болған.

Алла елшісі сахабаларымен көшеде кетіп бара жатқанда бір әйел оған келіп: «Ей, Алланның Расулы! Менің саған айтар мұңым бар», – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ыңғайлы жерге отырыңыз, мен де қасыңа отырайын», – деді де, оның сөзін бастан-аяқ тыңдаған.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзінде біз үшін үлкен өнегелі өсиет жатыр. Сондықтан оның ғұмырын үлгі етіп, тәкаппарлықтан ұзақ болғанымыз дұрыс. Сонда ғана Ұлы Алла Тағала алдында құл екенімізді сезіне алған болар едік. Олай болса, Алла елшісінің «Жүрегінде кішкентай да тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кіре алмайды» деген мағыналы хадисін әр кез жүректің төрінде сақтағанымыз дұрыс.

Киім киюдегі қарапайымдылық

Әз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәрбиесін көрген Әлидің (оған Алла разы болсын) қарапайымдылыққа жақын болмауы мүмкін емес еді. Ол Ислам үшін қаншама шайқастарда қолбасшылық жасап, жеңіске жетіп жүрген кезінде де, алып мемлекетті басқарған кезінде де қарапайымдылығынан танбады. Харун ибн Ғантара (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Мен Әли ибн әбу Талиб Куфада болғанда оның алдына кірдім. Оның ескі түкті матаға оранып суықтан дірілдеп отырғанын көрдім де оған: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Алла саған және сенің отбасыңа мына мүлікке рұқсат берді, ал сен неге бұлай етесің?!» – дедім. Сонда ол: «Алламен ант етейін, мен сендердің мүліктеріңнен ешнәрсе алмаймын. Ал мына матаны Мединеден өзіммен бірге алып келдім», – деп жауап берді». Әлемдегі ең бай әрі ең жылы киімді қолына алдыртуға толық шамасы жететін мұсылмандар әміршісі дәл осылай қарапайым өмір сүрді. Адамдар оны изар, иығына іле салған сыртқы киіммен және қолына ұстаған таяқпен базардан көретін. Бір қарағанда, бәдәуиді еске салады. Әбу Матар ибн Абдуллаһ (оған Алла разы болсын) айтады: «Ол бірде киім сатып алу үшін саудагерлердің бірімен үш дирһамға саудаласа бастады. Әлгі саудагер оны танып қойғанда, алмай кетіп қалады. Кейін бір жас баламен саудаласып, үш дирһамға киім алды. Адамдар оған: «Бұл мұсылмандардың әміршісі ғой дегенде жас бала оның артынан жүгіріп барып, дирһамын қайта ұсынды. Сонда Әли (оған Алла разы болсын): «Бұл не дирһам? Мен оның сатқан бағасына разымын, ол да менің сатып алған бағама разы», – деп кетіп қалады. Және ол мұсылмандар әміршісі болғаным үшін бағаны арзандатып жібереді деген қорқынышпен өзін танып қойғандардан ештеңе сатып алмайтын». Адамдар Әлиден (оған Алла разы болсын): «Неге сен өз көйлегіңді әрдайым жамап жүресің?» – деп сұрағанда: «Жүрек бойсұнғыш қалыпқа түседі, ал мүмін оған ереді», – деген. Яғни, ол жыртығы жамалған киімдерді тәкәппарлық пен өзіне сүйсінуден сақтанып, барынша қарапайым өмір сүру үшін киетін болған.

Ал сахаба Омар (оған Алла разы болсын): «Екі түрлі киімдерің болсын, бірі сәнді, екіншісі қарапайым. Киімнің сәулетті, таза болуы адамның абыройын көрсетеді», – деген. Ескі немесе жаңа киім кию ниетке қарай жақсы немесе жаман болады. Мубах болған істерде ниет маңызды. Ниет жақсы болса – сауап, жаман болса күнә болады.

Тамақтанудағы қарапайымдылық

Алла Тағаланың адам баласына берген ең үлкен нығметтерінің бірі – тағам мен сусын. Жаратушы бұйрығымен Адам ата ұрпағы осы су мен астың арқасында тіршілікке қабілетті. Мұнсыз адам тәні өледі. Әлемдердің Жаратушысы Құранның «Аъраф» сүресінің 31-аятында: «Әй, Адам баласы! Әрбір құлшылықтарыңның орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер), жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Күдіксіз, Алла ысырап етушілерді сүймейді», – деп ескертеді. Яғни, азыққа келгенде адам баласына қойылатын екі талап бар: біріншісі – ысырапқа жол бермеу, екіншісі – тек халал тағамнан жеу. Бұл – күллі әлем Иесінің бұйрығы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жалғыз тамақтанбайтын болған және «Екі (адамның) тамағы үшеуге жетеді, үшеудің тамағы төртеуге жетеді», – деген. Әрбір мұсылман тамақты ауызға алмас бұрын «Бисмилляһ», яғни, «Алланың атымен бастаймын» деп айтуы қажет. Алла елшісі: «Кімде-кім тамақ жесе – оң қолымен жесін, сусын ішсе – оң қолымен ішсін, өйткені, шайтан (тағамды) сол қолымен жейді және (сусынды да) сол қолымен ішеді», – деп айтқан. Тағамды әркім өз алдынан жеуі керек.

Барша мұсылмандардың анасы хазреті Айша (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алла елшісінің алдына тамақ әкелдім. Мен ол кісіге: «Жантайып ішіңіз! Жантайып ішкен өте жақсы», – дедім. Сонда Алла елшісі басын иді. Қай жерде болса да маңдайы сәждеде болатын. Сосын маған былай деді: «Құл қалай жесе, мен де отырып ішемін, тек жатып емес». «Өмірінің соңына дейін пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жантайып ішкенін көрген жоқпын».

Қиямет күні Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына оның сүннетімен жүріп, тәкаппарлық сияқты күнәдан аулақ болған жан ғана лайық болады.

Жәбірден (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алланың елшісі былай дейді: «Қиямет күні маған ең сүйіктілерің әрі ең жақын отыратындарың – көркем мінез-құлықтыларың. Ал, Қиямет күні мен үшін ең жамандарың және менен ең алыс отыратындарың – бәдіктерің (көпсөзділерің), дөрекі сөйлейтіндерің және астамшылдарың».

Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Бәдіктер мен дөрекілерді білдік, ал астамшылдар кімдер?» – деп сұрағанда, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тәкаппарлар», – деген».

Алла Тағала баршамызды қарапайым құлдарынан етіп, бұл өмірде жасаған қайырлы амалдарымызды, игі істерімізді қабыл еткей! Жараушы Иеміз екі дүниенің бақытын нәсіп еткей! Әмин!

Талғат ОМАРОВ

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру