РУХАНИ «МЕН» ЗОРАЙСА – КЕМЕЛДІК

18 сәуір 2024 1469 0
Оқу режимі

Бауыржан батыр «Менің менім – мен емес, мыңның мені» дейді. Ә дегенде «Менің сөзім – менікі ғана емес, мыңның, көптің сөзі» деп түсіндік. Бақсақ, бұл сөздегі даналық бұдан да терең екен.

Адамның «мені» екі «меннен» тұрады. Бірі – нәпсісіне байланған жалған мен. Екіншісі – рухани өзегіне табан тіреген нағыз мен. Пенде нәпсілік «меніне» қамалғанда жалғыздықтың құрбаны болып, құрып тынады. Рухани «менін» тапқан кезден бастап кеңейіп, зорая береді. Осы екі «менді» ажырата білу – білімнің басы, шынайы «меніңді» табу – рухани түлеу, дүниеге қайта келу.

Өзіңді тану, табу – үдерісті іс (процесс), эволюциялық құбылыс. Құранда бұл процесс «Азғырушы нәпсі – өзін сөккен – тазарған – разы болған нәпсі» секілді жанның тазару сатылары ретінде баяндалады. Тазарған нәпсі – оянған рух жүрегіңе жігер, тірлігіңе мағына, жаныңа тыныштық сыйлайды. Қысқасы, екі туылмай ес жимайсың.

Нағыз «меніңді» табу – оңай емес. Тіпті құдайының бар екенін түсінген пенденің өзі жалған «менінің» жетегінде жүріп, адасуға ұшырап жатады. Рухани өзегін таппау, Жаратушымен байланыстың нашарлығы (иманның әлсіздігі) нәпсінің сан-түрлі қулығы мен пасықтығына жол ашады. Шайқатылып жүріп шақшадай басың талай тасты түгендеп шығады. «Бұл да – сынақ пен сабақтың көрінісі» десек те, адамшылық, ар-иман, ақыл-парасат, мейір-махаббат секілді рухани тұғырыңа табан тіреп, абыройдың биігіне көтерілгенге не жетсін!

Асыл дінімізде «нәпсіні (жануарлық, сайтани сипаттар пен өзімшіл кеуденің  қосындысынан құралған «жалған мен») тәрбиелеу, тіпті өлтіру» деген ұғым бар. Рухани дамудың ол қағидаты «өлмей тұрып өл» деген өсиетпен бекіген. Біздің ойымызша, өлмейсің, өліп-тірілесің. «Нәпсібай» ретінде өліп, «рухжан» ретінде қайта өмірге келесің. Қазақ разы болғанда «тусаң ту» демей ме?!

Рас, Алланың қалауымен бір оқиғаның себебінен «толғағың» тез келіп, санаңды жарқ еткізген, жүрегіңді солқ еткізген ғаламат өзгеріс, ғажайып секіріс болуы да мүмкін. Бірақ оның өзі де «тоғыз айлық толысудың» – іштегі шер мен арманның нәтижесі. Жаратқан Иең жар болып, жаның нұрланып, көкірек көзің ашылып, «екінші рет туған» соң да өзіңді тану үдерісі жалғаса бермек. Енді толысу, кемелдену сапары басталады. Сапар барысында тіпті бірнеше рет «өліп-тірілуге» тура келеді. Ал бұл өнерді меңгерген адам өлімнен қорықпайды...

Бұл құбылысқа басқа қырынан қарасаңыз: адамның «мені» жоғалмайды (өлмейді), құбылады. Шекарасын тәнімен шектеген тар түсінік, тұйық «мен» мен Жаратушы Иесімен бірлікті сезінген «махаббат-мен» арасында дамудан өтеді. Құранда айтылғанындай, кері кетіп, «мал сияқты, малдан да төмен» дәрежеге түсіп қор болу мен періштелер сәжде жасайтындай зәу биікке көтерілу – адам мүмкіндігі мен еркіндігінің көрінісі.

Шын «меннің» зораюы, нұрлануы – сүйіспеншілік пен уайымнан, кеңдік пен намыстан, ар мен иманнан. Өйткені жалған «мен» – нәпсі де зорайып, семіре алады. Нәпсісіне құл болған өзімшіл пенденің «мені» өзгені өз ішіне құл ретінде, зат ретінде алу арқылы үлкейгісі, мықты болғысы келеді. Ондай пенде «мен» деп, «менікі» деп сөйлейді. Өзгелерді пайдалану арқылы ісінген бұл «меннің» іші қуыс, іргесі шірік. Бұндай нәпсінің зораюы тәкаппарлыққа, өзге «зор» болғандармен бақталастыққа бастайды. Ал рухани зораю – кішіпейілдікке, махаббаттың (сыйластық пен құрметтің) нәзік сәулесімен біріккен тұтастыққа, қамқорлық пен жанкештілікке бастайды. Рухани өскен адам «біз» деп, «біздікі» деп сөйлейді. Өйткені рухани зорайып-біріккендер бір-бірінің өрісіне тартылады, бір-бірін өсіреді, байытады. Иә, жақсы зорайса өзгелер де зораяды, жаман зорайса – жұтып, құртып тынады.

Рухани «мен» зорайса – кемелдік, нәпсәни «мен» ісінсе – кемтарлық. Рухани жақ жетілсе – нәпсі кішірейеді, ал нәпсі семіргенде – ар-иман әлсірейді. Нәпсімен күрес – жалған «менмен» күрес, пенделігіңмен күрес. Нағыз «меннің» зораюы –бірлікті сезіну мен жауапкершілік арқалау арқылы жүзеге асады. Дулат Бабатайұлының «Өксігіңді ойласам – ұйқы беріп, қайғы алам» деген алапат сөзі мен «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген Абай хакімнің күйі, «Әр қазақ менің – жалғызым» деген Сабыр Адайдың асыл сөзі мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Менің шашымды «Худ» сүресі ағартты» деген түпсіз танымы – осы зораюдың жарқын мысалдары.

«Меннің» зораюы – өзіңнен асып түсен кезде, өзіңнен зор дүниеге (идея, құндылық, арман) ұмтылғанда және өзгені шынайы сүйгенде жүзеге асады. Адамды арманы, адамзатты асыл идея алға сүйрейді. Көбіне адамның өзгеруі, қайта туғандай күй кешуі алғаш рет (құмарлық емес) ғашық болумен жүзеге асады. Нәпсінің тар шеңбері, жалған «мені» махаббатпен бұзылады. Сұлуына (жігітіне) есі кете ғашық болып, өзін ұмытқан; махаббаттың нәзік жібімен басқа жанмен тұтасып, жаңа бір бірліктің рахатын, жаңа бір сапалы сезімнің дәмін татқан жан кеңейгенін, зорайғанын – шаттықты сезеді. Алғашқы сезімнің әсері ғаламат болғандықтан, алғашқы махаббат та жүректі өмір бойы тербеп өтеді.  Осы оянған қасиетін сақтай алған, сүю өнерін меңгерген жан – бақытты. Өйткені әлемнің өзегі, мәні мен сәні – махаббат. Адам сүю арқылы зораяды: әулетін сүйген намысты, отанын сүйген қаһарман, ғылымды сүйген ғұлама, өнерді сүйген қас шебер, құдайын сүйген әулие болады.

Ғұмыр дұрыс сүрілсе, адам «мені» ұлғая береді. Мысалы, ақ некеңді қиып, отау құрған күні «менің» кемі екі есе зораяды. Сенің ішіңе екі «мен» сиып тұр енді: өзің және жұбайың. Енді Құдай қосқан қосағыңның абыройы, қуанышы мен мұңы, арманы мен тағдыры – саған ортақ, сенікі. Енді «меніңнің» ішінде «біз» бар. Сәбиің дүниеге келген күні «менің» тағы ұлғаяды... Дәл осылай, есі бар жігіттің (қыздың) «мені» ес тоқтатқан күннен бастап ұлғайып, үлкейе бермек. Оның «менінің» ішінде әке-шешесінің, ата-әжесінің, іні-қарындастарының «мендері» бірге жүреді. Одан да есті жігіттің «ішінде» туыстарының, достарының «мені» жүреді. Үйленгеннен кейін үш жұртының «менін» қамтиды, үш жұртының қамын жейді. Қыз бала ұзатылып бара жатқанда «Құлыным, сенің артыңда біз тұрмыз, әулетің-тегің тұр. Жақсы келін болсаң – абыройымызды аспанға шығарғаның, жаман атың шықса – жер қылғаның. Осыны ұмытпа!» демей ме асыл анасы?..

Ал нағыз ердің ішінде халқының «мені» қоса жүреді: ұлтының өткенін – тағдыры мен мұң-зарын, бүгінін – қамы мен үмітін, ертеңін – арман-мұратын арқалап жүреді, аялап жүреді. «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген ұл – құлағы мен жағын жер» деген мақалдардың бір мәні осы.«Атаңның баласы болма, адамның баласы бол!» деген Абай хакім өсиеті де, «Бәрің бір ата, бір анадан тарағансыңдар» деген Құран аяты мен хадистің мән-мазмұны да – адами «меннің» зораю жолының ишарасы.

Әулиенің «мені» – адамзаттың «менін» ішіне қамтиды. Ислам ғұламалары тура жолдан таймаған мүміннің ұстазының «менімен» бір толқында тербелетінін, одан кейін сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «менімен» үндесетінін, одан ары бүкіл ғаламмен, барша жаратылыспен бірлік күйін сезініп, ең ақырында Алла Тағаланың «меніне» сіңіп-қосылатынын айтады.

«Менінің» ішінде тұтас ұлты тұрған ұл мен қыз қандай ұрпақ? Олардың арманы мен жігері қандай? «Мені» ар-иманына табан тіреген азамат – қандай азамат? Құшағын барша жаратылысқа жайып, арқасын Алласына тіреген жан қандай жан? Ондай жанның сезімі мен сенімінің қуаты қандай? Жаратушысын сүйе білген адам қандай адам?

Ұжданды ұлдарымыз, алтын құрсақ қыздарымыз мол болсын. «Мен» дегені «біз» дегенді білдіретін, «мен» деп емес, «біз» деп сөйлейтін, сезінетін ерлер көп болсын. «Өлмей тұрып өлу», «екі туу» нәсіп болсын!

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

«Мұнара» газеті, №9, 2021 жыл

 

Пікірлер Кіру