ТЫЙЫМ СӨЗДЕР

20 наурыз 2024 4305 0
Оқу режимі

1. Жұрттың бәрімен, әсіресе, қартаң адамдармен қай жерде, қай уақытта болсын амандасып жүр.

2. Денсаулығым жақсы болсын десең, өзгелердің де саушылығын сұрап амандас.

3. Өзіңді, айнала қоршаған табиғатты сүй.

4. Өз бойыңдағы сараңдықты, жалқаулықты, тоқмейілдікті, екіжүзділікті, менмендікті, пайдакүнем есепшілдікті, қорқынышты жең.

5. Адамға сен, адамды сүй.

6. Өзгелер туралы өзің әділетсіз сөз айтпа, біреудің ғайбат сөзіне сене салма.

7. Ой мен істі бір-бірінен бөліп қарама. Оқығаның жақсы-ақ, бірақ ең бастысы – істеу керек.

8. Қарапайым бол!

9. Арақ ішпе, темекі тартпа.

10. Түкке тұрмайтын нәрсеге бола ашуланба.

11. Егер дұрыс жасамасаң, кемшілігіңді тез түзетуге тырыс. Жақсылыққа апарар жолға баста.

12. Сәтсіздіктеріңді емес, қуанышты күндеріңді жиі еске түсір.

13. Өзге адамдардың ой-пікірі мен талап-тілегіне түсіністікпен қара.

14. Анаңа ауыр сөз айтпа.

15. Кісіге қарап күлме.

16. Адамды айналып жүгірме.

17. Жатқан адамның үстінен аттама.

18. Адамға қарап керілме.

Адамға қарап есінеме.

19. Босағаны керме.

Бас киімді теппе.

20. Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе

21. Жүріп келе жатқан адам отырған адамға, атты адам жаяуға, аз адам көпке сәлем беруге тиіс.

22. Үлкендер мен ғалым адамдар алдында көп сөйлемеуге тырыс.

23. Мешітке, үйге «ассалаумағаләйкум» деп кіру керек, кешке «кеш жарық» деп кіру керек.

24. Үлкен кісілерді, ананы, әйелді көлікке қолтықтап демеп мінгізу, не түсіру керек.

25. Әйел алдында әдепті бол, сыпайы сөйле.

26. Үлкен кісі келсе жайдары қарсы ал, киімін іл, төрге шығар. Көшеде, жолда жатқан шыны, темір болса алып таста.

27. Үлкендерден бұрын тамаққа қолыңды салма.

28. Адамға күш қолданба.

29. Сәбилерге өтірік айтпа, алдама, қорқытпа. Оларды жаман әдетке үйретпе.

30. Тамақ жеп отырып сөйлеме.

31. Тамақты өз алдыңнан же, кісі алдындағыға қол созба.

32. Егін ішінде дәретке отырма.

33. Сұйық тамақты сораптамай іш.

34. Дастархан үстінде әдемі отыр, әдепті сөйле.

35. Дініңе сеніммен, құрметпен қара.

36. Халқыңның тарихын, дәстүрін, салтын, әдет-ғұрпын жадыңа тоқы және оны кейінгілерге үйрет.

37. Қанша ұлы адам болсаң да халық алдында кіші, әдепті бол.

38. Біліміңді көпке, пайдалы жерге жұмса.

39. Жаман дағдыдан аулақ бол.

40. Жаман адамдардан қашық жүр.

41. Көршілеріңмен жылы сәлемдес.

42. Достыққа берік, адал бол.

43. Біреуді жамандама, өзіңді жамандаған адаммен дауласпа, жауласпа.

44. Қуанышта, қиындықта, қайғыда, ашуда ұстамды бол.

45. Шаруашылықтың басы-қасында жүрген адамдарға жолыққанда: бақташыға «бағар көбейсін», мал айдап бара жатқандарға «айдар көбейсін», егіншіге «бір дәнің мың дән болсын», түрлі жұмыс үстіндегілерге «іске сәт», жаңа қоныстанушыларға «қоныс құтты болсын» деу керек.

46. Жолаушыларға, жүргіншіге, сапарға шыққандарға «сапар сәтті болсын» деу керек («қайда барасыз» деуге болмайды).

47. Үй сыртында тұрып немесе теріс қарап тұрып сөйлеуге болмайды.

48. Аты белгілі адамдарға құрмет көрсет.

49. Шалбарды отырып кию керек.

50. Әйелдер, қыздар орындықта аяғын айқастырып отыруға болмайды.

51. Алыс сапарға, игілікті іске, емделуге аттанар алдында қариялардың батасын ал.

52. Үйге, мешітке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек.

53. Кемтар адам алдында дене кемістігі туралы әңгімелеме.

54. Моншада да ұятыңды жаба біл.

55. Пейіліңді кеңге сал.

56. Кешірімді, мейірімді, сыпайы бол.

57. Өркөкірек адамнан қаш, өзің де кеудеңді көтерме.

58. Байлыққа мақтану ақылдының ісі емес.

59. Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама.

60. Кемтарларға, жетімге қамқорлық жаса, жәрдем бер, садақа бер.

61. Айтта, Наурызда, мереке күндерінде «құтты болсын» айтуды ұмытпа.

62. Танитын адамдарға қуанышына ортақтасуды немесе қайғысына көңіл айтуды ұмытпа.

63. Тәңірге, әруаққа, халыққа тіл тигізбе.

64. Ата-анаңа әдеппен сөйле, құрметпен қара, айтқанын сөзсіз орында және оларды әулие тұт.

65. Біреудің киімін (жақсы болса да) киюге әуестенбе.

66. Өнердің қай түрі болса да үйренуден жалықпа.

67. Туыс-туғандарыңды, нағашы-жиендеріңді тағы басқа ілік, құда, жекжаттармен жиі қатынасып, араласып-құраласып жүр. Оларды өзіңе жақын тұт.

68. Туған жеріңді ұмытпа. Ол жерге жиі барып тұр. Бір уыс топырағын үйіңде қастерлеп сақта.

69. Ата-баба қорымдарына соғып оларға дұға оқуды ұмытпа.

70. Біл, білме жолдағы қорымдарға дұға оқып, бет сипауды есіңнен шығара көрме.

71. Ауру адамның көңілін сұрауды ұмытпа. Бірақ кешке, түнде көңіл сұрауға болмайды. Ауру адамға қайғылы хабарды айтпа.

72. Лауазымы үлкенге жалпаңдама, лауазымы кішіге кекірейме.

73. Әр істе де адал бол. Әділ болсаң әлді боласың.

74. Өзіңді кім сыйласа, оны сен де сыйла, құрмет көрсет.

75. Қаруың – білімің мен тілің, сүйенішің, тірегің – ақылың болсын.

76. Ерлі-зайыптылар бір-біріне жала жабуға және өте ауыр сөз айтуыңа болмайды.

77. Балаларының алдында ата-аналар өзін әділ, әдепті ұстауға тиіс.

78. Ұрлық, күш жұмсау, біреудің мүлкін, үйін өртеу, зорлық өте ауыр күнә.

79. Күнә мен кінә бірдей емес.

Тақыт пен бақыт бірдей емес.

Қызығу мен қызғану бірдей емес.

Сыйластық пен сыбайластық бірдей емес.

Оқу мен тоқу бірдей емес.

80. Атақты адам болғың келсе, сондай адамдар туралы оқы да тоқы.

Құрметті адам болғың келсе – көптің сөзін сөйле, халық жағында бол.

81. Бақытты болғың келсе ізгі істерге бойыңды үйрет, жаман әдеттен қаш.

82. Әр құралды өз орнына пайдаланатын бол. Мысалы күрекпен шеге қақпайды.

83. Пайдакүнемдік, айлакерлік, қулық жақсылыққа бастамайды.

84. Азғындаушының азығы – арақ. Одан өзің де, өзгені де сақтандыр.

85. Өнер адамдарын үлгі тұт.

86. Ата-анаңа, ұстазыңа, жетекшіңе ажырайып қарама, қатты сөйлеме.

87. Жұрт алдында әдепсіз сөз сөйлеме, ерсі қимыл жасама.

88. Жұдырық жұмсау жігітке абырой емес.

89. Басқа қызға, басқа біреудің келіншегіне көп қарама.

90. Қыздар-ау, көп сықылықтамаңдар.

91. Жұрт жұмылып жатқан істен шет қалма.

92. Көмек сұрағандарға, апатқа ұшырағандарға қол ұшыңды бер.

93. Отан, халық алдындағы борыштарыңнан бас тартушы болма.

94. Өзіңе өзің сын көзіңмен қарап жүр.

95. Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе.

96. Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетпе. Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе.

97. Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішті болмауды әрқашан ойлап жүр.

98. Көпке қарсы болма. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген мақал бар.

99. Төсеккөрпенің тұйығын ірге жаққа қаратып төсейді.

100. Жас адам көлікке, атқа ең соңынан мінуі керек.

101. Үйде, дастарханда адамдар жасына қарай үлкендер төрде, жастар төмен қарай отырады.

102. Жас адамдар үлкендер алдында, үлкендер жастар алдында өздерін әдепті ұстағандары жөн.

103. Біреудің байлығына, дүние-мүлкіне, ақшасына сұқтанба.

104. Бойыңды да, ойыңды да, арыңды да таза ұста.

105. Жүзің жарқын, жаның жомарт, мінезің жақсы болсын.

106. Көп ішінде жаныңдағы адаммен сыбырласып (құпия) сөйлеспе.

107. Сын сағатта әлсіздік, ұстамсыздық жасаған адамды халық жек көреді.

108. Қиын сәтте батыр болмасаң да батыл бол.

109. Халқым барда қарным ашады деп қамықпа.

110. «Миым ашиды» дегеннен гөрі «жаным ашиды» деген жөн.

111. Жақсы және жақсылық туралы айтуды әдеттен.

112. Халықтың «ақыл-жастан, асыл-тастан» деген керемет сөзіне ой жіберіп қарашы.

113. Ақ шашты атаны, ақ жаулықты ананы көрсең –ізет көрсет.

114. Жаман адамға да жақсы көзбен қара.

115. Аш болсаң да, тоқ болсаң да құдайыңды ұмытпа.

116. Халыққа, аруаққа шет болма.

117. Біреудің намысына тимей сөйле.

118. Біреудің кемшілігі мен істегі мінін көп алдында айтпа.

119. Жарлы болсаң да жарамсақ болма.

120. Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе.

121. Баланы ойынмен, үлкенді шындықпен жеңесің.

122. Жазықсыз жәндікті өлтірме, малға зәбір көрсетпе.

123. Тәрбиеліден – тәлім, ғалымнан – ғибрат, өнерліден – өнеге ал.

 

Пікірлер Кіру