УАҚЫП ҚЫЛҒАН АДАМНЫҢ САУАБЫ ҚАНДАЙ

16 маусым 2023 2871 0
Оқу режимі

Алла Тағала Қасиетті Құранда: لَنْ تَنَالُوا البِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنْفِقُوا مِنْ شَىْءٍ فَاِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ

Сендер жақсы көрген нәрселеріңді жұмсамайынша жақсылыққа жете алмайсыңдар, не нәрсені жұмсаған болсаңдар Алла оны білуші» - деп айтқан. (Әли имран сүресі, 92 – аят)

Мал-дүниенің барлығы адам баласына сүйкімді көрінеді. Сүйгені соншалық ешкіммен бөліскенді ұнатпайды. Ал Құдайы сүйген адам сол мал-дүниенің бір бөлігін болсын Алла жолында жұмсайды. Соның бір көрінісі – уақып. Уақып – жерінің, мекемесінің, үйінің пайдасын халыққа беріп, сауабын Алладан үміт етіп, Алланың мүлкі қылу(бұдан кейін оған ешкім иелік ете алмайды). Алла үшін уақып қылған жанның соңы жәннәт болмақ. Бұған дәлеліміз Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына көшіп барған сәтінде су тапшы болатын. Тек сол аймақта «Рума» атты бір құдық бар, ол құдық та бір яһудиге тиесілі еді. Сол сәтте Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бұл құдықты сатып алып, оны тазартып мұсылмандарға берсе, ол адамға қайтарымы ретінде жәннат беріледі» деген кезде хазіреті Осман отыз бес динарға сатып алып, мұсылмандарға уақып қылды. Уақып етілген нәрсе басқа адамның мүлкіне өтпейді, мирасқа да қалмайды тек қияметке дейін Алланың мүлкі болып қала бермек. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір сөзінде былай дейді:

يقول النبيُّ ﷺ

 إذا مات ابنُ آدم انقطع عملُه إلا من ثلاثٍ: صدقة جارية، أو علم يُنتفع به، أو ولد صالح يدعو له

«Адам баласы дүниеден өтсе, оның амалының барлығы үзіледі. Тек үш түрлі амалы үзілмейді: жария берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі, оған дұға жасайтын салиқалы ұрпағы». Осы хадиске зер салсақ, «Жария берген садақасы» деп айтты, бұл дегеніміз уақып қылған адам өзіңің мүлкін Алла жолында жұмсап, сауабын Алладан үміт етуі керек. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

يتْبعُ الميْتَ ثلاثَةٌ: أهلُهُ ومالُه وعمَلُه، فيرْجِع اثنانِ ويبْقَى واحِدٌ: يرجعُ أهلُهُ ومالُهُ، ويبقَى عملُهُ

«Мәйіттің соңынан үш нәрсе ілеседі. Оның екеуі кейін қайтады. Біреуі онымен бірге (қабірде) қалады. Оның соңынан – отбасысы, мал-дүниесі және істеген амалдары ілеседі. Отбасы мен мал-дүниесі кейін оралып, істеген (амалдары) қалады».  Міне, егер мүлкімізді уақып қылып Алла үшін беретін болсақ, өлгеннен кейін де бұның сауабы келіп тұрады. Уақып қылған мүлкі қирап, бұзылып кеткенше оның сауабы жалғаспақ...

Шалхар Жолды,

"Әзірет Сұлтан" мешітінің ұстазы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру