Ұлтты сақтайтын – ұлттық болмыс

21 сәуір 2021 7403 0
Оқу режимі

Атам қазақ айтады: «ұят кімде болса, иман сонда» деп. Оны Шәкәрім қажы: «ақыл көзімен көр» дейді. Бізде жетістік болса – ақыл көзінің нәтижесі, кемістік болса иманға иланбай, көре жатармыз деп теріс айналудан шыққан кесел екені сөзсіз. Біз осы мәңгілік идеяны, яғни имандылықты тазалықпен танып, соның ақ жолында жүрген бір азамат – елордадағы Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы Жақия қажы ИСМАЙЫЛОВПЕН ой бөлісе отырып, өрбітуді мақұл көрген едік.

– Жақия Абдоллаұлы, алдымен имандылық дегенге тоқталсаңыз.

– Имандылық – әр мұсылманның адал тірлігі, яғни Алла елшісі пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.) хадисінде көрсетілгендей: «Кімде-кім ниетін – имандылыққа, тазалыққа, тілін – шыншылдыққа, өзін – тыныштыққа, мінезін – туралыққа, құлағын – тыңдаушыға, көзін өнегелі бақылаушыға айналдырып алған болса, демек, ол бақытты». Міне, имандылық белгісі. Бірден айтайын, мұсылман діні – адамға құрметпен қарайды, ізгі ниет, жақсылықты жақтайды, жат пиғылды жақтырмайды, тек Алланың ақ жолы қалағаны. Оны Абай бабамыз «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деп түйді. Пайғамбарымыз «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтажын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» дейді. Осыған ұқсас дара, дана Абай «адамның баласы – бауырың» дейді.

Мына бір жайды да айта кетуді жөн көріп отырмын. Исламға дейін де араб елдерінде өзіндік әдет-ғұрып болған. Ислам діні оны жоймаған, қайта дамытқан. Өзге жұрттарға қысым көрсетпей, еркіндік беріп, тіл мен салтын сақтауға мүмкіндік жасаған. Содан бері қанша ғасыр өтті, бабалар тағылымы жалғасып келеді. Ол заманның адамдары көрінгенге еліктей бермеген секілді.

– Алда қасиетті дініміз білім-ғылымды үйренуге үндегенін айттыңыз. Осыны дамыта кетсеңіз.

– Иә, ислам діні бүкіл адамзатты алаламай, әр жанның кеудесіне сәуле түсіріп отыруды мақсат етеді. Қасаң қағидамен қатып қалуды, өзім білемдікке бой ұруды қолдамайды. Догма емес, бүгінгіше айтсақ, демократияны қалайды. Жағдаймен есептеседі. Жүрекпен ұқ, арды аттама дейді. Ал сұраққа төте жауап берер ислам ғылым мен білімге ерекше мән береді. Дәйек келтірейін, «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары… Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер… білім – мұсылман әйелге де, ерге де парыз» деп оны кімнен үйренудің де жолын атайды. «Егер білмесеңдер, ілім иелерінен сұраңдар… Ғалымдар халықтың ішінде көп емес, олар санаулы» дегенді алға тартады. Міне, осындай тағылым Құран аяттарында, хадистерде өте көп.

Данышпан Абай осыны ерте аңғарғандықтан шығар, «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім» деуі. Меңзеп отырған жағы білім мен ғылым екеніне кім шүбә келтіреді? Айталық, діннің алтын қазығы саналатын араб елдерінде де мектеп, жоғары оқу орындары аз емес. Ол елдердің жастары да білмекке талпынып, ғылымға құлаш ұруды парыз санайды. Намаз оқуды, мешітке баруды сабақтан соң атқарады. Егер бұлай етпесе, араб әлемінде ғұламалар болар ма еді? Осыған қарап кейде еліміздегі бір шоғыр жастардың сабақ кезінде мешітке кетіп қалуы мені ойландырады. Олардың басты міндеті – оқу. Дүниені түрлендіретін, гүлдендіретін – білім мен ғылым. Ендеше білім мен ғылымды меңгерген адам ислам ілімін біліп қана қоймайды, жүрегіне таза күйінде ұялатады.

– Ағашты ұстайтын – тамыры, ұлтты ұстайтын – жаны таза, рухы мықты, халқым деп жанып беретін, жұртым дегенде жұлынып шығатын ұрпақ екені белгілі. Бұған сіз не дейсіз?

– Не дейін, екі қолымды бірдей көтеріп қолдаймын. Ұлтты сақтап келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы ғой. Ілім мен білім ұрпақты аздырмайтыны анық. Мен бұл ретте Аллаға, одан соң Абайға ден қоямын. Себебі осы екі арнада адамдықтың айласы емес, айнасы жатыр. Құран аяттарындағы білім мен ғылым туралы қағидаларды алда келтірдім. Ал Абай: «Ғылымсыз ахирет те, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсетер ме, өзі рақат көрер ме, я жұртқа рақат көрсетер ме?» дейді.

Мен орта мектептерге барып, оқушылармен кездесу өткізіп тұрамын. Мақсатым – тап-таза сананы теріс ағымнан сақтау, Алла жолының дұрыстығын ұғындыру, яғни асыл дініміз туралы түсінік беру. Адасып қалғандарға: «Ең алдымен Құранды оқы, шындықты тап. Хадистерге үңіл. Ұлттық ұғымдарға, ата-бабаның салт-санасына ақылмен, сабырмен қара» деймін. Бізге Алла перзенттерімізді аманатқа берген. Бала жүрегі – гауһартас. Сол жүрекке не түссе, бала соны пішіндейді. Жұмыс, қызмет деп баланы көзден таса етуге болмайды. Қыз анаға, ұл әкеге қарап өсетіні әлімсақтан белгілі. Пайғамбарымыз: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы –тәрбие» десе, хакім Абай: «Баланың жақсы болмағы бірінші – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан» деген.

Кейбір ата-аналар «менің балаларым көп тіл біледі, төрткүл дүниені аралап жүр» деп мақтангерлікке салынатыны бар. Бірақ өз ұлтын, өз тілін толық біле ме екен? Кеңес заманында орыс тілін біледі деп шықтық. Қазір кейбіреулеріміз ағылшын тілін, қытай тілін біледі дегенді ту етіп жүрміз. Білсін, қарсы емеспін, өз тіліне де мән берсін. Өз тілін ұқпай, өзге тілге жетікпін деу қалай болар екен?

– Баланы орынсыз еркелетіп, есірте беру кейде есірікке айналдыруы мүмкін дейсіз ғой.

– Түпкі ойдың үстінен түстіңіз. Кім баласын жек көреді, кім баласын жаман болсын дейді? Тотыдай торда ұста демеймін, дегенмен баланы шектеп отырудың да залалы жоқ. Қазақтың «тәйт!» деген сөзі қандай керемет! Қаталдау естіледі, бірақ мәні зор, тереңдеп қарасаң.

Адал сүт емізбеу, халал тағам жегізбеу бала табиғатына кері әсер етпей қоймайды. Ол бірден білінбеуі мүмкін. Кейде кей пенделердің кері кетудегі бір түйткілі осында жатуы да ғажап емес. Тамақты да тектеп берсе, бала сүмбі талдай сұлу болып өседі. Сол тектемеудің кемдігінен бе, осы күні кейбір ұл мен қыз орынсыз толып бара жатқандай. Сол секілді көркем тәрбие берудің жолы – ізгілікте. Кішіпейілдік, инабаттылық ізетті болып өсуде жатыр. Ол үшін ізгі адамдар туралы айтып отыруы қажет. Жақсы ойын түрлерінің де балаға берер тағылымы мол.

Бала – балауса шыбық. Шыбықты төрт мезгілдің желі тербемей тұрмайды. Сонда тамырын босатпай ұстап қалуың керек. Баланы күндізгі емес, түнгі ұйқыға үйрету абзал. Бұл шариғатта бар. Күндізгі ұйқыға дағдыланған бала түнде ата-­анасының мазасын алып қана қоймайды, өзін де шаршатады. Жақсы тәрбие алған бала – ата-ананың шамшырағы.

– Осы күні әке мен бала, қыз бен ана, келін мен ене туралы қилы-қилы қиындықтар кездеседі. Көріп те жүрміз, естіп те қаламыз. Сіз де хабардар шығарсыз?

– Сұрақтың салмағы қорғасындай ауыр. Көз де шалады, құлақ та естиді. «Бұл қалай болды?» деген күдік көкейде аш бөрідей тулайтын тұстар баршылық. Иә, ұлттық үлгіні кей тұста сағымға айналдырып алмадық па десем, ешкім артық айттың дей қоймас. Адам айтса сенгісіз сұрқай сұмдықтар соның кесірінен болып жатқан жоқ па екен? Әкемен жағаласу, анаға қатыгездік көрсету қан мен жанымызда жоқ еді ғой. Өркениетке ұмтылудың да жөн-жосығын саралап, тара­зыда теңшеп отырсақ, қане. Мен бар пәлені жаһандану делінетін «басқыншылықтан», халықтық қасиеттен аз-кем айырылып бара жатқаннан іздеген жөн бе деймін. Ұлтты сақтайтын ұлттық болмыс қой. Бір кездері жалғыз бас әкені, шешені өзгелерден көріп «ойпыр-ай» дейтінбіз. Қазір бұл бізде де етек алып бара жатқандай. Әлемдік өркениет деген шықты. Әрине, оны танып-білу керек. Бірақ одан қалмаймыз деп өз болмысыңды жоғалту – күнә. Ұлтты сақтайтын – ұлттық болмыс. Сол болмысын сақтай алмағандар құмға сіңген судай тынып жатыр. «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаңа, содан соң Отаныңа жақсылық жаса» – бұл хадис сөзі. Ана құдіретін қандай тап басып айтқан?! Ана – Отан дейді. Екеуі егіз болып шықты. Осыны әр жас көке­йіне кестедей тоқыса деймін. «Ата тегіңді, туыс-туғаныңды жақсы танып біл. Өйткені өзара қатынас жасауың үшін қажет болады» деген түйін тексіздіктен сақтайды. Көп нәрсе осы тек білмеуден болып жатқан жоқ па? «Қартайған шағында ата-анасын разы етіп, күтпеген перзент қор болсын!», «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу – Алла алдында күнәһар болу» – екі сөз де хадистен алынды. Ауырлау естіледі, бірақ ақиқаттан кім қашып құтылады? «Кімде-кім әкесі қайтыс болғаннан кейін де оған жақсылық істегісі келсе, оның ең жақын дос­тарынан қол үзбесін» – есте ұстайтын үлгі сөз. «Кімде-кім ата-анасының ризалығын алған болса, Алла оның өмірін ұзартады» – осыны білген адам надандыққа бармайды. Біз кейде осындай қағидаларды жастарға дер кезінде жеткізе алмай, олар қателікке ұрынып жүрген жоқ па екен деген бір сауал жан дүниемді мазалай беретіні бар.

– Өзіңіз бас имам болып отырған Ырыскелді қажы мешіті туралы айта кетсеңіз.

– Еліміздегі заманауи Алла үйінің төрт құбыласы түгел десем жарасады. Әлемдегі айтулы жаңа мешіттердің қатарында тұр. Мұндағы жылу жүйесі, жарықтандыру және басқа да инженерлік қызметтер жаңа технология бойынша жасақталған. Жарық мұнда күн батареялары арқылы өндіріледі. Артылған энергия көздерін қаланың қажет жеріне беріп отырамыз. Осындай келісті мешітті Жақсыбеков­тер әулетінің мұрындық болуымен тұрғызылғанын да еске сала кетейін. Мына дүниеде халықтың қажеті үшін деп мешіт салып беру сауап іс екені сөзсіз. Мешітімізден жұрт үзілмейді. Біз Алланың ақ жолы – имандылықта жатқанын үлкен-кішіге арқауын үзбей жеткізіп келеміз. Адаспауға бағыт-бағдар береміз. Түйіп айтар болсам, хадисте айтылғандай, «Барына шүкіршілік ететін адамдар Аллаға да шүкіршілік жасайды».

Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру