Құрбан айт – құтты мерекеміз

18 тамыз 2018 15506 0
Оқу режимі

Серікбай қажы Ораз,
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти

Аса мейірімді, ерекше қамқор Алланың атымен бастаймын!

Жаббар Иеміз әл-қиссада әзіреті Ибрахим мен оның ұлы әзіреті Исмайылдың адалдығын өзгелерге үлгі етіп, мұқым мұсылман үмбетін құрбан шалуға бұйырғаны баршаға белгілі. Ислам тарихында Құрбан шалу рәсімі хижраның екінші жылы Сабук соғысынан кейін Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бастамасымен алғаш рет Мәдина қаласында жүзеге асты. Алла Тағала Құрбан шалу хақында Құран-Кәрімде: فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ «Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал»[1], – деп бұйырады.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зулхижжа айының оныншы күні таңертең күн арқан бойы көтерілгенде, жамағатпен бірге Құрбан айт намазын оқып, Құтба айтып, сахабаларын Құрбан шалуға үндеген. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Өзі бас болып, екі қойды құрбан етіп шалған. Осыдан кейін жыл сайын «Ид әл-Адха» мейрамында Құрбан шалу мұсылман үмбетіне діни дәстүр болып бекіді.

Ислам ғұламалары өз рисалаларында Құрбан шалудың хикметін таратып айтқанда көптеген діни ой-тұжырымдарды алға тартады. Әсілі, біз сөз етпесек те, мұсылман үмбеті бұл хикметті басынан кешіріп, діни құндылықтармен қатар өмір сүруде. Ғұламаларымыз мұсылмандардың осы психотехникалық діни тәжірибесін негізге ала отырып, ой-толғауларын ортаға салған. Сонымен, «Ид әл-Адха» (Құрбан айт) мерекесінің хикметтерін шиырып һәм тарқатып айтар болсақ:

Құрбан шалу – адалдық пен салиқалықтың нышаны!

Біріншіден, Құрбан айт – мұсылман үмбетін адал һәм салиқалы болуға шақыратын құлшылықтың бірі. Олай дейтін себебіміз, Хақ Тағала әзіреті Ибрахим мен әзіреті Исмайылдың басынан өткен қиссаны үлгі ету арқылы кәлима-шаһадат келтірген момын-мұсылманды адал әрі салиқалы болуға үндеген еді. Задында, Құдай Тағалаға адал һәм шынайы болған адам ғұмырында барлық істе де салиқалы бола алады. Керісінше, Ұлы Жаратушыға адал болмаған жан барлық істе опасыз болуы бек мүмкін. Алла Тағала мұсылмандарға Құран Кәрімде: فَاسْتَقِمْ كَمَا أُمِرْتَ «Бұйырылғанындай тура бол!»,[2] – деп әмір етеді. Сондай-ақ, Жаббар Хақ Құран Кәрімде: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اتَّقُواْ اللّهَ وَكُونُواْ مَعَ الصَّادِقِينَ «Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар»,[3] – деп, хақиқи сенімге салиқалы болуға және мұсылман үмбетін біріктіруші фактор шыншылдық екенін жеткізеді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адалдық адамды жақсылыққа, жақсылық жұмаққа жеткізеді. Адам адал болуды әдетке айналдырса, соңында (ақырет күні) сыддықтардың сапында тұрады. Өтірік айту адамды азғындыққа душар етеді, ал, азғындық тамұққа жетелейді. Кімде-кім өтірік айтуды әдетіне айналдырса, соңында Алланың құзырында жалғаншылардан болады»[4], – дейді.

Расында да, Ислам – күллі адамзатты адалдыққа үндейтін әрі туралықты ту еткен дін! Осы күнге дейін мұсылман үмбеті қандай жетістікке жетсе, ол Алла Тағалаға деген адал һәм салиқалы болуының арқасында еді. Мұсылман үмбеті қай уақытта жеңіліске ұшыраса, Алла Тағалаға деген атқақтаған ынтызарлығынан айырылып, пендешілікке бой алдыруынан болатын. Яғни, шынайы екенін дәлелдеп, ұшпаққа шықсын, ұжмақтың төрінен орын алсын деп Жаббар Иеміз құлдарын Құрбан шалуға бұйырады. Олай болса, мұсылман қауымының Алла Тағалаға деген адалдығын әйгілейтін сауапты істен құр қалмағаны жөн.  

Құрбан мерекесі – мейірімділікке үндейді!

Екіншіден, қасиетті Құрбан айт мерекесі мұсылман үмбетін бір-біріне жанашыр һәм мейірімді болуға үндейді. Әзіреті Исмайылдың талматұсына бәкі тақалғанда, оны құрбандыққа қимай, орнына көктен қошқар түсіруі, Алла Тағаланың шексіз мейірімінің бір көрінісі еді. Шынтуайтында, Жаббар Хақ – Рахман һәм Рахим! Алла Тағала Құран Кәрімде: وَقُل رَّبِّ اغْفِرْ وَارْحَمْ وَأَنتَ خَيْرُ الرَّاحِمِينَ «Раббым! Жарылқа, мәрхамет ет! Сен мәрхамет етушілердің ең жақсырағысың» деп айт»[5], – деп бұйырады.

Иә, Ұлы Жаратушы мейірімділердің мейірімдісі! Оның діні де мейірімнің үстіне құрылған дін! Ұлы Жаратушының соңғы Елшісі – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ «(Мұхаммед ғ.с.) Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік»[6], – деп айтпақшы, ол жер бетіне түгесілмес мейірім шуағын төккен теңдессіз тұлға! Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі ғұмыры мейірімділік пен шарапатқа тұнған десек асыра айтқандық емес. Хақ Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ізгілік үшін етінен ет кесіп беретін жансебіл зиялығы адамшылдықтың шыңы іспетті еді. Тіпті, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл фәни түгілі Хақ Тағаланың рахымдылығымен ақыретте де хақ сенімді ұстанушыларға өз мейірім-шапағатын төгеді. Бұл жөнінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мені мен сіздің айырмашылығымыз от жаққан адамның мысалы тәрізді. Жарық деп ойлап көбелектер отқа түсе бастайды. Әлгі от жағушы көбелектерді оттан қориды. Менде сол секілді сендерді оттан (тозақтан) қорып, етектеріңізден ұстаймын. Алайда, сендер қолымнан сусып шығып, қашасыздар»[7], – деп, өзінің мейірімімен екі дүниеде де мұсылман үмбетін азаптан қоритынын жеткізеді. 

Иә, Құрбан шалу – мұсылман баласын қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қоюға үндейтін діни жоралғы. Оның тарихын еске ала отырып, Алла-Тағаланың шексіз разылығы бар екенін сезініп, Хақтың бұйрығына бойұсынып, өзі үшін емес, өзгенің қамын жеп Құрбан шалу, сөз жоқ, қоғаммен рухи біте-қайнасып, көңіл тұтастығын құрып, кеуіл бірлеген сананың көрсеткіші деп айта аламыз.

«Ид әл-Адхада» – қоғам әділдікпен әдіптеледі

Үшіншіден, құрбандық шалу құлшылығы мұсылман баласын әділетті болуға баулиды. Алла Тағала Құран Кәрімде: عْدِلُواْ هُوَ أَقْرَبُ لِلتَّقْوَى «Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ»[8], – деп бұйырады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әділетті болған адамдар қиямет күні Алланың оң жағында нұрдан тұратын мінберде отырады»[9], – деп ғұмырын әділетпен өрген жандарды жәннатпен сүйіншілеген.

Шариғат өлшеміне сәйкес нисап мөлшерінде (сексен бес мысқал алтын немесе екі жүз дирхем күміс мөлшерінде күміс ақшаға тең мүлік) материалдық жағдайы бар мұсылман құрбан шалуға міндетті. Алла Тағала құрбандықтың еті туралы Құран Кәрімде:  فَكُلُوا مِنْهَا وَأَطْعِمُوا الْبَائِسَ الْفَقِيرَ «Одан өздерің де жеңдер және жоқ-жітікке де жегізіңдер»[10], – дейді. Осы тұста, шариғаттың Құрбан шалудағы қара қылды қақ жарған мына әділдігіне назар аударайықшы:

Әл-ауқаты орта деңгейдегі мұсылманның құрбандық етін үшке бөліп, бір бөлігін садақа етіп, бір бөлігін айттап келген қонақтарға ас-ауқат етіп беріп, бір бөлігін отбасына азық етсе, бұл сүннет амалға жатады.[11] Бақуатты мұсылманның құрбандықтың етін түгел садақа қылуы – мустахаб[12]. Ал, кедей-кепшіктің тұтас құрбандық етін өзіне қорек етсе де, оған да рұқсат етіледі[13]. Әлбетте, біз мұны шариғаттың әділеттілігін мойындататын үкімдер деп айта аламыз.

Қоғамда әл-әуқаты жоғары байлар мен жылдар бойы таңдайы қызыл көрмей, ашқұрсақ болып ғұмыр кешетін қаншама сіңірі шыққан кедейлер бар. Құрбан айт осындай жоқ-жітіктер үшін Алланың жасаған шарапаты, яғни, айт кезінде кедей-кепшіктің көңілдері райланып, қоғамның байлығын бірге бөліседі. Бұл әлеуметтік әділеттіліктің сақталынып, адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттырады.

Түйін: Алла сансыз шүкір, Қазақ елі бағымсыздыққа ие болғаннан кейін ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еңбек туралы» заңға өзгерістер енгізуімен (2005 жылы) Құрбан айт демалыс күні болып бекіді. Иә, Құрбан айт мерекесі күні ел тұрғындарының жүрегінде достық, бауырмашылдық, сүйіспеншілік, өзара құрмет, бір-біріне қол ұшын беру секілді сезімдері атойлайды. Ағайын-туыс, құда-жекжат, ұлт пен ұлыстың қарым-қатынасына бақ-береке еніп, сүйіспеншіліктің гүлі қауыз жарады. Ендеше, отандастарымызды және барша мұсылман қауымын келе жатқан Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала айттан айтқа аман-есен жеткізуді жазсын деп тілеймін!


[1] «Кәусар» сүресі, 2-аят.
[2] «Һұд» сүресі, 112-аят.
[3] «Тәубе» сүресі, 119-аят.
[4] Бұхари, Әдеп, 69; Мүслим, Бирр, 103-105
[5] «Му'минун» сүресі, 118-аят
[6] «Әнбия» сүресі, 107-аят
[7] Бұхари, Рикак, 26; Мүслим, Фадайл, 17-19
[8] «Мәйда» сүресі, 8-аят.
[9] Муслим, Имара; 1705
[10] «Хаж» сүресі, 28-аят.
[11] Әбу Дәуіт, Даһайиа, 10
[12] Науауи, әл-Мажму, VIII, 413
[13] Тахауи, Шарху ма‘ани’л-асар, IV, 185.

Пікірлер Кіру