Рамазан айына дайындалу әдептері

21 сәуір 2020 8087 0
Оқу режимі

Кез келген маңызды іс дайындықты талап етеді. Мұсылман адам Құран түсірілген, күналардың кешірілуіне себепші болатын, жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылатын, шайтандар кісенделетін, жылына бір мәрте ғана келетін Рамазан атты ұлық айдың келуіне үлкен дайындықпен қадам басқан жөн. Рамазан біздерге жылына бір мәрте келетін қонақ іспеттес. Егер біз оны құрметпен қарсы алсақ, қияметте құрметке бөленуімізге себепші болады. Қасиетті айдың әр уақытын бағалап, дұрыс әрі жақсылық амалдарға толы етіп өткізуіміз үшін қажетті бірнеше әдептерді ескергеніміз дұрыс. 

1. Алладан Рамазан айына амандықта жеткізуді сұрап, дұға ету

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзін көрген сахабалар Рамазанға алты ай қалғанда, «Рамазанға жеткіз» деп Алладан тілек тілеп, Рамазан айы өткеннен кейін алты ай бойы қасиетті айда жасаған жақсылық амалдарымды қабыл ет деп дұға ететін болған. Адамзаттың ардақ тұтар ұстазы (с.ғ.с) Рамазан қарсаңында Алладан былай деп сұрауымызды үйреткен:

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ

«Иә, Аллам, біздерге Ережеп және Шағбан (айларында) берекет бер әрі біздерді рамазанға  (амандықта) жеткізе гөр».

2. Фиқһ кітаптарынан ораза турасында бір қайталап оқып шығыңыз

Ораза – намаз сияқты күнделікті бес уақыт орындалатын құлшылық емес. Ол жылына бір мәрте ғана келетін болғандықтан, оразаға қатысты кей мәселелерді адам баласы ұмытып, естен шығарып алуы ықтимал. Осы себепті, тіпті, білген болса да қасиетті ай кірмес бұрын ораза үкімдерін, тағы бір қайталап шыққан жөн. 

3. Өміріңіздегі ең соңғы Рамазан айының оразасын тұтатындай сезімде болыңыз 

Қандай да бір адаммен соңғы мәрте кездесетіндігін білген кісі ол кездесуді жіберіп алмас үшін бар күш жігерін жұмсап, кездесулерінің барынша мәнді өтуіне мән береді. Осы сыңды құлшылық мәселесінде де мұсылман адам әр жасайтын құлшылығына ерекше ден қойып, оны өзі өміріндегі ең соңғы құлшылығын жасап жатқанындай сезімде болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біздерге: «Намазыңа тұрғанда, оны қоштасып тұрған адамның намазындай оқы», – деп кеңес берген. Қасиетті Рамазанды да біздер соңғы мәрте қарсы алып жатқандай сезімде болуымыз қажет. Осылай істеген адам оразадан барынша пайда алып, рамазан айының әр уақытын бос жоғалтпау үшін бар ынта жігерін салары сөзсіз.

4. Рамазан айында жақсылық амалдар жасауға шын жүректен ниеттену 

Хадисте «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты» деп  айтылғандай, кез келген амал ниетпен өлшенеді. Құлшылық мәселесінде мұсылман адамның ниетін жаңартып тұруы маңызды.  Рамазан айы келерден өзімізге «қандай жақсылық амалдар жасауыма болады» деген сұрақ қойып, шамам келеді деген амалдарды тізіп, іске асыруды шынайы түрде ниеттенгеніміз жөн. Тіпті, істей алмай қалған жағдайдың өзінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кім жақсы іс істеуді ниет етсе, бірақ оны орындамаса, Алла өз қасында толық бір жақсы іс жасағанындай жазады» деп айтылғандай, істегендей сауап жазылуы үміт етіледі. Мысалға, Алла қаласа, мынандай істерді істеймін деп ниеттенсек болады:

  • Бір ай ішінде Қасиетті Құранды бастан аяқ оқып шығуды ниеттену. (Егер арабша тәжуидпен оқи алмаса, қазақша мағынасын оқу;

  • Осы айды пайдаланып бойымдағы жаман деп танылған сипаттардан мүлде арылып, өзіңді жақсы жаққа өзгерту;

  • Барлық адаммен тек жақсы мәміледе болу;

  • Таңғы және кешкі оқылатын дұғаларды тастамай оқу;

  • Отбасыммен жағдайы төмен бірнеше адамға жәрдемдесемін;

5. Рамазан айына арналған жоспар құру

Рамазан айының әр уақыты құнды. Әрі ол айдағы алтын уақыттарды бос өткізбес үшін адам өзінің уақытын жүйелеп, реттеп, жоспарлап  қоюы қажет. Жоспарды қағаз бетіне түсіруге де болады. Ол үшін Құран оқу, дұха намазы, тарауық намазы, тәһажжуд намазы сыңды амалдарды, әрі сақтану қажетті болған бос сөзден тілді тию, жаманға көз салудан көзді тию, ашуланбау, адамдармен қарым-қатынаста күлімсіреп, жымиып сәлемдесу деген сыңды өзіңіздің бойыңызда қалыптастырамын деген амалдарды жазып қою қажет. Кейін қағазға бірінің астына бірін тізіп, бірден отызға дейінгі Рамазан айының күндерін цифрмен белгілеп жазасыз. Енді күнделікті кешке жатарда жаңағы қағаздағы тізілген істерде орындаған не орындай алмағаңызды бақылып, тексеріп, орындалғанын белгілеп отырыңыз. Омар (р.а.) бір сөзінде: «Сендерді есепке тартпай тұрғанда өз-өздеріңді есепке тартыңдар. Амалдарың сендерге өлшеніп берілмей тұрғанда, алдын ала өздерің өлшеңдер»,- деп өсиет айтқанындай, әркез өзінен есеп алу – тақуа адамдардың сипаттарынан. Ал, біз ең болмағанда, қасиетті рамазан айында осы істі қолға алып, өзімізден есеп алатын болсақ, дүниеміз бен ақыретімізге тигізер пайдасы мол. Осылайша бір ай бойы өзін есепке алған адам рамазан айы өтісімен өзінің жасаған амалдарын қарап-ақ қасиетті айды қаншалықты дәрежеде өткізгендігін білуіне болады.

Алла Тағала баршамызға қасиетті айға амандықта жетіп, оразамызды шынайы ықыласпен ұстап, қияметте Раян атты жаннат есігінен кіретін құлдардан болуды нәсіп етсін!

Думан Сайфуллин 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру