Жаман ойлардан қалай құтыламын?

03 қыркүйек 2019 9846 0
Оқу режимі

Адам – таңғажайып құбылыс. Адам баласының жаратылысы өте керемет және қызықты жүйемен орналасқан. Сол жаратылыстың керемет жүйесінің бірі – ми. Оның құрылысы мен қызметі өте күрделі. Ми ешқашан демалмайды. Тіпті, түнде дененің көптеген мүшелері босаңсып, қозғалмайтын күйге түссе де, ми жұмыс істеп жатады. Ол жүректің соғысын, дененің қызуын, ас қорыту жүйесін және ішкі үдерістерді бақылап, тыным таппайды. Ми  адам санасы мен ойының мекені болып табылатындықтан, адамның кез келген ойы осы мида қорытылады.

1980 жылы Миннесота университетінің оқытушысы, психология ғылымдарының профессоры Эрик Клингер адам санасына қатысты  қызықты зерттеу жүргізеді. Зерттеуге қатысушы адамдарға арнайы құрылғы беріп, сол құрылғыға дыбыстық белгі берілген сәтте адамдардың өз ойларын жазып отыруды сұрайды. Бұл зерттеу бір аптаға созылады. Зерттеу қорытындысы бойынша мына мәселе анықталды: бір тәуліктегі он алты  сағаттың ішінде адам миына сіңіп қалған орта есеппен он төрт секундқа созылатын бес жүзден аса түрлі идеялар келеді екен.

Адам уақытының көп бөлігін күнделікті істерге жұмсайды дегеннің өзінде, миға келетін  ойлардың орта есеппен 18% адамға жағымсыз және бейәдеп  эмоциялар сыйлайды.  Ал 13% қорлық көрсету, қатыгездік сияқты қауіпті ойлардан тұрады. Осы зерттеу бойынша адам баласы өз миына келетін ойларды тізгіндей алмайды деген тұжырым жасауға болады. Егер адамның ниеті жақсы болып тұрса, жаман ойлар қайдан келеді? Бұл сол  адамның «жаман» адам екендігінің дәлелі ме?

Жаман ойлар қайдан келеді?

Адам миының жасушаларында түрлі ақпараттар орналасқан. Соның бірі біздің тақырыпқа арқау болып отырған «жаман ойлар». Онымен күреспесек, ол ой бізді жеңіп, құрдымға алып барары сөзсіз. Енді сол ойлардың пайда болу себептеріне тоқталайық:

Күдіктену.  Әдетте, қандай да бір іске байланысты сенімділік туындай бастағанда, артынша күмәнді ойлар келе бастайды.  Бұл заңды да. Сол күдік пен күмән санамыздағы жаман ойлардың ошағына айналып, бір іске, бір адамға және т.б. жайттарға байланысты санамызға түрлі жаман ойларды ұялата бастайды. Осылайша, күдікті ойларды тізбектеп, миымызға керек емес артық ақпараттар жүктейміз және осының салдарынан денсаулығымызға орасан зиян келтіреміз. Кез келген күдікті ой бізді жаман ойлардың құшағына жетелеп алып барады. Осы ойлардан құтылу үшін өзіңізді  қателікке алып барар жолдардан аулақ ұстау керек екенін естен шығармаңыз. 

Өзіңді кінәлі сезіну. Қандай да бір жағымсыз жағдайға қалып, сол жағдай есіңізге түскен сайын өзіңізді ыңғайсыз сезініп, осы уақытқа дейін де жазғырып жүрсіз бе? Онда, Сіздің өміріңіздің бір бөлігі өткен шақтың құрсауында қалып қойған. Осының салдарынан Сіз сол ойларға қайта-қайта оралып, өзіңізге зиян келтіріп жатырсыз. Жасаған іске, өкініп, тәубеге келу дұрыс. Дегенмен, өткенді еске алып, жарының аузын аша беру қажет емес. Өйткені, бұл да жаман ойлардың келуіне себеп болады.

Жаман ойлардан неліктен құтылуым керек?

Жаман ойлардан құтылуды кешеуілдету адамның денсаулығына және рухани күйі (психика) мен ішкі сезіміне өте үлкен зиян келтіреді.  Бұл медицинада әлдеқашан дәлелденген дүние. Аурудың көбі бұзылған жүйкеден басталады. Ол мұнымен бітпейді. Жаман ойлардың денсаулыққа берер зияны көп. Соның бірнешеуі төмендегідей:

1. Жаман ойлар дұрыс шешім қабылдауға үнемі кедергі болып тұрады. Сіз өзіңізді тұтқында отырған шарасыз адам сияқты сезінесіз.

2. Ойлар заттанады. Ойыңызда нені жетілдіріп, «өсірдіңіз», өміріңізде де сол «жемісті» аласыз.  Сондықтан миды артық ақпараттардан тазартып тұру керек.  

3. Жаман ойларыңыз күнделікті өмірдегі әдетіңіз бен мінезіңізге айналады. Тіпті психолог пен дәрігерлер де Сізге бұл жағдайда көмек бере алмайды. Өзіңізді тек өзіңіз ғана алып шыға аласыз.

Жаман ойлардан құтылудың жолы бар ма?

1. Отырыңыз да, Сізді мазалап жүрген ойларыңызды қағазға жазыңыз. Енді ол ойлардан зардап шекпес үшін не істейтініңізді қарастырыңыз.

2. Толыққанды тынығыңыз. Тек тынығып қана қоймай, сол демалысыңызды жанға жайлы, жақсы естеліктермен «безендіріңіз». Сол арқылы миыңыз да тынығып, артық жүктен арылады. Содан кейін ғана ойыңызға жақсы ойлар келе бастайды.

3. Депрессияға қарсы азық-түліктерді қолданыңыз.  Бұл жағдайда ондай азық-түліктердің орнын бағаламай қоюға болмайды. Жаман ойлармен күресуде банан мен шоколадтың керемет көмегі болмаса да, көңіл-күйіңізді көтеріп, өзіңізді сергек сезінуге көмектеседі.  Сонымен қатар,  орман жаңғағы (фундук), қара мейіз, теңіз балығы мен балдыркөктің (сельдерей)  де пайдасы көп.

4. Кешіруді және кешірім сұрай білуді үйреніп, әдетке айналдырыңыз. Бұл арқылы жаныңызды күйзелткен жағдайдан арыласыз. Нәтижесінде, көңіліңіздің қуанышқа толып, иығыңыздан ауыр жүк түскендей жеңілдегеніңізді байқайсыз.

5. Қызықты кітаптар оқып, күнде жаңа нәрсе үйреніңіз. Осы арқылы күнде жаңалыққа жаныңыз құштар болып, ойыңыз бөлінеді.

6. Уақытты үнемді қолданыңыз және жаман ойларға бос уақыт қалдырмаңыз, үнемі жақсы бір іспен шұғылданыңыз.

7. Қайғы мен ренішті ішіңізде сақтамаңыз. Жақыныңызбен бөлісіңіз. Біреуді ренжітсеңіз, оны қуантатын бір іс жасаңыз. Сізді біреу ренжітсе, оңашада жылап алыңыз. Біле білсеңіз, жылап алу, көз жасы шаршауды және ауырсынуды басатын ең жақсы «дәрі».

8. Өз-өзіңізге есеп беруді қолға алып, өзіңіздің іс-әрекетіңізді талдаңыз. Әр іске байсалдылықпен қарап, қорқынышыңызды жеңе біліңіз. Шындықты қалай бар, солай қабылдаңыз.

9. Ешқашан күдіктенбеңіз. Ешкімнің кемшілігін іздемеңіз. Кемшіліктерді барлық нәрседен, барлық адамдардан табуға болады. Бірақ, бұл біздің басты мақсатымыз емес. Бір нәрсеге немесе бір адамнан күдіктене бастаған кезде, бірден Алланы еске алыңыз, зікір айтыңыз. Мейлі ол «Астағфируллаһ» деген сөз болса да. Кез-келген күдіктен арылуға болады. Сіз күдіктеніп жүрген мәселе уақыт өте келе өзектілігін жоғалтады. Бұған күмәніңіз болмасын!

Сіз - Исламды ұстанатын, бейбітшілікті қолдайтын мұсылмансыз, Аллаға шүкір. Демек, өзіңізге деген қарым-қатынасыңыз да бейбіт болу керек. Жаман ойлар санаңызда жоқ сияқты өмір сүріңіз. Санаңыздағы жаман ойлармен сындарлы (конструктивті) сұхбат құрыңыз да,  ол ойлардың нені «қалайтынын» біліп алыңыз. Бұл үшін дәлелденбеген қағида (догма) жеткіліксіз. Ол үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барлық ерлер мен әйелдерге міндеттеп кеткен білім керек. Терең білім. Сіз сыры ашылмаған бір сарай болсаңыз, білім сол сарайды ашатын кілт іспетті. Сол кілт арқылы өзіңізді де, өзіңізді  Жаратқанды да тани аласыз. Және сол кілт жаман ойлардан Сізге қалқан болады. Философия ғылымдарының докторы, америкалық Джеймс Холлис айтқандай: «Ішкі жандүниеңіздегі жаман ойларды елемей, онымен  күресуді қолға алмасаңыз, ол ой сыртқа шығып, сізбен күресуді қолға алады...».

Алланы үнемі еске алыңыз және Құран оқыңыз. Алламен оңашада тілдесіңіз, Ол ең жақсы, ең жақын дос. Көп адам білсе де, мойындай бермейтін жайнамаз  үстіндегі бір бақыт бар. Сол бақытқа жету үшін  күніне бес рет жайнамаздың үстіне шығыңыз. Біле білсеңіз, жаман оймен күресудің ең тиімді, ең нәтижелі жолы осы. Алла бізді жаман ойлардан және сондай ойлардың жетегінде кетуден сақтасын! 

Лаура Алмаханова

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру