ЗАЙЫРЛЫ ЕЛ МЕН ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

15 сәуір 2024 1625 0
Оқу режимі

Зайырлылық мемлекет пен дін арасындағы қатынасты анықтайтын ұстаным. Бірақ сол мемлекет те, дін де, адамсыз бос ұғым болып қалады. Адам ақиқаттың өлшемі де, мақсаты да, мұраты да, ұстанымы да бәрі...
Енді мәселе мынада, діндар адам зайырлы бола ала ма? Жалпы зайырлылық ұстанымы адамның жеке тұлғасына қаншалықты қатысты? Осындай сұрақтар бар қоғамда. Демек бұл туралы да анықтамалар, зерттеулер ең болмағанда түсіндірулер шарт. Мемлекет зайырлы делік, сол мемлекеттің азаматтары да зайырлы бола ма?

Негізінде зайырлылық мемлекеттің сипаты, мұндай мемлекет барлық наным сенімдерге, идеологияларға бейтарап қарайды. Зайырлылық мемлекет пен діннің бір бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси, және құқықтық негізгі жүйесінің аз да болса діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. Осы анықтамаға қарап отырып, зайырлылықтың мемлекет болмысына қатысты қағида, ұғым екендігін көруге болады. Сонда байқасаңыз, дінді бөлетін, діни негізге сүйенбейтін, діндерге тең, тарапсыз қарайтын жеке тұлға емес, мемлекет екен. 

Ал жеке тұлға діндар ретінде кез келген дінге тарапсыз қарай ала ма?
Негізінен менің ойымша құрғақ анықтамаларға негізделген түсіндірмелермен шектелу мемлекетіміздің тарихилығын, болмыстық ерекшелігін, құрушыларының құндылықтық дүниетанымдық ғарышын ескермегендік болар еді. Сондықтан анықтамалармен қоса, сол ұстанымның пайда болу сатылары мен ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жасалып, комментариилер нақтылануы тиіс. Неге десеңіз, Батыста дін қызметкеріне клерикал, ал қарапайым адамдарға зайырлы деген екен. Яғни, зайырлы (лаицист) адам деген сөз дін адамы яки діни қызметкер емес (поп немесе папа емес) дегенге саяды. Енді біз мұсылмандар, зайырлылық ұстанымының тарихи қалыптасу ерекшеліктерін өз діни тұғырымыз арқылы саралап, салыстырып қарағанымызда, исламда діни қызметкер, дін адамы деген статус не институт жоқ. Кез келген мұсылман діни қызметті атқара алады. Мысалы жаназа шығару деген сияқты. Исламда бұл құбылыс болмағанмен, кейбір мұсылмандық түсініктерінде соған жақын қабаттар бар. (Мысал қазақ мұсылмандық тарихындағы қожалар институты) 
Дегенмен Батыстағы демократиялық негізде мемлекет негізінен зайырлы болып келеді. Ал адам яғни жеке тұлға үшін зайырлы сипаты қолданылмайды.

Қазір бізде зайырлылықты атеизм ретінде танытқысы келіп, мемлекетке оның конституциялық құрылымына қарсы психологиялық наразылықтағы жастардың бар екендігі байқалады. Зайырлылықты исламға жат не оған қарсы құбылыс ретінде көреді. Себебі оларда зайырлылықтың ұстаным екендігі туралы танымдық білім жоқ яки кем. Бұған былайша жауап беріп көрейік, зайырлылық құбылыс яғни, идеология болса, онда дінмен салыстыруға болады. Немесе зайырлылық өз алдына дін болса, онда жастарымыздың оған қарсы психологиялық наразылық танытуы, өзінің діни сенімін қорғау мақсатында мемлекетке оппозиялық мінез танытуы обьективті тұлғалық қасиет саналар еді. Бірақ зайырлылық дін емес, зайырлылық идеология да емес, зайырлылық идея да емес, ол құрал, ол ұстаным. Сондықтан ол қандай ұстаным, оның негізгі қызметі қандай, қоғамға қай деңгейде, қай қабаттарда пайдалы болады деген сұрақтарды нақтылап жауабына қанығып алған дұрыс. Яғни ең алдымен зайырлылық ұстанымын тану шарт. Зайырлылық дін болмағандықтан да исламға да басқа дін атаулыға да тарапсыз қарайды. Ал егер зайырлылық дін болса, немесе діни сенімдік негізі болса, кез келген дінге тарапсыз қарай алар ма еді..Жоқ!!!
Демек бұл тұрғыдан қарағанда жеке тұлға, мемлекеттің азаматы ретінде әрі белгілі бір діннің өкілі, діндар әрі зайырлы болуы мүмкін екен. Олай болса, атеист те зайырлы әрі атеист болуы ықтимал екен. Себебі зайырлылық дін емес. Егер ол дін болса, бір адам бір мезетте әрі мұсылман әрі христиан бола алмайды, немесе діндар әрі атеист бола алмайды. Біздегі жастарымыз зайырлылықты кешегі коммунистік кезеңдегі атеизммен салыстығысы келеді. Жоқ кешегі кеңестік идеология атеизмге негізделген секуляризм болды. Ол кезде кез келген таным сол идеологияға қызмет етті, ғылым да өнер де, әдебиет те, тарих та, фалсафа да бәрі. Сондықтан кешегі коммунизм зайырлы ел емес, ол атеистік мемлекет болды деп айтамыз. Кейбір зерттеушілер оны зайырлы, оны ішінде де секуляризм яғни шектен шыққан зайырлылық еді дейді. Бұл аксиологиялық, эпистемиологиялық тұрғыдан қате түсінік. 

Себебі діни таным мен діни сенім арасын ажырату және нақты анықтамалар мен тұжырымдардың шегі мен функциясын түсіндіру керек сияқты. Басқаша айтқанда сенім мен таным арасындағы айырмашылықтың да нақты құқықтық ұстанымға негізделетіндігін көрсету керек . Сенім -- табиғаты жағынан субьективті яғни әр адамға қарай түйсіну, сезіну, қабылдау деңгейі әр түрлі бола береді. Себебі онда әр адамның құдайды тану тәжірибесі, рухани психологиялық процесс ретінде нақты шаблондарға сүйенеді. Бұл табиғи құбылыс. Ал таным негізделуі, анықталуы, қайта тексерілуі, талданып, комментарии жасалуы үздіксіз жүріп отырады. Бұл жерден де діннің сенімге, зайырлылықтың танымға негізделген түсініктер екендігін көруге болады.

Енді жеке тұлға зайырлы бола алмайды тек мемлекет ғана зайырлы болады деген тұжырымды қайта қарау керек. Мемлекет өздігінен қалай зайырлы болады, егер оны адамдар құрып отырса. Менің ойымша, мемлекеттің зайырлылық сипатын анықтайтын да адамдар. Мемлекеттің зайырлы болуына ортақ келісім, шешім беретін де адамдар болса, онда сол шешімді қолдайтындарды да зайырлы десек болмай ма?
Зайырлылық ұстанымында мемлекет өз азаматтарының сенімдеріне, араласпай, бөле жармай, қандай да бір діни сенімнің келесі бір дінге қысым жасамауын, үстемдік етпеуін, қысым көрсетпеуін реттейтін функциясы бар. Мемлекеттің діни қысымды болдырмауының өзі оның демократиялық және зайырлы елдің басты қызметі. Мұны заңымыздағы «ар ождан бостандығы», «діни сенім еркіндігі» ретінде түсінеміз. Қазірдің өзінде қоғамда «сен мен сияқты сенуің керек, мынауы ширк, мынауың бидғат, натижеде сен кафирсің» деген психологиялық, діни, танымдық қысымдар көрініс беруде. Осы құбылысты реттейтін де зайырлылық ұстанымының кепілі болып отырған мемлекеттік институт болу керек. Ал мемлекеттің де демократиялық, либералистік, зайырлылық сипаты ешқандай сеніммен, діни қағидамен, дінмен қайшы келмейді. Сондықтан да тұлғаның әрі демократ, зайырлы әрі діндар болуында ешқандай қайшылық жоқ. Олай болса, «мен зайырлы емеспін, тек мемлекет қана зайырлы» деп жүрген азаматтарымыздың пікірі, мұсылмандар демократ, зайырлы бола алмайды, мұсылмандар шариғатқа негізделген мемлекетті қалайды деген саяси идеологиялық қабаттарынан хабар береді деген сөз. Жоғарыда да айттық, зайырлылық сенімге дінге, идеологияларға қатысы жоқ ұстаным. Сондықтан Қазақстан зайырлы ел, құрушысы қазақ мәдениеті, ол мәдениетте ислам басты анықтаушы дін.

Досай КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер Кіру