СҰЛТАН МЕН ҰЛТАН
Біз өмірде: "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол", - деген мақалды жиі қаперге аламыз. Осы ыңғайда бұдан өзге де: "Кісі елінде күркірегенше, өз еліңде дүркіре"; Жат елдің жақсысы болғанша, өз еліңнің сақшысы бол; "Есі бар жігіт елін табар, есі жоқ жігіт жаттың отын жағар"; "Тұлпар тегін табар, ер жігіт елін табар", - деген де мақалдар бар. Бұған қоса: "Егілмеген жер - жетім, Елінен айырылған ер - жетім" деп те қоямыз. Себебі, аталарымыз айтқандай:
"Туған жердің
Түйе жейтін жапырағы да дәрі,
Түйе аунайтын
Топырағы да дәрі".
Алайда осылардың ішінде тілге ең көп тиек ететініміз: "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол", - деген мақал. Басы ашық жәйт. Аталмыш мақал кімге де болсын туған еліне қызмет ету қажеттілігін ескертеді. Бұған қосыша: "Туған жерге туың тік"; "Адам елінде, қоға көлінде көгерер"; Жат жердің қаршығасынан, өз жеріңнің қарғасы артық", - деген даналықтарды қаперге алсақ, аталмыш мақал мәні тіпті ашыла түседі. Оның үстіне бұл мақал-мәтелдердің қай-қайсысында да патриоттық мән басым. Сонымен қатар...
Мақал мәнін түйсіну үшін әуелі мына бір жәйтқа назар аударып көрелік. Мақалға құлақ ассақ, өзге елде сұлтан болғаннан өз еліңде әйтеуір адам санатында жүргеннің өзі артық екен. Жарайды, мұны шектен шыққан отансүйгіштік деп қабылдайық. Мақал мәнін солай түсінелік. Егер мақал мәні шынымен солай болса, онда біз өзге елді билеген Бейбарысты күні бүгінге дейін ардақ тұтпаған болар едік. Бұл - бір. Екіншіден, ұлтан - қазақы ұғымда құлдық мәнге ие. Алпамыс жырындағы Ұлтанқұлды қаперге алайық.
Мұның бәрі жалпы түсінік. Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Мақал мәніне үңіліп қарағанда, қоғамдық өзгерістерге байланысты мақалдың екі жолы алмасып кеткен тәрізді. Біздіңше ол: "Өзге елде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол", - делінуі керек. Шынтуайтына келгенде, мақалдағы өзге ел - нәпсі де, өз елің - рух. Ал сұлтандық рухқа тән.
Бұл тұрғыда ақын Ақниет Тәжіханова былай дейді:
"Жүзді екен деп жүгі жұмбақ бір кеме,
Бақыт-бақты шет елдерден іздеме.
Туған жерге табын-дағы тер төккен,
Байлық деген тұнып тұр ғой іргеде.
Туған жерде ата-баба қаны бар,
Елім-айлап салған зарлы әні бар.
Өлтірмейтін өзегіңді жайлайтын,
Ала білсең қасиетті дәні бар.
Басқа жерге барып сұлтан болмайсың,
Туған жерде жүріп ұлтан болмайсың.
Туған жерді құрметтей алсаң тер төгіп,
Ей, замандай,ел намысысын қорғайсың!.."
Әйтсе де қалыптасқан түсінік те санаңда ұдайы жаңғырып тұрады. Оның үстіне ол түсінікті айтулы қаламгерлер де өз шығармалары арқылы бекемдей түседі. Мәселен Шыңғыс Айтматов бұл орайда:
"Мынау пәнидің жалғандығына көзі жеткен ол (Бейбарыс) дүние шыр көбелек айналып, ең соңғы иек қағар сәтінде: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болған артық екен» десе керек", - дейді.
Дегенмен біз айтқан оймен үндесетін сөзді Ақан Сері Қорамсаұлы: "Жүрек сұлтан нәпсіге", - деп айтып кетіпті. Сондай-ақ:
"Жат жерде жаның қиналса
Ел қадірін білерсің,
Жұтым суға зар болсаң
Көл қадірін білерсің", - деген даналықта да біз айтқан ой ұшқыны жатыр. Соған орай аталарымыз:
"Әркімнің өз жері - ұжмақ", - деп те қояды.
Ұлтанға келсек, ол - құлдық таным. Ал адам тек өзге елде ғана құл (ұлтан) болады. Мәселен, "Алпамыс батыр" жырында Ұлтан құлдың қылапатын Тортай ағасы Алпамысқа былайша жеткізбеуші ме еді:
"Бір жыл өтіп арада
"Өлді» деп сенен жаман ат
Жайылды жалпақ далаға.
Есітілмей қалған жоқ
Елдегі қатын, балаға.
Көтеріліп Ұлтан құл,
Күш көрсетіп шамаға.
Күннен-күнге дәуірлеп,
Дала менен қалаға.
Ақыры елге хан болды,
Бір жарым жыл шамада.
Кескенін құлақ кек қылып,
Табанды тілген тек қылып.
Әкеңе түйе бақтырды,
Тасытып отын анаңа.
"Бөрінің ұлы бөрілігін
Қылар», – деп бір күн ерлігін.
Қол-аяғын шынжырлап,
Бақтырды қозы балаңа.
Күң баласы мені деп,
Мен ұрайын сені деп,
Қой бақтырды қартайған
Туысқан Құлтай ағаңа.
Бәйге қылып, беріп ас,
Қарындасың Қарлығаш
Бас бәйге қыз қып бермекші
Озған жүйрік қараға.
Жолдасың – сұлу Гүлбаршын
Көлдетіп төгіп көз жасын,
Басып, көктеп некелеп,
Алмақшы өзі жана да".
Қорыта келгенде айтарымыз:
"Елінен безіп, елсізде өлгеннің
Екі көзін қарға шұқиды".
Құдияр БІЛӘЛ