Үмітсіз шайтан ғана

18 қыркүйек 2019 13296 0
Оқу режимі

Үміт – әлемдердің Раббысы, үстем Құдіреттің Иесі Жаратушыдан пана тілеу. Осындай керемет сыйына бөленген жан сарқылмас қазынаға кенелгендей. Әсіресе, адам баласы өзінің қимасын жоғалтып, жақсылыққа қол жеткізе алмаған кезде, жамандықтан да арыла алмай, алдағы күннің сәулесі өше бастаған шақта үміт адам баласын әуелете тік көтеріп әкететін пырақтай. Үміт арқылы адам өзінің шамасы келмейді деп ойлаған нәрселерге қол жеткізеді.

Үміт сенімнен туындайды. Иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайды. Бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды. Үмітсіздік – үнсіз жұтатын тұңғиық іспетті. Адам қанша қарманбақ болса да, еш нәрсеге қол іліктіре алмай, батқан сайын бата түседі. Үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады.

Қазақта үмітсіз шайтан деп айтады. Бұл сөздің астарында терең мағына бар. Қазақтың бұл сөзі асыл дініміз исламнан бастау алатындығы анық. Мұсылман баласы еш уақытта үміті, күдері үзілмеуі керек. Алладан үмітін үзу - ең үлкен күнәлардың қатарына жатады. Өйткені Құранда: «Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?»[1]дейді. Қазіргі таңда үміттің үзілуі  жайлы көп айтылғанымен, оның себебі неден бастау алып жатқандығы ескерілмей жатқан секілді. «Баланы жастан» демекші, әрбір шаңырақта баласын жігерлендіріп, әрбір сәтсіздіктің арқасында адам шыңдалатындығын, әрбір құлаудан кейін қайта тұру керектігін үйрету керек. Өйткені жігерлі болу, қайратты болу – мұсылманға қажет қасиет. Ертеңгі күні өмірінде кездесетін түрлі сынақтармен қиыншылықтарға моймай, жеңіп шыға алады. Құран Кәрімде«Бір қиыншылықтан кейін жеңілдік бар, бір қиыншылықтан кейін тағы бір қуаныш бар» деген аят бар. Осы аят түскен кезде ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі жақсылықты бір қайғы жеңе алмайды», – деп, екі аятта да сөздер қайталанған іспетті болғанмен, ол жерде бір қиыншылық айтылып тұрғандығы, ал жеңілдік екі бөлек етіп, екі қуаныш айтылып тұрғандығын біздерге аяттың астарын түсіндіреді.

Құранда адамды жігерлендіре түсетін, өмірдегі түрлі қиыншылықтарға тап болған кезде қуат алатын қиссаларды баян етеді. Солардың бірі Юсуф (ғ.с.) қиссасы. Юсуф (ғ.с.) көптеген қиыншылықтар көреді. Өзінің туған бауырлары оған қастық жасап, көре алмаушылықпен ессіз далаға тастап кетеді. Сусыз құдықта қалады. Әкесі хабарсыз, басқа ешкім оған көмектесе алмайтын кезде, ол Алладан күдерін, үмітін үзген жоқ. Патшаның сарайында құл болып жүрген кезде жала жабылып қапасқа түсті. Бірнеше жылдар түрмеде отырды. Барлық қиыншылықтарды тек қана өзін жаратқан Иесінен ғана медет сұрап, жалбарынды. Нәтижесінде, құл боп барған елдің сұлтанына айналды. Бауырлары да оған құрмет етіп, құзырына келді. Міне, бұл қиссадан мұсылмандар ғибрат алуы керек.

     Үміт − Құдіреті шексіз Алла Тағаланың рақымдылық пен кешірімінің кеңдігіне сену. Алла Тағала Құранда: «Менің рақымым барлығын сыйдыратындай өте кең»[2], – дейді. Ал, Пайғамбарымыз бір құдси хадисте Алла Тағаланың мейірімі азабынан үстем екендігін айтады[3]. Әнастан жеткен бір хадисте: «Алланың елшісі өлім аузында жатқан жас жігіттің қасына барып одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?»– деп сұрады. Ол: «Уа, Расулаллаһ! Алланың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын», – деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Осындай жағдайда бір құлдың жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Алла үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды»,[4]деген екен.

Міне, Алланың сүйікті құлдарының өмірінен алатын үлкен сабақтар. Өмірде кездесетін қиыншылықтарда үмітсіздікке түсуге болмайтынын білдік. Перзент көрмей жүрген отбасы, оқуға түсе алмай жатқан жастар, ауруынан айыға алмай жүрген жандар бар. Бұл кісілер еш уақытта үміттерін үзбей, Алла Тағала бір есікті жапса, көптеген ризығының есігін ашатынын білсін.

Әділ халифа хазірет Омардың «Бір адамның жаннатқа, қалғандарының тозаққа кететінін білсем, жаннаттық адам мен емес пе екем деп үміттенемін. Бір адамның тозаққа, қалғандарының тегіс жұмаққа баратынын білсем, тозақтық сол адам тағы да мен емес пе екем деп қорқамын» деген ұлағатты сөздері үміт етудің биік шыңын көрсетсе керек.

Жұманазар Садырханов
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы


[1] «Хижр» сүресі, 56-аят.
[2] «Ағраф» сүресі, 156-аят.
[3] Бухари, Тәухид, 15,22; Муслим, Тәубә, 14
[4] Тирмизи, Жанаиз, 11

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру