«САБЫР ЕТУШІЛЕРДІ СҮЙІНШІЛЕ!» (Бақара, 155)

27 қазан 2021 10069 0
Оқу режимі

Ибн Жузай «ат-Тасхил ли ъулум ат-танзил» атты кітабында аталмыш аятты тәпсірлеп былай деді: «Сабыр» сөзі Құранда жетпістен астам жерде келген. Олай болуының себебі – оның діндегі орнының ерекшелігінен. Кей ғұламалар айтады: «Әрбір жақсылықтың оннан жеті жүзге дейінгі аралықта шектеулі сауабы бар. Алайда сабыр ондай емес, оның сауабы шектелмейді. Себебі Алла Тағала: «Шын мәнінде, сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі», (Зумар, 10) – дейді».

Алла Тағала Құранда сабырлылардың сегіз түрлі артықшылықтарын көрсеткен, Олар:

Біріншісі: жақсы көру: «Алла Сабырлыларды жақсы көреді». (Әли Имран, 146)
Екіншісі: жеңіс; «Расында Алла сабырлылармен бірге». (Бақара, 153)
Үшіншісі: Жәнннаттағы жоғарғы орын; «Міне бұлар, сабыр еткендіктері себепті жәннатта жоғарғы орынға бөленеді». (Фурқан, 75)
Төртіншісі: есепсіз сыйлықтар; «Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі». (Зумар, 10)
Бесіншісі: сүйінші; «Сабыр етушілерді сүйіншіле!» (Бақара, 155) Кейінгі үшеуі бір аятта көрсетілген, олар:
Алтыншы: жарылқау;
Жетінші: мейірімділік;
Сегізінші: тура жол; «Miнe соларға, Раббылары жақтан жарылқау және мейірімділік бар. Әpi олар тура жолдағылар». (Бақара, 157)

Сабыр сақтау төрт жағдайда болады:

Қиындыққа сабыр: ол кездегі сабыр ашуланбау, салмақты болу және өзін-өзі ұстаумен болады.

Нығметке сабыр: яғни, шүкірлік жасау, қадірін білу, ысырап жасамау.

Алланың әмірлеріне сабыр: әмірлерін үнемі орындау, үзбеу.

Күнәларға сабыр: жаман істерге жақындамау.

Алайда сабыр сақтау да дәрежелердің ең үлкені емес. Сабырдың үстінде тәслим, толық мойынсұну бар. Ол деген – қарсы келмеу, сырттай ашуды, іштей наразылықты көрсетпеу. Ал оның үстінде тағдырға разылық таныту деген дәреже бар. (Алланы шынайы жақсы көргенде байқалады). Ол деген Алланың барлық ісіне қуанышпен қарау, ол сүйіспеншіліктен бастау алады. Себебі сүйікті не жасаса да сүйікті болып табылады.
 

Пікірлер Кіру