ЖАН АЗА МЕН ЖАНАЗА АРАСЫ ШАТЫСЫП КЕТТІ

22 тамыз 2024 1210 0
Оқу режимі

 “Өлік бардың малын шашады, жоқтың артын ашады” дейді қазақ. Негізі көп нәрсені қайта бағамдамаса болмайтын түрі бар.

Кеше таңертең ерте ауылдан құрдасым келді. Сипақтап бірдеңе айта алмай отыр. Біраз уақыттан соң ғана, аузынан “анамнан айрылып қалдым” деген сөз шықты. Енді мұнда не үшін келдің, жаназасы бар көріскелі келетін ағайын туыс бар десем, анамды көметін ақша керек дейді…

Өлік шығару - жаназа діни ритуал. Бірақ бұл мәселе тойға шығындалумен тең болып тұр. Сосын әрі қарай “бейсенбілік” жасау керек. Әр бейсенбі, мал сойып, қонақтарға дастарқан жаю керек. Тағы сол құрдасым соятын малға ақша сұрап келіп тұр.

Қырқы өткенше бейсенбілік беру керек екен. Сосын әр оқылған құранға молдаға бес мың теңге беру керек екен…

 Оған да ақша жоқ деді. 

Жаназаға да бейсенбіліктерге де сойылған мал саған көмегім босын, әулетім атынан атағаным болсын дегенімде, әлгі досым еңкілдеп кеп жыласын…

Мен де қосылып отырмын.

 Өлік шыққан үйден, жаназа болып жатқан үйден қалай ас ішуге болады?

Діни тұрғыдан айтпағанда, моральдық жағынан да  ерсі емес пе?

Өлік шыққан үйдің қоңсы, көршілері осы ретте қазан асатын жөні бар.

 Барлық адам өледі. Саған да кезек келеді. Сондықтан көршіңе түскен нәубетті көрші ретінде көтеру - елдік болар еді. Біздер көрші ақысы дегенді ұмыттық. Көрші ретінде Жауапкершілік, хақ, намыс, ар деген ауылға қайта оралмасақ болмас, ағайын!

 

Досай КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер Кіру