Құранды жеңіл әрі жылдам жаттау үшін 10 кеңес

28 қазан 2019 15048 0
Оқу режимі

Алла Тағаланың хақ діні Исламның екі қайнар көзі бар: бірі – қасиетті Құран Кәрім, екіншісі – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мен сүннет жолы (өнегелі өмірі). Құран – ұлы періште Жәбірейіл (ғ.с.) арқылы хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға уахи етілген Алла Тағаланың сөзі. Болған оқиғаларға сай әрі тыңдағандар жаттап алуға жеңіл етіп 23 жыл бойы түскен. Содан бері оның бір сөзі де, бір әрпі де өзгермеген және өзгермейді де. Өйткені, оның қорғаушысы Өзі екенін Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шынында, Құранды біз түсірдік, оның қорғаушысы да әрине біз»,[1] – деп ескерткен.

Пендені азаптан құтқарып, бақытқа жетелейтін жалғыз жолбасшы – Құран Кәрім. Қасиетті Құранды ең әдемі, ең көркем түрде оқып, оны үмметіне көзінің қарашығындай етіп ұстауды насихат етіп қалдырған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ізінен ерген ұрпағы әрі үмметі болғандықтан, Құран Кәрімді оқып, түсініп және өмірінің сан қилы тұстарында өзімен жолдас етіп, мұнымен қоса өзге адамдарға үйретуден артық қандай бақыт болсын! Міне сондықтан да әрбір мұсылманның Құраннан үлесі болуға тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак сөзінде: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйренген және үйреткендерің»,[2] деп, оның аса маңызды екенін баяндайды. Ендеше, бізде бұл мақаламызда Құранды жеңіл әрі жылдам үйренудің жолдарына тоқтала кетейік:

1. Шынайылық. Ең бірінші көңіл аударатын дүниеңіз – бұл сіздің ниетіңіз болуы керек. Егер ниетіңіз дұрыс болса, Алла қаласа, сәттілікке қол жеткізесіз. Құранды адамдар сізді танып-біліп, құрметтеуі үшін емес, тек Алла және Оның разылығы үшін жаттауға ниеттенуіңіз тиіс. Осы ниетіңіз үшін Алла Тағала ақыретте сізге сый нәсіп етеді. Есіңізде болсын, ниетіңізді әркез жаңартып отыруыңыз қажет.

2. Тазалық. Дәретті болу және мүмкіндігінше құбылаға бет бұрып отырған абзал. Мүндағы мақсат – тек адамның сырты ғана емес, ішкі жан дүниесі де таза болуы. Өйткені, адамның ойы лас болса, көзін күнәдан тыймаса, Құран одан қашық болады.

3. Алғашқы қадам. Әріптердің махраждары мен дыбысталуын анық шығару. Бұл үшін міндетті түрде ұстаздың көмегіне жүгінген абзал. Бұны дұрыстамай, асығыстық жасап жаттауға кіріспеу керек. Өйткені қате жатталған аятты дұрыстау қиындыққа соқтырады.

4. Уақыт пен жерді таңдау. Көптеген хафиздер таң намазынан кейінгі уақытта Құран жаттауға кеңес береді. Бұл – ең қолайлы кез, өйткені ойымыз күйбең тіршіліктен таза болады. Сізді ешкім де, ешнәрсе де мазаламайтындай бір оңаша жерді таңдаңыз. Басқа нәрселерге көңіліңіз бөліне беретін болса, сіз Құран аяттарын есіңізде сақтай алмайсыз. Әсіресе, ұялы телефоннан ұзақ болыңыз.

5. Дағдылық. Құран жаттауға бір уақытты, белгілі бір орындарды және бір кітапты ғана қолдануға дағдыланыңыз. Мұсхафтардың бірнеше нұсқаларынан өзіңізге анағұрлым ұнайтынын таңдаңыз. Өйткені әртүрлі баспадан шыққан Құран сізді шатастыруы мүмкін.

6. Құранды тыңдаңыз. Жаттауға кіріспес бұрын өзіңіз таңдаған мәтінді бірнеше рет дұрыстап тыңдап алғаныңыз абзал. Осылайша сіз мәтінді жақсы әрі дұрыс жаттай аласыз. Тыңдау барысында  өзіңіз де қосылып оқып тұрыңыз. Дауысыңыздың әдемі ырғақпен шығуына септігін тигізеді.

7. Аудармасымен бірге жаттаңыз. Жаттауға кіріскен уақытта оның аудармасымен танысыңыз. Мәтіндегі араб сөздерін олардың мағынасымен салыстырыңыз. Өйткені мағынасымен жаттасаңыз, жылдам әрі әсерлі түрде санаңызда қалады.

8. Амалға асырыңыз. Жаттап алған аят, сүрелеріңізді достарыңызға немесе отбасы мүшелеріне оқып беріп отырыңыз. Ең жақсысы, әлгі адамның да сіз сияқты Құран жаттаушысы болғаны дұрыс болады. Осылайша сіздер бір-бірлеріңізге оқып бересіз. Сосын жаттап алған сүрелеріңізді намазда қолданыңыз, егер ұмытып қалар болсаңыз, Құранды ашып, есіңізге түсіретін боласыз. Ал уақыт өте келе аяттарды мүлде ұмытпайтын боласыз.

9. Табандылық. Жиі жаттаған сайын, жаттау үдерісі жеңілдей түсетін болады. Жүйелі болу аса маңызды, бір күнді де жібермей жаттаңыз. Аллаға құлшылық етуде демалыс деген болмау керек. Кем дегенде күніне 3 жолдан жаттап отыру керек, ал 5 жолдан жаттай алсаңыз, нұр үстіне нұр болады. Мұндай қарқынмен, Алла қаласа, бір 5-6 жылда хафиз болып шыға келуіңіз де ғажап емес.

10. Құранды жаттау, қайталау кестесін мүлтіксіз орындаңыз:

* Жаңа көлемді тағайындаған уақытыңызда жаттайтын болыңыз;

* Жаңа аяттарды жаттамас бұрын алғашқы жаттаған мәтіндеріңізді қайталап отырыңыз. Ең соңғы жаттағандар тез ұмытылатын болады. Осылайша, сіз алдында жаттағандарыңыз бен енді жаттайын деп отырған мәтіндеріңізді байланыстыратын боласыз. Сонымен қатар, бұл ми үшін де үздік жаттығу болады.

Алла баршамызға Құранды қатесіз әрі кәміл оқып, амал етуімізді және қияметте Құранның шапағатшы болуын нәсіп етсін!

Жұманазар Садырханов
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 


[1] «Хижр» сүресі, 9-аят.
[2] Бухари.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру