Тәуелділіктен арылу жолы

05 қаңтар 2021 7948 0
Оқу режимі

Қазіргі қоғамда тәуелділіктің түрлері жыл санап артып барады. Ғасыр індеті болып отырған нашақорлық пен ішімдікке, темекіге тәуелділікті былай қойғанда ғаламторға, смартфондарға тәуелділік, пластикалық ота жасатуға, махаббатқа, тамаққа, дүкен құмарлыққа (шопоголизм), жыныстық құмарлыққа (сексуалды аддикция), дәрі-дәрмекке және жастар арасында қатты белең алып отырған селфиге (өзін өзі суретке түсіру), сериалдарға, опа-далапқа, т.б. тәуелділіктер келіп қосылуда.  

Технология мен адамзаттың күн сайын өркендеуі түрлі дерттің де «өркендеуіне» себеп болып отыр. Молшылық, мүмкіндіктердің  көп болуы мен қолжетімділік адамдардың тәуелділігін арттыра түсуде. Ол зиян әдеттерге тәуелді болу үшін қазір маскүнем немесе нашақор болудың да қажеті жоқ. Қоғамдағы кейбір белсенді, дені сау адамдардың өзі де тәуелділік дертіне шалдыққан.  Осы тәуелділік дертінен қалай арылуға болады?  Рухымызды осы зиянның бұғауынан қалай арашалап қаламыз?

Осы сауалдарға жауап табу үшін, ең алдымен оның пайда болу себептерін қарастырайық. Мұның себебі – «ауруда». Мейлі ол қандай ауру болсын, тәуелділіктің нақты себебі сол дертте. Себебі, физикалық та, эмоционалдық та аурулар үшін адам миының бір бөлігі жауап береді. Дәл сол «дерт» өз дауасын табу үшін түрлі тәуелділікке байлануға түрткі болады. Адам баласы ол тәуелділіктерді қажет болғаннан жасамайды, іштегі қайғы-мұңнан арылу үшін, оны «тұншықтыру» үшін жасайды.   

Канадалық дәрігер, психотерапевт, медицина докторы Габор Матэ (Gabor Mate) былай дейді: «Тәуелділікке байланған адамдармен жұмыс жасау барысында, мен ол адамдардан олардың неге тәуелді екенін сұрамаймын. Мен олардан іштегі дерті туралы сұраймын. Адамның рухани алған жарақаты тәуелділікке байлануына себеп болады. Мен тұрып жатқан қаланың батыс бөлігіндегі қала тұрғындарының көпшілігі тәуелділікке шалдыққан. Тіпті тұрғындарының барлығы деуге болады. Бір қызығы, өзімнің отыз үш жылдағы тәжірибемде мұсылман ер адамдар мен мұсылман қыз-келіншектердің тәуелділікке душар болып, психологтың көмегіне жүгінгенін көрген емеспін. Менің алдыма мұсылмандар көмек сұрап келген емес. Мұның сыры неде екені маған да қызық...» 

Расында, мұның сыры неде болды екен? Жауабын әрине, басымызға түскен кез келген қайғы-мұңға сабыр ету, бастан өткеру деуге болады. Құранда айтылғандай: «Алла Тағала кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді»[1]. Қайғы-мұңнан, қиыншылықтардан қашамыз деп, біз ол қиындықтарды қайта үдетіп аламыз. Қиындықтардан құтылу үшін, оған  аяғына дейін төтеп беру керек. Себебі, қиындықтарды сабыр ету арқылы және басымыздан өткізіп қана құтыла аламыз. Қиындықтармен және тәуелділік дертімен күресуде адам баласына жәрдемші болатын не нәрсе? Ол – сабырлылық және намаз. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 153-аятында: «Әй мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла Тағала сабыр етушілермен бірге», - деп келеді. Құран аяттары мен хадистерге сүйенсек, сабыр – ол жетістікке жетудің маңызды бір үлкен бөлігі. Бұл сөзімізге де Алланың мұғжизасы – қасиетті Құранда «Аср» сүресінде келтірілген аяттар толық жауап береді: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды». Жалпы қасиетті Құранда сабырдың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Хадистерде де көптеп айтылған.

Жалпы, сабырдың бірнеше сатысы бар. Соның бірі: машақат, қиындық, қайғы-қасіретті жағдайларға сабыр ету.

Адамға ең қиын болып көрінетін сабырдың түрі де осы. Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай кездеседі. Осы жағдайда тосқауыл болып, дем беретін сабыр. Мұндай жағдайда Жаратушымызға налуымыздың өзі күнә. Яғни, тағдырымызға қарсы болып, ондай болғанда, мұндай болмас еді, деп айту артық. Алла Тағала үлкен сынаққа алып жатқанын естен шығармауымыз керек. Басқа түскен қасіретке шыдап, келер күннен үміт күту мұсылманның ең көркем мінезі. Әр уақытта ең бастысы сабырға арқа сүйеу қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімнің үш перзенті өлсе, сабыр етіп, сауабын Алладан күтсе, жәннатқа кіреді. Сол кезде екі перзенті өлсе де ме? – деп сұрайды. – Иә, - деп жауап береді. Бір перзент болса ше? – дегенде, - Ол да дәл солай», - деген екен.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтады: «Күшті мүмін әлсіз мүміннен артық Алла Тағалаға сүйкімді. Жақсылық алыс емес өзіңе пайдалы іске қызық. Алла Тағаладан жәрдем сұра. Әлжуаздық, нашарлық жасама. Басыңа қайғы түссе – жасыма, зиян тартсаң – өкінбе.  Былай істегенде, осылай болмас еді деп орынсыз өкінбе. Керісінше Алла соны тағдыр еткендіктен солай болды де. Өйткені үмітсіз өкіну шайтан ісіне жол ашады».

«Ешбір жанға сабырлылықтан үлкен әрі қайырлы сый бұйырмаған»[2]. Сабыр сөзі арабтың «шыдамдылық ету» деген сөзінен шыққан. Шариғаттағы мағынасы Алланың разылығы үшін өмірдегі кез келген сынақтар мен ауыртпалықтарға төзу, тілді шағымданудан сақтау, қанағатсыздық пен ашу-ызадан, жаның мен тәніңді әдепсіз істерден тыю деген сөз. Сонымен қатар, психикалық және эмоционалдық құлдық – тәуелділік деген «дерттің» алдын алып, одан сақтану үшін де, осы сабырлылық деген асыл қасиеттің алар орны тым зор. Ал намазға келер болсақ, намаз ол – сізді жоқтан бар етіп жаратқан мейірімділердің Мейірімдісі, Ұлы Жаратушыға басыңызға түскен барлық ауыртпалықтарды, қиындықтарды оңашада ашық түрде «бөлісу» мүмкіндігі.  Мүмкін, сіздің дұғаңызға жауап бірден келмеуі мүмкін, бірақ, біліңіз – Алла Тағала барлық дұға-тілектерді Естуші, Білуші және Қабыл етуші. Ешбір дұға-тілек жауапсыз қалмайды. Сондықтан, сабырлы және ұқыпты болыңыз. Себебі: «Естеріңде болсын. Негізінен Алланың жәрдемі жақын»[3].

Швейцариядан шыққан америкалық психолог Элизабет Кюблер-Росс айтқандай: «Адамдар күндіз күннің көзі түскенде жылтырап, шағылысатын терезенің шыны әйнегі сияқты. Бірақ, оның әдемілігі күн ұясына батып, қараңғы түскенде бөлменің ішінен шыққан жарықтан көрінеді». Қайғы-мұңға, шарасыз күйге түскенде, түрлі қиындықтар басымызға келгенде тура жолдан тайып кетпеуіміз үшін біздің шырағданымыз сабырлылық пен намаз болуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде былай дейді: «Намаз – нұр, садақа – дәлел, сабыр – жарық...»[4]. Демек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сабырды жарық ретінде сипаттаған. Сондықтан, сабыр мұсылманды дүние және ақырет бақытына жетелейтін жолдардың бірі. Яғни сабыр барлық іс-әрекеттерді түгелдей қамтитын жарық сәулесі.  Сондықтан, қалған «жарықтар» сөне бастаған кезде, сабарлылық пен намаз сіздің ішкі жарығыңыз болып жануы керек. Кез келген жағдайда сабыр сақтап, намазбен бірге болғанға не жетсін...

Лаура Алмаханова


[1] «Бақара» сүресі, 286-аят.
[2] Бухари; Муслим
[3] «Бақара» сүресі, 214-аят
[4] Муслим, Тирмизи

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру