СӨЗ КИЕСІ

23 ақпан 2022 7231 0
Оқу режимі

Сөз. Естисің, сезінесің, бірақ ұстай алмайсың. Жақсы сөйле, жаман сөйле, жалған сөйле, шын сөйле бәрібір келіп тірелетінің сол сөз. Жәй сөз емес, қасиетті сөз. Сөздің қасиеттілігі сонда адам жаратылғаннан бастап, ұғыну, түсінісу, ымдасу сияқты амалдарды ойға, ойдан сөзге ұластыра білді. Демек, оның маңыздылығы айтпаса да түсінікті.

Ауыздан-ауызға көшіп, талай ауыртпалықтан аман қалып бізге жеткен мол мұраларымыз, маңдайалды батыр, би-шешендердің пәлсапалары сөз қадірін ұғынғандардың ықпалымен еш ұмытылмай ұрпақ санасында жаңадан бүршік атып отырды. Басқасы басқа қара халық тұрмақ, хан, патшалар алдымен әуелі сөзге қонақ бергені белгілі. «Датым бар» дегені «бас кеспек болсада, тіл кеспек жоғын» аңғартқандай. Қос ішекті қара домбыраның үнімен үйлесіп, алтынға бергісіз жыр-термелердің өзі бір төбе. Жүргеніміз – сөз, күлгеніміз – сөз, білгеніміз – сөз, тіпті, өміріміздің өзі сөзбен суреттеліп, көркемделеді. Данышпан Абай атамыз: «Сөз түзелді. Тыңдаушы сен де түзел», – деп бекер айтпаса керек. Сөздің түзелгені қашан? Түзелген сөзді күнделікті ауызекі сөйлеу стилінде құрдымға кетіріп жатқанымыз тағы өтірік емес. Егер біреу-міреуге: «Ғафу етіңіз, сіздің ботадай мөлдіреген көздеріңіз һәм алма мойын, батқан күннің қызыл сәулесіндей еріндеріңіз сондай сұлу, соншалықты тартымды» деп немесе әдемі де әсем өрнекті өлең жолдарымен ойыңызды білдірер болсаңыз жақыныңыз тұрмақ жаттың өзі аузы ашылып, түсінбей дағдарып қалуы мүмкін. Оның орнына басы жоқ, аяғы жоқ, мүгедек болған «отырм, жатырм, ммм, мхм, нестеп» дегендерің әлдеқайда түсініктірек. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ көз көріп, құлақ естіп жүр. Сөйлем тұрмақ қазақша сөздің басын қосып айта алмайтын қандастарымыз да жетіп-артылады бұл күнде.

Жазушы Дүкенбай Досжанның «Сөз киесі» атты шығармасында: «Мына ғажапқа қараңыз: сөзден – сөйлем, сөйлемнен – толғаныс, толғаныстан – тарау, тараудан – тағдыр шері туады» деген ойы терең мәнге ие. Шынымен де ойдан ой, сөзден сөйлем туады. Олай болмағанда Күлтегін, Тоныкөк жырлары, қазақ топырағынан шыққан ғұлама-ғалымдардың туындылары, Бұқар жыраудан «Тілек», Ақтамбердіден «Күлдір де күлдір кісінетіп» тағысын тағы тыңдаушысын мойындатқан, қай қайсысының болмасын таңдай қақтыратын өшпес мұралары бүгінге жетпейтін де еді. Жоғарыда мысалға келтірген Абайдың ойын ақын, журналист Жанар Нұрғали былай жалғастырады: «Ол бір күні сөзді жоғалтуы мүмкін.  Шынымен. Бірақ оның қасында… киесі қалады. Кие. Киеден қорқу керек. Киеге қалу – қасірет, киеге қалмау – қасиет. Сөз – құндылық. Бойында құндылығы бардың ғана сөзі өтеді. Сөздің орны – жүрек. Ол тек жүрекке ғана сияр». Ақиқатында солай, денеміздегі бір уыс етіміздің тазалығы ауыздан шығар сөзіміздің көрінісі. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» былдырлап бал татыған тілі шығып келе жатқан бейкүнә сәби алдымен сөз үйренеді. Өсе келе сол сөздерді тікелей тіршілікте қолдану арқылы күн кешеді. Болашағымыз шынымен жасөспірімдердің қолында болатын болса, халқымыздың мол мұрасын, әдет-ғұрпын жүйелі, көркем қазақы сөз арқылы бойларына сіңірту дәл біздің ақпарат майданы заманындағы бірден-бір борышымыз. Сөзді сүйектен өтетінін жүрекке жеткізе білудің өзі үлкен білімділікті, біліктілікті қажет етеді. Балалық аспанында Бердібек Соқпақбаев шуақ шашса, бозбалалық төрінде Абай, Шәкәрім, Әуезов сынды тұлғалардың том-том кітаптары тізіліп тұрса тәрбиенің басы тал бесіктен бастау алар еді.

«Айтылмаған сөздің атасы өледі», «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жетеді», «Елдің аузына қақпақ бола алмайсың», «Жақсы сөз – жарым ырыс»  секілді мақал-мәтелден Ұлы Дала елінің ұландары сөз қасиетін, қадірін ұғынғандығын бірден білеміз. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, рас сөз еш уақытта жалған болмас» деп жырға қосқан Абай Алланың сөзі қасиетті Құран арқылы жетіп, киесінің артқандығын дәлелдей түседі. Ендеше біз де жүйелі сөздің киесін кетірмейік!

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру