ТЕРІС АҒЫМНЫҢ КЕЛЕҢСІЗДІГІ

12 наурыз 2024 1550 0
Оқу режимі

Халқымыздың 70 пайызға жуығы мұсылман дінінің өкілдері. Дін ұстануға еркіндік берілгелі 30 жылдан астам уақыт өтті. Алайда алғашқы жылдары мұсылмандық діннің дұрыс бағыт-бағдарын білетіндер қатары сирек еді.

Сол жылдары білім ізде­ген отандастарымыз Түркия, Мы­сыр, Сауд Арабия корольдігі секілді елдердегі діни жоғары оқу орындарына көптеп ке­те бастады. Олардың алды 2000-жыл­­дарға қарай оқуын тә­мам­­дап, елге қайта оралды. Міне, осы уақыттан бастап қа­зақ да­ласында деструктивті ді­ни ағым өкілдері пайда болды.

Өйткені бұл азаматтардың басым көпшілігі арабтың не тү­ріктің дінін емес, жат дәс­тү­рін және теріс пиғылды ағым­дардың қате пікірлерін (хужра) үйреніп келді. Яғни олардың дені мәзһаб ұстан­байтын еді немесе араб ті­лін, құранды және хадисті біл­ген адам мәзһабқа мұқтаж емес де­ген пікірмен оралды. Сал­дарынан «сәләфизм» және «уахабизм» сынды мәзһаб­сыз діни ұстанымдағы ағым­дар пайда болса, Түркия Рес­пуб­­ликасынан келгендер ара­сын­да жамағатшыл жастар көбейді. Осылайша, қоғамда дін ұстанушы азаматтар арасында топтық тартыс басталып кетті.

Қазақ қоғамының дәстүрі мен салты, әдеті мен ұстанымы, ділі мен тілі, ұлттық ұраны мен қоғамдық түсінігі Әбу Хани­фа мәзһабына негізделген. Алай­да мәзһаб ұстанбайтын аза­маттар осының барлығын жоққа шығарып, жат түсінікті терең сіңіріп, дінді арнайы оқу орындарынан емес, хужралардан үйреніп, діннің ғылыми түсінігінен гөрі, дамыған мына заманда фундаменталистік түсінікке баса назар аударды. Діннің өміршеңдігін мойын­дағысы келмеген бұл азаматтар дін ұстанушы адамның түсінігі мен амалына ноқта салғысы келеді.

Соның бірі – ұлтты мойындамау. «Біз тек мұсылманбыз» деудің астарында діни емес, саяси пікірдің барын айта аламыз. Алайда Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, та­бысуларың үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөл­­дік» деген аятты жоққа шы­­ға­рып, жергілікті ұлттың на­­мы­­сы мен ұстанымдарын мен­­сін­бей, өздерін жоғары са­най отырып, қоғам арасында іріт­кі салу арқылы елімізде дін­­нің тұрақтылығы мен өмір­шең­дігіне кедергі келтіріп отыр. Ұл­тын мойындамаған адам тілі­не, дәстүріне және ота­ны­на құрметі мен қастері болмайтынын ұмытпағанымыз абзал.

Екіншіден, мәзһабты мойындамау. Мәзһаб дегеніміз – діни ұстанымды жүйелеген мектептердің атауы. Мәзһаб имамдары мен ислам ғалымда­ры дінді жан-жақты зерттеп, зер­делеп, қағаз бетіне түсі­ріп, діннің бұрмалануы мен жан­сақ пікірлерден қорғаған. Мәзһабты мойындамаймын деу – ислам ғұламаларын мойындамау деген сөз. Ал ислам ғұламаларын мойындамай­тын болсақ, Құран мен хадисті әркім өз бетінше жорамалдай­тын боламыз. Бұл бірлік ұста­ным қағидасы жойылып, дін­нің бұзылуына алып келе­ді. Мәзһаб – біртұтастық пен бей­­бітшіліктің кепілі. Ал мәз­һаб­сыздық болса тұрақ­сыздық пен алауыздықтың белгісі. Елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы тарапынан насихатталып келе жатқан «Әбу Ханифа» мәзһабы – біздің дініміз бен діліміздің кепілі.

Қоғамдағы тағы бір келең­сіздік – өзгелерді «кә­пір» деп айыптау. Кәпір деп ша­ри­ғатта «Ислам дінін қабыл­да­маған» адамға айтылады. Яғ­ни мұсылман емес деген сөз. Өкінішке қарай, теріс ағым өкілдері біреуді кәпір дей отырып, оның жаны, ма­лы мен арына қол салуды «адал» деп біледі. Оны күнә деп есептемейді. Мұндай әрекет Пайғамбарымыз Мұ­хам­мед (с.ғ.с.) бен оның сахаба­ларының дәуірінде болмаған. Алайда бүгінгі теріс сенімде жүрген азаматтар оны тілімен айтып, әрекетімен көрсетіп жүр. Бұл – қоғамға төнген үлкен қауіп. Тіпті олар намаз оқымайтындарды да кәпір деп айыптап, оның ішінде өз туыс­тарымен байланысын үзіп, қоғам ішінде дүрдараздық тудырып жатыр. Әкем, шешем немесе бауырым намаз оқымайды деп олармен аралас­пай қойғандар жетерлік.

Мұндай түсінікте жүрген азаматтар қазақ қоғамы мен дәстүріне, ділі мен діні­не, ұста­нымы мен әдет-ғұрып­тарына және отанына қиянат ететіні баршаға аян. Жаратқан Алла еліміз бен жерімізді бүліктен сақтасын.

 

Исатай БЕРДАЛИЕВ,

Астана қаласы «Діндерді зерттеу» орталығының

теолог маманы, PhD 

Дереккөз: Егемен Қазақстан газеті

Пікірлер Кіру