Ұлық мерекенің ұлылығы

14 маусым 2018 10134 0
Оқу режимі

Мінекей, қасиетті Рамазан айы да аяқталып, мұсылман жамағатының ұлық мейрамы Ораза айт мерекесіне де санаулы сағаттар ғана қалды. Қадірі айрықша қасиетті мейрамға қандай дайындықтар жасауымыз тиіс? Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен сыр тартар болсақ, бұл мейрамның да өзіндік өзгешеліктер мен айрықша мән берер артықшылықтары жеткілікті. Осы орайда ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Құрметті Наурызбай Тағанұлы! Сұхбатымыздың алғашқы сұрағын Айт мерекесі туралы түсініктен бастасақ, жалпы айт сөзі қандай мағына береді?

– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла атымен бастаймын! Қасиетті Рамазан айын аман-есен, Ораза айтқа төрт көзімізді түгел жеткізенг Жаратушы Аллаға  сансыз шүкірліктер мен мадақтар болсын!

Айт сөзі араб тіліндегі «عِيدٌ» (ъид) деген сөзден туындайды. Ол біздің тілде «мереке-мейрам» деген мағынаны береді. Бұл мейрам – мұсылмандар үшін ең сүйікті мейрам. Себебі, бұл мейрамның екі тұсы бар. Бірі – Раббани тұсы, екіншісі – адамдарға қараған тұсы.

Раббани дейтініміз – бұл мейрамда мұсылмандар Раббыларымен қауышуға асығады. Әр мұсылман мейрамның қуанышы мен Раббыға шүкіршілігін бір жерге ұштастырады. Көрмейсіздер ме, күн шығысымен-ақ адамдар мешіттерге қарай ағылады, Алланы ұлықтап, артынан мерекелерін жамағатпен оқылатын намазбен ұштастырады. Артынан имамның айтқан құтпасын тыңдайды. Әрі қарай туыс, көрші-қоландарын зиярат етіп қал-жағдайларын сұрасады.

Мейрамның адамдарға қараған тұсы болса – мұсылмандар әдеттегі адамдарға тән қуанышқа бөленетіндігі. Бір ай ұсталған оразадан кейін ішіп-жеудің нығметін сезіну. Кедей-кепшіктерге үлестірілетін пітір садақалар да мұқтаж жандардың кем-тетігін толтырып, қуаныштарына қуаныш толтырып жатады. Ал, артымыздан келе жатқан жас балалардың қуанышы болса, ол өз алдына бір әнгіме...

– Айт мерекесінің шығу тарихы көпшілік арасында қызығушылық оятады. Бұл қашаннан бастап мұсылмандардың төл мерекесіне айналды. Осы жайлы баяндап берсеңіз?

– Айт мерекесінің тарихы жайында Имам Әбу Дәуідтің «Сунан» атты хадистер жинағында Әнас (р.а) жеткізген хадисте былай делінген: «Алла Елшісі (с.ғ.с) Мадинаға келген кезде Мадина халқының мейрамдатып ойнап-күлетін екі күндері болған еді. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Бұн екі күн нендей күндер?» – деп сұрады. Мадиналықтар: «Жәхилия дәуірінде бұл күндерде ойнап-күлетін едік», – деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Алла Тағала сендерге бұл екі күнді одан да жақсы басқа екі күнмен ауыстырды, олар – ораза айт пен құрбан айт», – деді».

Осы хадиске сүйеніп, айт мерекесінің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хижрасынан кейін болғанын нақты айта аламыз.

– Мəуліт болсын, Құрбан айт болсын əрбір мерекенің мұсылман қауым үшін өзіндік мəн-маңызы бар ғой. Сол секілді Ораза айт мейрамының қоғамдағы орны жайлы айта кетсеңіз?

– Айт мейрамы қоғамдағы байлар мен кедейлердің арасын жарастырады, жақындатады. Айт – оразаның артынан келетін мейрам. Ораза да айт сияқты қоғамның арасын байланыстырады. Себебі, Рамазан бойы ауыз бекіткен адамдар ас пен судан тыйылып, ашыққан күйде жағдайы төмен жандардың жайын жете түсіне бастайды. Бұл олардың жүректерінің жібуіне, жағдайлары төмен адамдардың жағдайларына түсіністікпен қарауға итермелейді. Пітір-садақа да жиналады.

Ал, енді айт келген кезде, қоғамда еш адамның аш қалмауы көзделеді. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

«أَغْنُوهُمْ فِي هَذَا الْيَوْمِ»

«Бұл күнде олардың қажеттіліктерін өтеңдер!», – деп бұйырған. «Беріңдер» немесе «жақсылық жасаңдар» деп қана шектелмеген. «Қажеттіліктерін өтеңдер!» деп бұйырған.

Әрине, әр жасалған жақсылық иесін келесі жақсылықты жасауға бастама болады. Ендеше, айт мейрамы – қоғамды жарастырып, адамдар арасын жақындата түсетін ұлық мереке.

– Асыл дінімізде орындалатын кез келген амалдың өзіндік əдебі бар. Ендеше, Айт мерекесін өткізудің негізгі әдептеріне тоқталсақ?

– Айт күнінің бірер әдептері бар. Оларды былай тізбектесек болады:

1) Айт намазына ғұсыл алып, таза киім кию, хош иіс себініп, тырнақ алып дайындалу; себебі сүннетті қатты ұстанған Ибн Омардың (р.а) айт күні тазаланып, әдемі киінетіндігі риуаят етілген деректер бар;

2) Намазға шығар алдын бірер құрма жеп алу. Имам Бұхаридың жеткізген хадисінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ораза айт күні үйінен құрма жемей шықпағанын әрі құрманы тақ санмен жегені айтылған.

3) Үйден шығып мешітке барғанша ер адамдардың дауыстап, әйел баласы жасырын тәкбір айтып барулары. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ораза айтта осылай істегені сахих риуаяттармен жеткен.

4) Намазға жаяулатып бару; Әли (р.а) жеткізген хадисте: «Айтқа жаяу шығу сүннеттен», – делінген.

5) Мешітке бір жолмен барып, қайтарда басқа жолмен қайту. Имам Бұхари (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мешітке бір жолмен барса, басқа жолмен қайтқанын жеткізген. Имам Ибн Хажар Асқалани (р.а) бұл амалдың хикметін мынаған байланыстырады:

* Намазға қатысушы адамға жүрген жолдары куәлік ететін болады;
* Осы жолдардың тұрғындары болған адамдар мен жындар куәлік етеді;
* Артықшылықта немесе тәбәрікте екі жолды теңестіру көзделген;
* Жүріп өткен жерлерде иісінің қалуы. Себебі, Ол (с.ғ.с) жұпар иісімен танымал еді.

– Айт мерекесінің ең маңызды элементтерінің бірі – айт намазы. Оның да үкімдері жайлы қысқаша айтып кетсеңіз?

– Айт намазының үкімі – уәжіп. Биылғы ораза айт жұма намазына тура келеді екен. Кей кісілер айт намазына қатысқан адам жұма намазына қатыспай-ақ қойса болады дейтін көрінеді. Осы тұста мынаны ескерте кеткім келеді, екеуі – екі құлшылық. Екеуіне де қатысу керек. Айт намазына қатысқан адамның жұма намазын оқымауға рұқсат берген хадисті кей ғалымдар әлсіз деп тапқан. Әрі ол хадиспен амал етілер болса да, ол рұқсаттың қала тұрғындарына емес, қаладан шалғай жерде тұратын адамдар үшін берілген рұқсат деп қарастырылады.+

– Айт мерекесінің де өз игіліктері бар. Бұл күні мұсылман адам қандай амалдар орындауға көңіл бөлгені жөн?

– Бұл мереке – туыстармен қарым-қатынас жасап, қал-жағдайларын білісіп, қажеттіліктеріне қол созысатын кез. Әлсіздеріне сүйеу болып, ауырғандарды зиярат ететін сәт. Ренжіскендерден кешірім сұрап, арадағы араздықтарды кешіріп, Алла алдында осындай сан түрлі сауаптарға кенелетін ең оңтайлы уақыт. Неге олай болмасқа?!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан ғой: «Кімде-кім мұсылман бауырының дүниелік қиындығын кетірсе, Алла оның қияметтегі қиындығын кетіреді»;

«Кімде-кім өмірі ұзақ болып, ғұмыры берекелі болғанын қаласа, туыстарымен қарым-қатынасын жалғасын»;

Ал, хадис құдсиде: «Мен Рахманмын, «рахимды» (туыстықты) жараттым, оған есімімнен тубірлестіріп есім бердім. Ендеше, кім туыстарымен бірге болса, Мен де онымен біргемін, кім одан қол үзсе, Мен де одан қол үземін», – делінген.

Міне. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осындай керемет дүниелерге шақырады. Айт мерекесі болса, осыған жетелейтін тамаша бастама болып табылады. Алла Тағала біздерді жақсылығынан айырмасын. Әр құлшылық амалдарымыз бізді тең шыңдалуымызға бастасын.

Пікірлер Кіру