Салауат – сүйіспеншіліктің белгісі

15 қараша 2019 15329 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Ардақты Пайғамбарымызға Алланың сәлемі мен игіліктері болғай!

Әр иман иесі Пайғамбарымызды (с.ғ.с) жақсы көретіні белгілі. Сол үшін болса керек, сөзімізді қуаттау үшін, істің турасын көрсету үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне жүгініп, өсиеттерін арқау етіп жатамыз. Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әрбір аты аталған сәтте салауат айтып, сәлем жолдап жатамыз.

Алайда, бұл салауаттың мағынасын түсіне алдық па? Оның маңызы мен пайдасының не екенін ұғындық па? Бұл мақалада осы екі сұраққа жауап беруге тырысамыз. Салауатқа қатысты айтылған Құран мен хадис мәтіндеріне көз жүгіртсек...

Әуелі Алла Тағаланың Құрандағы:

إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ ۚ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا

«Расында, Алла және періштелер Пайғамбарға салауат айтады. Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер»[1] деген аятына назар аударсақ.

Біріншіден, бұл аятта Алла Тағала Өзі де, періштелері де салауат айтатынынан хабар беріп тұр. Артынша әр иман етушілерге де салауат айтуға бұйыруда.

Екіншіден, Алла Тағаланың салауаты мен періштелердің, сонымен қатар адамдардың Пайғамбарға (с.ғ.с) жасайтын салауаттары бірдей аталғанымен, іс жүзінде бөлек. Себебі Алланың салауаты өзгеше, әрі ешкім онда Аллаға серік бола алмайды. Алла Тағаланың салауат айтуы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәрежесін көтереді деген мағынаға саяды. Және де күнде бес рет айтылатын азаннан кейінгі дұғада сұрайтын «мақам махмуд» (мақтаулы, ерекше дәреже) мақамы да осыны қуаттайды.

Періштелердің Пайғамбарға (с.ғ.с) жасайтын салауаты – Оның (с.ғ.с) үмметі үшін кешірім сұраулары. Періштелердің мұсылмандар үшін кешірім сұрайтыны жайлы Құран Кәрімде:

الَّذِينَ يَحْمِلُونَ الْعَرْشَ وَمَنْ حَوْلَهُ يُسَبِّحُونَ بِحَمْدِ رَبِّهِمْ وَيُؤْمِنُونَ بِهِ وَيَسْتَغْفِرُونَ لِلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا وَسِعْتَ كُلَّ شَيْءٍ رَّحْمَةً وَعِلْمًا فَاغْفِرْ لِلَّذِينَ تَابُوا وَاتَّبَعُوا سَبِيلَكَ وَقِهِمْ عَذَابَ الْجَحِيمِ

رَبَّنَا وَأَدْخِلْهُمْ جَنَّاتِ عَدْنٍ الَّتِي وَعَدتَّهُمْ وَمَن صَلَحَ مِنْ آبَائِهِمْ وَأَزْوَاجِهِمْ وَذُرِّيَّاتِهِمْ ۚ إِنَّكَ أَنتَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ

وَقِهِمُ السَّيِّئَاتِ ۚ وَمَن تَقِ السَّيِّئَاتِ يَوْمَئِذٍ فَقَدْ رَحِمْتَهُ ۚ وَذَٰلِكَ هُوَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ

«Сондай ғаршыны көтерген және оның маңындағы періштелер, Раббыларын мақтаумен дәріптейді, Оған сенеді. Сондай-ақ, иман келтіргендер үшін: «Раббымыз! Мәрхаметің, білімің әр нәрсені сыйдырып, ішіне алған. Сондықтан тәубе етіп, жолыңа түскендерді жарылқа! Әрі оларды тозақтан сақтай көр!» - (деп тілейді). «Раббымыз! Оларды әрі аталарынан, жұбайларынан және ұрпақтарынан кім түзу болса, оларды өзің уәде еткен Ғадын жәннаттарына кіргізе көр. Күдіксіз Сен өзің тым үстем, аса данасың…» «Оларды жамандықтардан қорға. Ол күні кімді жамандықтан қорғасаң, сөз жоқ, оны мәрхаметіңе бөлеген боласың. Міне сол, зор қолы жеткендік».[2]

Ал, енді адамдардың жасайтын салауаты – адамның өзі үшін жасаған дұғасы. Себебі, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) жасалған салауаттан мұсылман адам өзі пайдаға кенеледі. Себебі салауаттың пайдасы өте зор. Мысалға, Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

مَنْ صَلَّى عَلَيَّ وَاحِدَةً صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ عَشَرًا

«Кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат айтады»,[3] – деген.

Үшіншіден, бұл аяттан түсінетініміз, кімде-кім салауат айтса, Алланың салауатымен дөп түсетіндігі. Сонымен қатар, адам періштелерден өнеге алып амал жасаған болады.

Салауат сөзі соңғы кездері діни орталарда игілік деп аударылып жүр. Яғни, «саллаллаһу әлейһи уә сәлләм» деген салауат түрін «Алланың сәлемі мен игілігі» болсын деп қолдануда. Бұл аударма өте әдемі аударма және де салауаттың мағынасын барынша аша түседі. Себебі жоғарыда айтылған салауаттың түрлерінің бәрі де игілік. Мейлі ол Алладан, мейлі періштеден, мейлі адамнан болсын, салауат айтушы қашан да игілікке кенеледі.

Салауаттың артықшылығы туралы хадистерге кіріспес бұрын Абдулла ибн Амр ибн Астың (р.а):

 من صلى على النبي صلى الله عليه وسلم واحدة صلى الله عليه وملائكته سبعين مرة

«Кім Пайғамбарға (с.ғ.с) бір салауат айтса, періштелер оған жетпіс рет салауат айтады»,[4] – дегенін атап өтейік. Жоғарыда періштелерің салауаты адам үшін кешірім сұрауы екенін айтқан болатынбыз. Ал, енді бір рет салауат айту өз кезегінде періштелердің жетпіс рет кешірім сұрауына себеп болады екен.

Тағы бір сахих риуаятта салауаттың артықшылығын көрсеткен Пайғамбар (с.ғ.с):

من صلى علي صلاة واحدة صلى الله عليه عشر صلوات، وحط عنه عشر خطيئات، ورفعت له عشر درجات

«Кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат айтады, он қатесі кешіріледі, он дәрежеге көтеріледі»,[5] – деген. Бұл хадис –Пайғамбарды (с.ғ.с) жақсы көрген әрбір адам үшін үлкен сүйінші. Себебі Пайғамбарды (с.ғ.с) жақсы көріп, Оған (с.ғ.с) салауатпен жақындау – Аллаға да жақындаудың бір жолы. Бұл мағынаны қуаттайтын «Кім маған бойұсынса – Аллаға бойұсынғаны» деген сынды басқа да хадистер бар.

Сонымен қатар, бір әлсіз хадисте бұл айтылған нәрселерге қосымша «он құлды азат еткендей болады» деген қосымша айтылған. Десек те бұл мағынаны сенімді жолмен жеткен Әбу Бәкірдің (р.а):

الصلاة على النبي -صلى الله عليه وسلم- أفضل من عتق الرقاب

«Пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айту – құл босатқаннан хайырлы», – деген сөзі қуаттай түседі.

Және де Пайғамбарымызға (с.ғ.с) жасалған салауат қияметте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шапағат етуіне дәнекер болады. Бұған Пайғамбар (с.ғ.с):

من قال اللهم صل على محمد وأنزله المقعد المقرب عندك يوم القيامة وجبت له شفاعتي

«Кімде-кім «Уа, Алла! Мұхаммедке игілік жаса да, қияметте Өзіңе жақын ет» деп айтса, оған менің шапағатым уәжіп болады»,[6] – деген сынды хадистері куә.

Ал, кімнің салауаты көп болса, ол жан ақыретте Пайғамбарымызға (с.ғ.с) көрші болады. Бұл туралы Алла елшісі (с.ғ.с):

أولى الناس بي يوم القيامة أكثرهم علي صلاة

«Қияметте маған ең жақын адам – маған көп салауат айтқан адам»,[7] – деген.

Қазақ жұртшылығы үшін әсілінде салауат түсінігі мүлдем бейтаныс ұғым емес. Себебі, аталарымыз барына шүкір етіп, жоғына сабыр етіп: «барға қанағат, жоққа салауат» деп, үнемі игі тілекте болған.

Ислам ғұламалары да «салауат дұғасының Алла алдында орны ерекше, Алла оны қайтармайды» деп білген. Сол үшін де дұғаларын салауатпен бастап, салауатпен тәмамдаған.

Біз де осы ғұламалардың жолын үлгі етіп салауатпен басталған бұл берекелі мақаланы салауатпен тәмамдаймыз.

Ардақты елшіге Алланың сәлемі мен игіліктері болғай!

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,
наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы


[1] «Ахзаб» сүресі, 56-аят.
[2] «Ғафир» сүресі, 7-9 аяттар.
[3] Муслим.
[4] Ахмад.
[5] Насаи
[6] Табарани
[7] Тирмизи
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру