РАМАЗАН АДАМ МІНЕЗІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

11 наурыз 2024 1947 0
Оқу режимі

Ислам – әдептілік және жақсы мінез діні. Алла Тағала «Фурқан» сүресі 63-аятында:«Рахманның құлдары жер бетінде сыпайы түрде жүреді...» – деп бұйырады. Мінездің көркемдігі жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал – Алладан қорқу мен көркем мінез» – деген. (Тирмизи риуаят еткен). 

Қасиетті Рамазан айында сіздің мінез-құлқыңыз қандай болуы керк? Рамазанның сіздің мінезіңізге әсері қандай? Жалпы жер бетіндегі мұсылман қауымының көпшілігі Алланың рахымымен Рамазан айында құлшылық  жасауда зор ынта танытады. Мешіттер таң намазында да толы болып, жомарттықта, харам істерден тыйылуда, көркем мінез танытуда, игі нәрселердің барлығында ыждағаттылықтың орын алып жатқанын байқайсыз. Рамазан айында ораза ұстап, бірақ жаман нәрселерден тыйылмай жүрген адам, зәулім сарай салып, оны қайта қиратып жатқан біреу секілді. Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушыға оның оразасынан аштықтан басқа еш нәрсе тимей қалуы мүмкін»  –деген. (Ибн Мәжаһ). Пайғамбарымыз: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Өтірік айтуын және өтірік бойынша амал етуін тоқтатпаған адамның ішіп-жегенді тастағаны Аллаға керек емес» деді (Бұхари).

Бұл дегеніміз, Алла Тағала адамдарға ораза ұстау парызын жүктегенде, олардың белгілі уақыт ішінде тек жеп ішуден және ерлі-зайыптылық қатынастан тыйылуын ғана меңземеді. Олар сондай-ақ аса Құдіретті Алла тыйым салған күнәлардан және Оған деген мойынсұнбаушылықтан өздерін тыйюы керек

Бірде Бишр әл-Хафиге: «Ақиқатында, тек Рамазан айында ғана құлшылықта ынта танытатын адамдар бар», – деп айтылғанда, ол: «Алланы тек Рамазанда ғана еске түсіретін халық нашар. Ақиқатында, ізгі адам – жыл бойы ынта танытатын адам!» («әл-Ләтаиф» 396).

Айшадан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Расында, Алла үшін ең сүйікті істер – бұл тұрақты түрде орындалатындары, тіпті олар аз болса да!» Ал Айшаның өзі былай деген: «Егер Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үй-іші қандай да бір амалдарды орындайтын болса, олар оны кейін тастамайтын»(Муслим риуаят еткен).

Бұл хадистерден тұрақты орындалатын игі амалдар, тіпті олар аз болса да, белгілі бір уақыттарда ғана белсенділік танытудан жақсырақ екенін байқаймыз. Әбу Һурайра былай деп баяндайтын“Өз кезінде Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Бәлия ауданынан Исламды қабылдаған екі адамды бауырластырды. Олардың біреуі әскери жорық кезінде шәһид болды, ал екіншісі одан кейін бір жылдан соң қайтыс болды. Адамдар Алланың Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге екіншісінің табытын алып бара жатқан кезде Аллаға Ол оны досына қосуды дұға етіп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)«Сендер олардың қайсысын жақсырақ деп ойлайсыңдар?!», – деп сұрады. Біз: «Алла мен Оның Елшісі жақсырақ біледі, бірақ біз шәһид жақсырақ шығар деп ойлаймыз!», – деп жауап бердік. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ал ол одан (шәһид болғаннан) кейін (өмір сүргенде) Рамазан айында ораза ұстамады ма, әрі пәлен ракағат намаз орындамады ма? Олардың арасындағы айырмашылық аспан мен жердің арасындағыдай!», – деді Ахмад 1/163, (хафиз әл-Мунзири риуаят еткен).

Осы шарапатты хадисте өмірін Алла Тағалаға үзіліссіз құлшылық етумен өткізетін адамның ұлы жетістікке жететініне нұсқау бар.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның парыз етілуінің иләһи хикметін түсіндіріп: «Алла өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамның жеп-ішуін қойғанына мұқтаж емес», – деді (әл-Бухари 1903).

Имам Әбу Бакр ибн әл-Араби былай деп айтқан: «Кімде-кім осы хадисте айтылғанды істеген болса, оразасы үшін сауап алмайды» («Фатхул-Бәри» 4/177).

Осы хадистен түсінетініміз, егер ораза ұстаушы адам күнә жасауды, өтірік айтуды, балағаттауды доғармаса, онда Алла ондай кісінің тамақ пен судан және әйелімен жақындасудан бас тартқанына көңіл бөлмейді.

Ораза ұстау бұйрығындағы даналық мүміндердің жағымды, халал және игі нәрселерден тыйылуында ғана емес, бұл ораза ұстайтын адамға міндетті болса да. Әрі бұл оразаға енгізілген жалғыз талап етілетін нәрсе емес. Алла Тағала ораза ұстау туралы Өзінің әмірін «…әрине  тақуа боласыңдар» деген сөздермен аяқтайды.

Бұл «оразаның парыз етілуінің даналығы мұсылман адам ораза кезінде Алла Тағалаға құлшылықтарын көбейту керектігінде, бұрынғысына қарағанда бойұсынғыш болуы және жамандықтың барлығын тастауы керектігінде» дегенді білдіреді.

Ораза – бұл тек ішіп-жеуден тыйылу емес, оған қоса бұл балағаттау, ғайбаттау, өтірік айту, өсек айту, жалған куәлік беру сияқты баршаға белгілі тыйым салынған істерден бас тарту болып саналатыны бізге айқын болды. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте, Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Ораза – бұл жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ақиқатында, ораза – бос сөздер мен жаман сөздерден тыйылу» (Ибн Хузайма, Ибн Хиббан, әл-Хаким. Хадис сахих. («Сахих әт-тарғиб» 1082).

Әрбір мұсылман оразаны бұзатын істер – бұл тек бәріне мәлім болған ішіп-жеу мен жыныстық қатынас жасау сияқты дене амалдары ғана емес екенін білуге міндетті. Оразаның мәні бұлардан тыйылуда ғана емес.

Әрбір мұсылман Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тіл кесапаттарына қатысты көптеген өсиеттерін есте сақтап жүруі қажет. Жаман немесе пайдасы жоқ нәрселерді айтқаннан гөрі, үндемеген абзал, әсіресе осы ұлы айда. Му`аз ибн Жәбәлдың сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Ақиқатында, сен сөйлемеген сайын игілікте болуды тоқтатпайсың. Ал сөйлей бастасаң, онда бұл (сөйлегенің) не сенің жағыңда болады, не саған қарсы болады» (әт-Табарани «әл-Кәбир» 2/73. Хадис сахих).

Ораза ұстаушы осы айда Аллаға құлшылық етуде және Оған бойұсынуда көбірек ынта-ыждағат танытуы керек. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Мұсылман – мұсылмандарға қолымен де, тілімен де зиян бермейтін адам» деген керемет хадисі бар (Бұхари, Муслим риуаят еткен). Адамдар келтіретін забірге төзіп, ешкіммен ұрысып-керіспей, дауысын көтермеуі керек. Егер ораза ұстаушыға біреу ұрысатын болса, онда ол барынша сабырлық танытып: «Менің ауызым берік!» – деп жауап қайыруы керек. Бұл туралы мына хадисте айтылған: «Сендерден ешкім ораза күнінде жаман сөздер айтпасын және дауысын көтермесін. Ал егер біреу оған ұрысатын болса немесе онымен жанжал туғызғысы келетін болса, онда ол: «Расында, менің ауызым берік», – деп айтсын» (Бухари, Муслим риуаят еткен).

Адам сондай-ақ күнәлардан аулақ болуға тырысуы, тыйым салынған нәрселерге қарамай, көздерін төмен түсіріп жүруі қажет. Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Қиямет күні үш адамның көздері Отты көрмейді: Алладан қорқып жылаған көздер, Алла жолында күзетші болған адамның көздері және Алланың тыйым салғанын көргенде, төмен қараған адамның көздері»

(«әс-Силсилә әс-Сахиха» 2673).

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соншалықты көркем мінез иесі бола тұра: «Алла, жаратылысымды әдемі қылып жаратқаныңдай, мінезімді де көркем ет» (Ахмад ибн Ханбал, Муснад, 1,403) деп үнемі Алла Тағаладан жалбарына сұраған.

Және Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына дұғаны көп оқитын еді:

«Ей мейірімділердің ең мейірімдісі Алла, мейіріміңнің хақы үшін денсаулық, амандық, аманатқа мұқият болуды, көркем мінезді болуды және тағдырыңа разы болуды нәсіп ет!»

Алла біздің де құлшылығымызды қабыл алып, көркем мінезділерден болуымызды нәсіп еткей!

 

 

Пікірлер Кіру