Таразыда ауыр тартатын амалдар

28 қаңтар 2020 10094 0
Оқу режимі

Құран Кәрімде: «Қиямет күні туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір ұрық түйірінің салмағындай болса да, оны әкелеміз. Біз есеп алуда жеткіліктіміз»[1], – делінген.

Адамдардың жақсы-жаман амалдары өлшеніп тартылатын таразының екі басы болады. Оның бір басына жақсы амалдар, ал екінші басына жаман амалдар қойылады.

Кей ғұламалар: «таразыға амалдармен қатар, адамдардың өздері мен олардың амал дәптерлері тартылады», – дейді. Амалдардың тартылатынына мынадай дәлел бар:

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Рахманға жағымды, тілге жеңіл, таразыда ауыр екі сөз бар: Субханаллаһи уә бихамдиһи, Субханаллаһил-Азим»[2], – деген.

Адамдардың өздерінің тартылатынына мынадай дәлел келтіреді:

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қиямет күні (таразыға) үлкен семіз кісі әкелінеді, бірақ ол масаның қанатындай да салмақ тартпайды. «Қиямет күні оларға салмақ бермейміз»[3], – дегенді оқыңдар!»[4] – деген.

Амал дәптерлері тартылатынына мынадай дәлел келтіреді:

Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Қиямет күні үмбетімнен бір кісіні халықтың төбесіне қояды. Оған (жамандықтары жазылған) тоқсан тоғыз кітап көрсетіледі. Әрбір кітаптың (көлемі) көз жетер жерге дейін.

Сосын оған: «Мынадан бір нәрсені жоққа шығарасың ба? Бақылаушы періштелер саған зұлымдық жасамап па?» – дейді. Ол: «Жоқ, уа, Раббым!» – дейді. (Алла Тағала): «Үзірің бар ма?» – дейді. Ол: «Жоқ, уа, Раббым! Үзірім жоқ», – дейді. Алла Тағала: «Әрине, Біздің алдымызда сенде бір жақсылық бар. Бүгін оған зұлымдық жоқ», – дейді.

Сөйтіп, бір куәлік шығарылады. Онда: «Әшһәду әллә иләһә илләллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуһу уә расулуһ», – деп жазылған. Оған: «Салмағыңды (таразыға) қой!» – дейді. Ол: «Уа, Раббым! Мына кітаптардың қарсысында бұл куәлік не тұрады?» – дейді. (Ұлы Раббы): «Саған зұлымдық қылынбайды», – дейді. Сөйтіп, кітаптар таразының бір басына, куәлік бір басына қойылады. Сонда куәлік ауыр келіп, кітаптар шашылып кетеді. Алланың есімімен бірге (салыстырғанда), ештеңе де ауыр тартпайды»[5], – деген.

Таразыда ауыр тартатын амалдар

Әбу Дәрда (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Таразыға көркем мінез-құлықтан ауыр ештеңе қойылмайды»[6], – деген.

Әбу Мәлик әл-Ашғари (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Тазалық – иманның жартысы. «Әлхамдулилләһ» (деп айту) таразыны толтырады, «Субханаллаһи уәлхамдулилләһ» (деп айту) аспан мен жердің арасын толтырады», – деген.

«Ақырет өткелдері» кітабынан

 


[1] «Әнбия» сүресі, 47-аят.
[2] Бұхари.
[3] «Кәһф» сүресі, 105-аят.
[4] Бұхари.
[5] Тирмизи.
[6] Тирмизи.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру