ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАН ӘЙЕЛГЕ ЕРІНІҢ ТЕГІНЕ ӨТУДІҢ ҮКІМІ

24 шілде 2024 1122 0
Оқу режимі

  بسم  الله الرحمن الرحيم الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين  

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!  

Негізінде, әр адам өз тегімен аталуы керек. Тіпті, шариғатымыз асыранды баланың тегін өзгертуге рұқсат бермейді. Алла Тағала Құранда: ادْعُوهُمْ لِآبَائِهِمْ هُوَ أَقْسَطُ عِندَ اللَّهِ ۚ «Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол»[1], – деп бұйырды.

 Сондай-ақ Құран Кәрімде: وَمَرْيَمَ ابْنَتَ عِمْرَانَ الَّتِي أَحْصَنَتْ فَرْجَهَا «Ары мен абыройын сақтай білген Имранқызы Мәриямды да мысалға келтіреді»[2], – делінген.

Құдайдың және адамдардың алдында мәртебелері жоғары болуына қарамастан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайлары өз әкелерінің есімдерімен аталды. Мысалы, Әбу Бәкірқызы Айша, Омарқызы Хафса және Жахшқызы Зейнеп (Алла оларға разы болсын). Десе де тұрмысқа шыққан кей әйелдер күйеуінің тегіне ауысып жатады. Яғни, құжатқа өзінің тегін өзгертіп, күйеуінің фамилиясын жаздыртады. Әрине бұл «пәленше әйел түгенше отбасыға келін болып барды» деп айтқанымыз сияқты әйелді таныту мақсатында жасалады. Осы секілді бір кісіні түрлі жолмен танытуға болады. Мысалы, Нухтың әйелі мен Луттың әйелі[3],

Перғауынның әйелі[4] Ибн Аббастың азат еткен құлы Икрима, Әлия (анасы) ұлы Исмаил. Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте:

 أن زينب امرأة ابن مسعود رضي الله عنهما جاءت تستأذن على رسول الله صلي الله عليه وسلم فقيل:يا رسول الله هذه زينب تستأذن عليك, فقال صلوات الله وسلامه عليه:أي الزيانب؟ فقيل: امراة ابن مسعود, قال: ائذنوا لها, فأذن لها

«Мәсғудұлының әйелі Зейнеп (Алла оған разы болсын) Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп (кіруге) рұқсат сұрайды. «Уа, Алланың Елшісі! Зейнеп кіруге рұқсат сұрап тұр!» – дегенде, ол: «Қайсы Зейнеп?» – деп сұрайды. «Мәсғудұлының әйелі», – деп жауап береді. Ол: «Кірсін», – дейді. Сонда оған кіруге рұқсат береді»[5].

Осы хадисте әйелді таныту үшін өз ерінің, яғни сахаба Абдулланың тегімен атап тұр. Қазіргі таңдағы өз ерінің тегімен жазылу үлгісі де таныту мақсатында жасалатындықтан шариғатқа қайшы емес. Ал шариғат өз әкесінен бас тартып, «пәленшенің қызы не ұлы» деуге тыйым салады.    

ҮКІМ:  

 1.   Әркім өз әкесінің атымен аталуы керек. Әкесінің атын өзгерту – харам.

2.   Тұрмысқа шыққан әйел өз тегінде қалғаны дұрыс. Ерінің тегіне өту-өтпеуі өз еркінде. Бірақ күйеуі әйеліне өз тегіне өтуін міндеттеуі дұрыс емес.

 

[1] «Ахзаб» сүресі, 5-аят.

 [2] «Тахрим» сүресі, 12-аят.

[3] «Тахрим» сүресі, 10-аят.

 [4] «Тахрим» сүресі, 11-аят.

 [5] Бұхари мен Мүслим риуаят еткен.

 

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=1066

Дереккөз: пәтуа.кз

Пікірлер Кіру