ҚЫЗҒАНЫШ АМАЛДЫҢ САУАБЫН ЖОЯДЫ

26 сәуір 2024 1555 0
Оқу режимі

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ... وَإِنَّ فَضْلَ الْعَالِمِ عَلَى الْعَابِدِ كَفَضْلِ الْقَمَرِ لَيْلَةَ الْبَدْرِ عَلَى سَائِرِ الْكَوَاكِبِ. (د)

Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деді: «...Әлбетте ғалымның жай адамнан ерекшелігі, он төртінші түнгі Айдың басқа жұлдыздардан жарық болғаны секілді». (Сүнен Әбу Дәуід)

Имам Ғазали былай дейді: 

“Aлла Tағала дін бауырына нығмет бергенде, сен екі түрлі күй кешесің. Біріншісі; бауырыңның ол нығметке ие болғанын жақтырмайсың, ол одан айырылып қалғанда қуанасың; бұл көре алмаушылық, қызғану деп аталады.

Ал екіншісі болса; бауырыңның қолында нығметтің болғанына және көбейгеніне ренжімейсің, мұнымен қатар, өз қолыңда да сондайдың болғанын тілейсің. Ал бұл қызығу деп аталады.

Хасан Басри (рах.): “Қызғаныш беті жабулы нәрсе. Оны сыртқа шығармайынша саған кесірін тигізбейді” деген. Қызғаншақ ешқашан қуана алмайды. Қызғанышы тек өзіне зиян береді, әрдайым уайым, мұң, қайғыға беріліп, күн көрісі ауырлайды. Көре алмаған адамына кесір тигізе алмайды.

Шайтан бір күні Перғауынның сарайына барып, есігін қағады. Перғауын  “Кім бұл?” дейді. Шайтан “Келіп тұрғанның кім екенін білмейсің, өзің қандай тәңірсің?” дейді. Перғауын мына сөзден келіп тұрған Шайтан екенін біліп, “Кір, әй, малғұн” дейді. 

Сөйлесіп отырып Перғауын Шайтаннан “Aлланың алдында екеумізден өткен жаман біреу табыла ма екен?” дейді. Шайтан “Иә, табылады. Сенің көршің бір әйелдің сиыры бар. Ол әйелдің көршісі соны көре алмайды. Міне, сол жаман. Сен ол қызғаншақ әйелді шақыр да, Алладан оған екі сиыр беруін сұра, ал өзіңе бір сиыр берсін де” дейді.

Перғауын әйелді шақырып, жаңағыны айтады. Жасамыз, күншіл әйел орнынан атып тұрып, “Түу, мен оның бір сиырын көре алмай жүргенде, екеуіне қалай шыдаймын” дейді. Шайтан “Міне, мына әйел сенен де, менен де жаман” деген екен. 

Қызғаншақ біреуге тас лақтырып, сосын ол тас кері ұшып өзінің көзін шығарғаны секілді. Күншілдің әр сөзі мен ісі оның амалдарын жоққа шығарады. Расында “Қызғаныш оттың отынды өртегені секілді жақсы амалдарды(ң сауабын) бітіреді (жоқ қылады)” деген хадис бар.

Пікірлер Кіру