РАМАЗАН АЙЫНЫҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ ЖӘНЕ ОСЫ АЙДА ОРАЗА ҰСТАУДЫҢ АБЗАЛДЫҒЫ

04 наурыз 2024 2289 0
Оқу режимі

Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айының қадір-қасиетін және осы айда ораза ұстаудың абзалдығын көптеген хадистерінде жан-жақты түсіндіреді. Біз олардың кейбірін ғана келтірумен шектелмекпіз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айы туралы:

عَن النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَال فِي رَمَضَانَ: «تُفْتَحُ فِيهِ أَبْوَابُ السَّمَاءِ وَتُغْلَقُ فِيهِ أَبْوَابُ النَّارِ وَيُصَفَّدُ فِيهِ كُلُّ شَيْطَانٍ مَرِيدٍ وَيُنَادِي مُنَادٍ كُلَّ لَيْلَةٍ يَا طَالِبَ الْخَيْرِ هَلُمَّ وَيَا طَالِبَ الشَّرِّ أَمْسِكْ»

«Бұл (айда) аспанның есіктері ашылады, тозақтың есіктері жабылады, әрбір қарсы шығушы шайтан кісенделеді. Шақырушы әр түні: «Уа, жақсылықты қалаушы! Кәнекей! Ей, жамандықты қалаушы! Тыйыл!» деп жар салады»[1],-деген.

قال أَبو سَعِيدٍ الْخُدْرِيَّ:ُ سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «مَنْ صَامَ رَمَضَانَ وَعَرَفَ حُدُودَهُ وَتَحَفَّظَ مِمَّا كَانَ يَنْبَغِي لَهُ أَنْ يَتَحَفَّظَ فِيهِ كَفَّرَ مَا كَانَ قَبْلَهُ»

Сахаба Әбу Сағид (р.а) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім рамазанда ораза тұтса, шектеулерін білсе, сақтану керек нәрселерден сақтанса, өткен күнәларын кешіреді»[2],-деп айтқанын естігендігін риуаят етіп жеткізген.

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «الصِّيَامُ وَالْقُرْآنُ يَشْفَعَانِ لِلْعَبْدِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ يَقُولُ الصِّيَامُ يا رَبِّ مَنَعْتُهُ الطَّعَامَ وَالشَّهَوَاتِ بِالنَّهَارِ فَشَفِّعْنِي فِيهِ وَيَقُولُ الْقُرْآنُ مَنَعْتُهُ النَّوْمَ بِاللَّيْلِ فَشَفِّعْنِي فِيهِ قَالَ فَيُشَفَّعَانِ»

Алла елшісі (с.ғ.с.): «(Тұтқан) ораза және қасиетті Құран оқыған иесіне қиямет күні шапағат жасайды. Ораза: «Уа, Раббым! Оны тамақтан және шақуаттан оны күндіз мен тыйдым. Мені оған шапағатшы ете гөр»,- десе, қасиетті Құран: «Оны түнде ұйқыдан мен тыйдым. Мені оған шапағатшы ете гөр»,-дейді дей келе Алла елшісі: «Ол екеуі шапағатшы болады»[3],-деп айтқанын Абдулла ибн Амр риуаят етіп жеткізген.

عَنْ سَهْلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَن النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إِنَّ فِي الْجَنَّةِ بَابًا يُقَالُ لَهُ الرَّيَّانُ يَدْخُلُ مِنْهُ الصَّائِمُونَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ يُقَالُ أَيْنَ الصَّائِمُونَ فَيَقُومُونَ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ فَإِذَا دَخَلُوا أُغْلِقَ فَلَمْ يَدْخُلْ مِنْهُ أَحَدٌ»

Сахаба Сәһи (р.а) пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында жәннатта «Раййан» деп аталатын бір қақпа (есік) бар. Ол есіктен жұмаққа тек ораза тұтқандар ғана кіреді. Қиямет күні: «Ораза ұстағандар қайда?», деп жар салынады. Сонда ораза ұстағандар дереу тұрып, сол қақпадан кіреді. Олар кіріп болған соң ол жабылады, одан олардан басқа ешкім кірмейді»[4],-дегендігін риуаят еткен.

Бір сөзбен айтқанда, біз осы рамазан айын рухани тұрғыдан ерекше өзгертетін, ұстамдылық, мейірім мен қайырымдылық сияқты жақсы қасиет-тердің өз бойымызда бұрынғыдан да арта түсуіне зор мімкіндік беретін, сондай-ақ осы айда ораза ұстау арқылы өз нәпсі қалауларымызды тыйып, жамандық атаулыдан мейлінше аулақ тұрып, о дүниелік тозақ отынан қорғануға, күнәларымыздың кешірілуіне мүмкіндік беретін ең маңызды сәт екенін білгеніміз абзал. Сондықтан рамазан айының қадір-қасиетіне, әрі осы айда ораза ұстауға ниеттеніп, ауыз бекітуге селқос қарамайық. Алла тағала осы айдағы ізгі ниеттерімізді, тағат-құлшылықтарымызды қабыл етсін.

[1] Сүнән ән-Нәсәи, Китәб әс-сийам №2081.

[2] Мүснәд Ахмад, Китәб мүснәд Әбу Сағид әл-Худри №11098.

[3] Мүснәд Ахмад, Китәб мүснәд Абдулла ибн Амр №6337

[4] Сахих әл-Бұхари, Китәб әс-сийам №1763

 

Пікірлер Кіру